Теннистен Парижде өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирінде бес жерлесіміз өнер көрсеткенімен, солардың үшеуі алғашқы айналымнан аса алмады.
Бұған дейін біз Александр Бубликтің ресейлік Данил Медведевтен және Михаил Кукушкиннің испаниялық Алехандро Давидович-Фокинадан жеңілгені жайында жазған едік. Көп ұзамай Юлия Путинцева сүрінді. Ол тунистік Онс Жабермен ойнады. 26 жастағы қарсыласы бұл күндері әлемдік рейтингте 22-орында тұр. Былтыр ол Аустралияның ашық біріншілігінде ширек финалға дейін жетіп, «Ролан Гарростың» төртінші кезеңіне шыққан. Міне, осындай сақа спортшыға Путинцеваның әлі жетпеді – 5:7, 2:6.
Сөйтіп жарыс жолында екі жерлесіміз ғана қалды. Бүгін Елена Рыбакина жапониялық Нао Хибиномен шеберлік байқасады. Ал Зарина Диас әлемдік рейтингте 14-орында тұрған бельгиялық Элисе Мертенспен кездеседі.