• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Маусым, 2021

«Жомарт түлек» жобасының шарапаты

1163 рет
көрсетілді

Биыл Жамбыл облысында осы өңірден шығып, бүгінде түрлі салада жетістікке жеткен танымал түлектерді жастарға таныту және үлгі ету мақсатында «Жомарт түлек» жобасы қолға алынған еді.

Бұл игі бастамаға Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев қолдау білдіріп, Тараз қала­сында өткен алғашқы түлектер форумына қатысушыларға құттықтау жолдаған болатын. Оны Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің басшысы Махмұт Қасымбеков жеткізіп, жерлестеріне жүрекжарды лебізін арнаған болатын.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған аталған жоба қазіргі кезде аймақтың барлық ауданында іске асырылу үстінде.

Шу ауданында өткен «Жомарт түлек» форумында да Махмұт Қасым­беков туған өңірінің өркендеуіне тілектестігін білдірген еді. Өзі білім алған Шу қаласындағы С.Сейфуллин атындағы мектеппен ұзақ жылдардан бері тығыз байланыс орнатып келе жатқан Махмұт Базарқұлұлы ауданға өзінің және Нұрсұлтан Назар­баев Қоры мен Nur Otan партия­сы­ның атынан кәдесый ретінде сәлем­демелер жолданатынын хабарлаған болатын. Сонымен қатар С.Сейфуллин атындағы мектеп­ті 1969 жылы бітірген түлектердің аты­нан жағдайы төмен отбасынан шық­­қанымен, оқу үлгерімі жоғары екі оқу­шыға Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетінде өз­дері қалаған кез келген мамандықта білім алуға мүмкіндік беретін грант таға­йын­дайтындығын жеткізді.

Жуырда Тұңғыш Президент – Елбасы Кеңсесінің қызметкері Санжар Әлиев Шу ауданына арнайы келіп, Д.Қонаев ауылдық округінде орналасқан Төле би атындағы орта мектепте өткен жиынға қатысты. Ол өз сөзінде «Жомарт түлек» форумының өте жақсы ойластырылған идея және игі іс-шара екенін атап өтіп, аудандағы еріктілер мен белсенді жастарды ынталандыру үшін оларға арнайы тігілген күртешелер мен кеудешелер тапсырды. Оған қоса, аудандық кітапханаға көркем әдебиет жанрындағы және қоғамдық-саяси мазмұндағы 500-ден астам түрлі кітап сыйлады.

Жиында Шу ауданының әкімі Нұржан Календеров «Жомарт түлек» жобасына алғашқылардың бірі болып қосқан қомақты үлесі үшін Махмұт Қасымбековке алғысын білдіріп, ауыл жастарына кітап сыйлау олардың рухани байлығын арттыруға сеп болатынын және мұның өскелең ұрпаққа да өнеге болатынын айтты.