Ақтөбе облыстық ЖИТС (жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы) емдеу орталығында жұқпалы иммун тапшылығы дертіне шалдыққан 800-ден астам науқас тіркелген. Соңғы жылдары осы медициналық мекемеде халықтың осал топтарымен жұмысты жандандыру мақсатында «Сенім бекеті» және «Достық» бөлімі ашылды. Екі бөлімнің де атқаратын жұмыстары өзара тығыз байланысты. «Сенім бекетінің» бір дәрігері, үш медбикесі, 5-6 аутрич қызметкері қауіп-қатер тобындағы есепте тұрған тұрғындарды бақылауда ұстап отыр. Жалпы, облыстық ЖИТС орталығы мамандары АИТВ жұқпасының кең таралмауы үшін жұқпалы вирус жұқтырғандарды көзден таса етпей, олардың орталық дәрігерлерімен қарым-қатынасының үзіліп қалмауына мүдделі.
«Сенім бекетінің» дәрігер-эпидемиологы Алтынай Артықбаеваның айтуынша, иммунтапшылық вирусы инфекциясы жыныстық қатынас жолдарымен, ине және анадан балаға сүт арқылы жұғады. Қазіргі уақытта медициналық орталықтағы «Сенім бекетінің» бір стационарлық, екі жылжымалы нүктесі бар. «Медицина қызметкерлері жыл басында бекітілген кесте бойынша күндіз және түнгі рейдтерге шығады. Күндіз нашақорлар жиналатын орындарға барып тексеру жүргізіп, есірткі тұтынушылардың қолданыстағы инелерін алып, қолдарына жаңа инелер береміз. Кейбір науқас өздері пайдаланылған инелерін орталыққа әкеліп тапсырып, жаңасына ауыстырып алады. Осал топтар арасында жыныстық жолмен жұғатын дерттердің қауіптілігі жөнінде түсіндіріп, тегін медициналық тексеріс жүргіземіз. Орталық дәрігерлеріне осал топтармен жұмысты үйлесімді ұйымдастыру үлкен жүк болғандықтан, аутрич қызметкерлердің көмегіне жүгіндік. Аутричтер – бұрын есірткі тұтынған адамдар. Олар нашақорларды тез табуға көмектеседі, шынын айтқанда, нашақорлар дәрігерлерге қарағанда, оларға көбірек сенеді», дейді Алтынай Артықбаева.
Аутричтер есірткі пайдаланушылардың инелерін алмастырып әкеліп, олардың инфекция жұқтырғандарын экспресс-тәсіл арқылы тексеруге көмектеседі. Облыстық ЖИТС орталығында әр жұма сайын дәрігерлер мен аутрич қызметкерлер ортақ үстел басында жиналып эпидемиологиялық жағдайды талқылап, алдағы аптаның жұмыс жоспарын құрады. Бұл жерде жұқтырылған иммун тапшылығы синдромынан өзге де вирусты гепатит, мерез, т.б. инфекциялардың таралуы туралы сөз болады.
Ақтөбе облыстық ЖИТС орталығының мамандары жастар арасында жыныстық қатынас арқылы иммунтапшылық вирусы инфекциясына шалдыққандардың көбейіп бара жатқанына алаңдайды. Оның есесіне, Ақтөбе облысында инемен есірткі тұтынатындар арасында ЖИТС-ке шалдыққандар азайды. Орталық дәрігерлерінің дерегіне қарағанда, өңірде 16-17 жастағылар арасында СК немесе мефедрон синтетикалық есірткілерін тұтынатындар қатары көбейген. Бұрын героинді тұтынатындар жиналатын орын полицейлерге мәлім болса, қазір синтетикалық есірткіні саудалаушы каналдарын табу өте қиын. Себебі олар есірткі саудасын интернет арқылы жүргізеді. Қазір көшелерде, дуалдарда қандай да бір интернет парақша белгісі салынған жазуларды көруге болады. Бұл синтетикалық есірткі сатушылардың нашақорларға жіберген құпия белгісі. Осы белгі арқылы нашақорлар телеграм сайтындағы парақшаларға кіріп, СК не мефедрон ұнтақтары тығылған мекенжайды табады. Есірткі саудалаушылар «бір затты бір жерге тастап кетуге» кездейсоқ адамдарды жұмсайды. Осы «қызметті» мектептің жоғары сынып оқушылары да өздері байқамай атқарып жүр. Дәрігерлер үшін де ЖИТС тарату қаупі бар азаматтардың тұрағын бақылап, жиналатын жерлерін анықтау оңай емес.
Жүкті әйелдердің арасында ЖИТС-ке шалдыққандарды анықтау үшін оларды жүктілік кезінде екі рет тексереді. Биылдан бастап дүниеге келмеген нәрестенің биологиялық әкесі де медициналық тексерістен өтетін болды. Олардың арасынан да иммунтапшылық вирусы инфекциясын жұқтырғандар табылып жатыр. Жалпы әрбір саналы азамат жылына екі рет ЖИТС орталығына келіп, инфекцияға ақысыз түрде тексеріліп отыруы тиіс.
Есірткі тұтынушылар арасында 16 жылдан бері аутрич қызметкер болып жұмыс істейтін егде жастағы Анна Путинцова 16-17 жастағылардың арасында ұнтақ түрінде таралатын СК және мефедрон есірткілерін тұтынатындар қатарының көбейгенін жасырмады. Қазіргі уақытта 1 кило мефедронның бағасы 20-25 мың теңге, СК оған қарағанда арзандау – 16-17 мың теңгеге сатылады. Бірнеше жыл бұрын Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің түнгі клубтарынан табылған осы синтетикалық есірткілер қазір әлемді жаулап алды. Қауіптілігі де сол, бір рет тұтынған адам оған тәуелді болып қалады. Қазіргі уақытта интернет арқылы таралатын СК мен мефедронның жолдарын кесу де құқық қорғаушыларға өте қиынға түсіп отыр. Себебі бұл жерде есірткі сатушы көрінбейді, көбінесе телеграм сайтына жүктелген қосымша арқылы сілтемемен сатылады. Есірткі тұтынушы киви-әмиян арқылы төлем жасаған соң оның смартфонына жасырылған жердің фотосуреті келіп түседі.
Аутрич Анна Путинцова синтетикалық есірткінің тұтқынына түскен жастар өз достарын қатарларына тартуға тырысады дегенді алға тартады. Көрінбес есірткі саудагерлері негізінен ауқатты отбасылардың балаларын нашақор етіп шығаруға аса мүдделі. Өйткені 20-25 мың теңгенің дозасын табу үшін нашақор үйінің барлық затын тасып, сатып, одан ұрлық жасауға көшеді. Колледж студенттерінің арасында есірткіге тәуелділер қатары артып жатқанын аутричтер жасырмайды. Оның бір белгісі – СК мен мефедронды иіскейтіндердің мұрындары үнемі қызарып жүреді. Нашақорлықтың келесі сатысына өткендер тамырларына инемен жібереді. Бұл – қауіпті саты. Осы синтетикалық есірткіден аман қалған адам жоқ.
Дәрігерлер аса қауіпті індеттің алдын алу үшін баланы жастайынан бақылаусыз жібермеу керек дейді. Өкінішке қарай, бүгінгі заманның қатал ережесі тіке мағынасындағы «ақшаңды аясаң – баладан айрыласың» қағидасын алға шығарды. Әке-шеше баласымен жиі әңгімелесіп, оны мазалап жүрген жайттар туралы ашық сөйлесіп, түрлі үйірмеге жазып, сабағын қадағалап жүрсе, баланың жаман ортаға жұғысуы екіталай. Нашақорлықтың құрығына түскендер негізінен, жалғыздық пен мейірімге шөлдеп өскен немесе шектен тыс еркелеп кеткен жасөспірімдер. Бұл жерде әке-шешенің баланың бетін қақпай өсіруі, шектен тыс өбектеуі де жасөспірімнің оң мен солды, жақсы мен жаманды айыра алмауына себепші болған. Көпшілік ата-ана баланың қолына сұраған ақшасын ұстата салып, оның қайда, қандай мақсатқа жұмсап жатқанынан хабарсыз. Баланы босбелбеу етіп өсіру де жақсылыққа әкеп соқтырмайды. Кейбір ата-ана баласын әскерге жібергісі келмейді. Әскер мен спорт ер баланың мінезін тәрбиелейтінін ескерсек, осы жағынан ата-ана жақсылап ойланғаны жөн. Отбасындағы қатыгездік, әке-шешенің ажырасуы, үйдегі ұрыс-керіс те мінез-құлқы қалыптаспаған баланы көшеге итермелейді. Сайып келгенде, қоғамдағы қордаланған барлық мәселенің түбірі тәрбиеге келіп тіреліп тұр. Бақылаусыз кеткен баланы көше тәрбиелейді. Ал көшемізде көрінбейтін жаудың көп екенін әрдайым ұмытпағанымыз жөн.