Павлодар облысы аумағындағы Ресей Федерациясының өңірлерімен шектесетін мемлекеттік шекараның «Қосақ», «Үрлітөбе», «Сұлуағаш», «Шарбақты» өткізу бекеттерінде індет таралмауы үшін қатаң бақылау жүргізілуде. Індет басталғалы Ресей, Қырғызстан елдерінен облысқа 111 799 адам келген. Шекара бекеттерінде күнделікті ПТР тест өткізілуде.
Жалпы, 1 446 шетелдіктің ПТР анықтамасыз өтуіне жол берілген жоқ. Бұл жайында облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаментінің мәліметінде айтылды. Мысалы, 31 мамырда өңірге Ресей аумағынан 520 адам келсе, оның 364-і жаяу және 156 фура жүргізушілері тіркелген. ПТР тексеру барысында індет белгілері бар 202 адам анықталған.
– Бекеттен тікелей карантиндік стационарға 9 жолаушы жіберілді, делінген хабарламада. – Сонымен бірге көршілес елдердің 11 азаматына ПТР-тест тапсырғаны туралы анықтамасы берілмегені үшін облысқа өтуге тыйым салынды.
Еліміздегі эпидемиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес, Павлодар облысы 17 мамырдан бастап «сары аймақта».
– Облыста індет жұқтырушылардың саны азаюда. 10-16 мамыр аралығында 698 жағдай анықталса, қазір бұл көрсеткіш төмендеді. 31 мамыр күні 65 індет жұқтыру жағдайы тіркелді. Тәуліктік өсім 0,4 пайызды құрайды. Осы уақытқа дейін облыста 22 900 адамнан індет жұқтыру анықталса, 21 092 тұрғын жазылып шықты, – дейді департамент басшысы Батырбек Әлиев.
Індет жұқтырушылардың азаюына шекара бекеттеріндегі тәртіп пен бақылаудың тұрақты жүргізілуі де әсер етті. Шектеулер енгізілген сәттен бастап бүгінге дейін бекеттерден өткізу тәртібі қатаң бақылауға алынған. Қазір бас санитар дәрігердің қаулысына сай, демалыс күндері келушілерге сауда үйлері, спа-орталықтар, бассейндер, жабық базарлар ашық, ал сенбі күндері сауналарға баруға рұқсат етілді, моншалардың да жұмыс уақытынан шектеулер алынды.
Ауданаралық жолаушылар автобусы мен шағын автобустар да шектеулерден кейін тасымал жұмысын бастады.
Еліміздің мемлекеттік шекарасындағы «Қосақ», «Үрлітөбе», «Сұлуағаш», «Шарбақты» өткізу бекеттерінде қазір де халықаралық тасымал мен жолаушылар ағыны қозғалысына тұрақты мониторинг жүргізу жалғасуда.