Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов ақылы жолдарға жаңа тариф енгізілмейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сондай-ақ жөнделмеген жолдар ақылы болмайды. Министрліктің ресми дерегі бойынша, қазір елдегі ақылы жолдарда жеңіл автомобиль үшін бір шақырымдық тариф – 1 теңге. Ал автобустар үшін ондағы орындық санына байланысты бір шақырымға 5-15 теңге аралығында. Ауыр жүк көлік иелері бір шақырымға 5 теңгеден 25 теңгеге дейін төлейді.
Айта кетейік, елімізде республикалық маңызы бар жолдардың жалпы ұзындығы – 25 мың шақырым. Күтіп ұстауға жыл сайын 40 млрд тг жұмсалады.
«Көрші елдерде ақылы жүйе бұрыннан бар. Ондағы тарифтік мөлшерлемелер біздің елдегі көрсеткішпен салыстырғанда әлдеқайда жоғары. Салыстырып қарайтын болсақ, Ресей Федерациясында жүк көліктері 1 шақырым үшін 22 теңге төлейді. Италия мен Германияда орта есеппен алғанда – 70 теңге. Беларусь Республикасында – 80 тг, ал Хорватияда жүк көлігі үшін жолда жүру 122 теңгені құрайды», дейді Атамқұлов.
Қазақ жол ғылыми-зерттеу институтының мамандары ауыр жүк көліктері үшін тарифті 38 теңгеге дейін көтеруді ұсынған болатын. Бірақ министрлік пен салалық ведомство бұл ұсынысты бекіткен жоқ.
«Қазір 2013 жылғы тариф қолданылып отыр», дейді ведомство басшысы.
2025 жылға дейін автожолдардың 11 мың шақырымына ақылы жүйені енгізу жоспарланған.