Халықаралық балаларды қорғау күніне және «2021 – Қазақстандағы балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылына» орай Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ұлттық академиялық кітапханада «Бала TIME» кітап фестивалі өтті.
1 маусым күні Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты 92 кітапханада 160-тан аса іс-шара ұйымдастырылды. Сондай-ақ фестиваль аясында әлеуметтік желілерде белгілі қоғам қайраткерлері, әртістер мен оқырмандардың қатысуымен «Кітап оқып, рухани бай бол!» республикалық онлайн-челленджі өткізілген.
Балалар әдебиетінің кітаптар көрме-жәрмеңкесі, «Алтын сапа» сыйлығының лауреаты, белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзаданың тәлімгерлерінің қатысуымен «Көрпе fest – 2021» аясында «Ата кәсібі – бала нәсібі» мега көрме-жәрмеңкесі де келушілер назарына ұсынылды. Сонымен қатар белгілі суретші-иллюстратор Қайрат Жәйірбек пен танымал дизайнер Рахима Мұкышеваның жеке көрмелері таныстырылды.
Фестивальдің басты іс-шарасы кітапхана жанынан «Бала TIME» балалар телеарнасының салтанатты ашылуы болып отыр. Сондай-ақ іс-шара барысында бірқатар белгілі автор мен жас дарынның жаңа кітаптарының тұсаукесері өтті.
Жиынға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, Парламент Мәжілісінің депутаты Берік Әбдіғалиұлы, жазушы Баянғали Әлімжан, балалар жазушылары мен әдебиеттанушылар қатысты.