Мұнайлы ел болсақ та, біздегі бензиннің бағасы – қымбат, дизельдің құны – удай. Неліктен бұлай? Жуырда бензин бағасы тағы да көтерілді. Бұл жолы сұйық отынның қымбаттауына не әсер етті? Баға тағы да өсуі мүмкін бе?
Жанар-жағармай құю стансаларындағы бензин бағасы осы жылдың наурыз айынан бастап көтеріле бастады. Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарында да, әлеуметтік желілерде де жиі жазылып, тәуір-ақ талқыланды. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында көлігі барлар жиі пайдаланатын АИ-92 бензинінің 1 литрі 150 теңгеден 176 теңгеге дейін қымбаттады. FinReview.info сарапшылары осыған талдау жүргізіп көрген екен.
Ең алдымен, бензин бағасы-
ның қалай қалыптасатынына назар аударайық. Елдегі мұнай өңдеу зауыттарының қайта жаңғыртылғаны белгілі. Тек осыдан кейін ғана отандық кәсіпорындар ішкі нарықтың сұранысын толығымен қанағаттандыратын деңгейге жетті. 2018 жылдан бастап біздің зауыттар нарық қажеттілігінен 24 пайызға артық бензин шығаруға қабілетті. Осыны ескерсек, 2032 жылға дейін Қазақстанда бензин тапшылығына қатысты мәселе туындамауы керек. Әлбетте, бұл республиканың мұнай-газ секторы үшін маңызды. Өйткені осының нәтижесінде шетелден жеткізілетін қымбат бензиннің үлесі 32 есе төмендеді.
Демек қарапайым қисынға салсақ, Қазақстан ішкі нарықтағы бензин бағасын өзі-ақ қалыптастыра алады әрі елді арзан отынмен қамтамасыз етуге қауқарлы. Алайда іс жүзінде жағдай әзірше біз ойлағандай болмай тұр. Соңғы үш жылда мұнай бағасы айтарлықтай өзгерді. Біресе төмендейді, біресе өседі. Әйтеуір, тұрақты болған жоқ. Тиісінше, бензин бағасы біртіндеп өзгеріске ұшырады. Бұл да заңдылық.
– Мұнай өндіруші компаниялар ішкі нарыққа қара алтынның 30-50 пайызын өзіндік құны бойынша, яғни бір баррельді 25-30 долларға жеткізеді. Ал бензиннің бөлшек саудадағы құны оның мұнай өңдеу зауытындағы көтерме бағасына байланысты қалыптасады. Бұл жерде зауыттан жанар-жағармай құю стансасына жеткізуге дейінгі шығындар толық ескеріледі. Аталған шығындарға өнімді мұнай базасында сақтау, операциялық шығыстар, салықтар, банктік қызмет көрсету, қосылған құн салығы, жұмысшылардың еңбекақысы, алыс-беріс маржасы жатады. Бұл ретте баға белгілеудегі мұнайдың үлесі бар-жоғы 11-14 пайызды ғана құрайды. Ал жанар-жағармай құю стансаларының маржасы немесе таза пайдасы литріне небәрі 1-3 теңгеге зорға жетеді. Яғни кәсіпорындар ішкі нарықтың бензинге деген жоғары сұранысынан ғана табыс тауып отыр, – дейді FinReview.info сарапшылары.
Осылайша, сарапшылар бензин бағасына әсер еткен негізгі төрт факторды анықтаған екен.
Біріншіден, бензин тауар биржасында сатыла бастады. Бұл отын нарығын үйлестіруге жол ашады. ETS тауар биржасында бензин саудасын іске қосу орталықтандырылған сауда инфрақұрылымын дамыту және отын-энергетика секторының нарықтық экономикаға көшуі шеңберінде жүргізілгені белгілі. Бастапқы кезеңде елде өндірілетін бензиннің шамамен 10 пайызы биржа арқылы сатылатын болады. Кейіннен оның көлемі 15-20 пайызға дейін ұлғайтылмақ. Биржадағы бірінші сессия басталғаннан бері сауда-саттық нарыққа қатысушылар тарапынан жоғары сұраныстың барын байқатты.
Мәселен, алғашқы жеті сессияда АИ-92 және АИ-95 маркалы бензиннің 19 мың тоннасы сатылған. Аталған отын бойынша жалпы айналым 4 млрд теңгеден асты. Осылайша, бензинге қатысты алғашқы баға индикаторлары қалыптасты. Сауда-саттық жалғасатын бір аптада отын құны 169 мың теңге көлеміндегі бастапқы бағасынан 39 пайызға, яғни тоннасы 234,9 мың теңгеге дейін өсті. Демек литрі 125 теңгеден 174 теңгеге қымбаттады деген сөз. 12 сәуірде өткен сауда сессиясында АИ-92 бағасы литріне 155 теңгеден 174 теңгеге дейінгі аралықта құбылды. Тиісінше, жанар-жағармай құю стансаларындағы бөлшек сауда құны да көтерілді.
Екіншіден, мұнай өңдеу зауыттарындағы жөндеу жұмыстары кезінде елде бензин тапшылығы орын алуы мүмкін. Осындай қауіп туындайтыны рас. Мәселен, Атырау мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары электр энергиясын жеткізудегі іркілістерге байланысты уақытынан бұрын басталды. Бұл кейбір технологиялық қондырғылардың апаттық тоқтауына алып келді.
Өндірісті жоспардан тыс уақытта тоқтату Батыс Қазақстан облысында отын қорының тапшылығын тудырды. Ал одан туындаған дүрбелең бензин тапшылығын күшейтіп, өңірдегі бөлшек сауда бағасының өсуіне алып келді. Ішкі нарықты сұйық отынмен қамтамасыз ету үшін Павлодар және Шымкент мұнай өңдеу зауыттарындағы жоспарлы күрделі жөндеулер мерзімі шегерілді. Десе де бұл жұмыстар биыл қалай да жүргізіледі. Демек, жинақталған қордағы бензиннің жетіспеушілігіне қатысты мәселе тағы да туындауы ықтимал, – делінген FinReview.info шолуында.
Үшіншіден, бензин бағасы сұраныс/ұсыныс қатынасына байланысты қалыптасады. Отын бағасы 2015 жылға дейін мемлекеттік тұрғыдан реттеліп келді. Бастапқыда әкімшілік бақылау шаралары отынның босату құнын тікелей анықтаудан ғана тұрды. Бірақ 2011 жылдан бастап олар бензиннің ең жоғары құнын белгілеумен шектелді. Өткен онжылдықтың ортасында бұл шаралар жойылып, нарық мемлекеттің бақылауында бола тұра, еркін айналымға көшті. Мысалы, мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізу нарықтық бағамен емес, бұрынғыдай өзіндік құн бойынша жүзеге асырылады. Өз кезегінде, нарықтың еркін айналымы түпкілікті баға сұраныс пен ұсыныс көлемінен қалыптасатынын көрсетті. Мемлекет бұл процеске араласпайды және бұл салаға субсидия да қарастырылмаған.
Төртіншіден, Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ нарығы 2025 жылға қарай табыс әкеле бастауы тиіс. Ортақ нарық құру ЕАЭО-ға мүше елдер үшін энергия ресурстарының қолжетімділігін арттыруға және отандық өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Нәтижесінде, Одақ көлеміндегі бензиннің құны теңестіріледі. Демек бұл жағдайда Қазақстан бағаны тағы да көтеруі керек. Өйткені ЕАЭО елдері арасында ең төменгі баға біздің республикаға тиесілі. Атап айтқанда, Ресейде АИ-92-нің 1 литрі шамамен 250 теңге тұрады. Тиісінше, біздегі бензиннің құны 50 пайызға өсуі мүмкін. Тек сонда ғана Ресей мен Қазақстандағы баға теңеседі, – дейді сарапшылар.
Сондықтан мұнай-газ секторын дамыту және бағаны тежеу Қазақстан үшін өзекті мәселе болып қала бермек. Бұл ретте жағдайды оңалтудың бірден-бір жолы – мұнай өңдеуге барынша инвестиция тарту. Өйткені бұған салынған инвестициялар бензиннің өзіндік құнын төмендетуге оң әсер етпек.
Бензин – әлеуметтік маңызы жоғары өнім. Оның бағасы басқа тауарлардың құнына бірден әсер етеді. Яғни бағаның өсуі халықтың тұтыну қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Бұл экономика үшін тиімсіз, әлбетте. Сондықтан мұнай-газ секторын дамыту – біздің ел үшін маңызды стратегиялық міндет. Алайда өнеркәсіптік өндірісті ұлғайту үшін қаражат қажет.
2021 жылғы сәуір айының соңындағы жағдай бойынша өндірістік қуаттарды ұлғайтуға бағытталған айналым қаражатының 40 пайызы банк және банктік емес секторлардың қарыздарынан тұрды. Бұл дегеніміз – несие. Демек кәсіпорындардың алған несиесі бензиннің өзіндік құнында міндетті түрде ескеріледі. Өкінішке қарай, бұл біздің нарықты кез келген жергілікті және сыртқы факторларға жығып бермек.
Бұл жағдайда Қазақстан кредиттік жүктеменің бензиннің өзіндік құнына қатысты әсерін азайтуы қажет. Ол үшін отандық мұнай өңдеу зауыттары сыртқы нарықтарға отын өткізу географиясын кеңейту арқылы капиталды ұлғайтуы керек. Бұдан бөлек, өндіріс көлемін өсіруге мүмкіндік беретін инвестиция тарту маңызды. Өйткені бензиннің әлемдегі ең төменгі бағасы Қазақстанға тиесілі. Демек бензин экспорты инвесторлар үшін айтарлықтай пайдалы.