Қуаңшылықтың қиындығын тартып отырған Арал ауданындағы шаруашылықтарға жем-шөп жеткізіле бастады. Күні кеше ауданға 116 тонна жоңышқа шөбі апарылса, алдағы күндері 518 тонна мал азығы жеткізіледі. Қазір Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы және аймақтағы аудандармен келісімдер жасалуда, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Қыс-көктем мезгілдерінде қар мен жауын-шашын мөлшерінің аз болуына байланысты Арал ауданында қуаңшылық жағдайы орын алды. Мал саны мен мал азығының балансын ұстап тұру үшін аудандағы шаруашылық құрылымдары мал бастарын қысқарту бағытында жұмыс жасап жатыр. Ауыл тұрғындары, еріктілер және аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тарапынан кезекшілік ұйымдастырылуда. Қазір мал өлімі жоқ», деді Арал ауданы әкімінің орынбасар Еркін Әбішев.
Аймақ басшысының тапсырмасына сай аралдық шаруалардың мал азығы мәселесін шешудің жүйелі жоспары жасалынды. Мәселен, әр аптаның сенбі күні Арал ауданында ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізіліп, жем шөп нарық бағасынан 10-15 пайызға арзан бағада сатылады.
«Облыс шаруаларын мал азығымен қамту мақсатында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мал шаруашылығы бойынша тауарөндірушілерді мемлекеттік қолдау мақсатында өткен жылдан бастап «Ауыл шаруашылығы малдарының азығына жұмсалған шығындар құнын арзандату» бағытында субсидиялау басталды. Нәтижесінде облыстық бюджеттен 730,0 млн теңге бөлініп, 588 шаруашылық мемлекеттік қаржыны иемденді. Оның 42-сі аралдық шаруалар», деді облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Айнұр Тілеулеева.
Қазір ветеринария мамандары мен арнайы зертханашылар аудандағы елді мекендерді аралап, тексеру жұмыстарын жүргізуде. Өлген малдардан сынамалар алуда.
«Ауданда 8 ауылда малдардың өлу фактісі тіркелген. Зерделеу жүрігізіліп, сынама алынуда. Хаттама толтырып, барлығын тіркеудеміз. Зертхана мамандары 6 бас жылқыдан гастрофилез ауруына, 6 бас мүйізді ірі қарадан паренхиматозды ауруына талдамалар алды», деді облыстық ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Әнуарбек Дәрмағамбетов.
Малдардан бөлек аудан маңындағы дария мен суаттардан да сынама алынған. Сараптама қорытындысына сәкес төрт түліктің өлу фактісі неден орын алғандығы анықталып, тиісті шаралар қабылданатын болады.