Қазақстанда ішкі нарықтағы тауарлық газды көтерме саудада өткізудің жаңа шекті бағалары бекітілді, деп хабарлайды Egemen.kz Энергетика министрлігіне сілтеме жасап.
«Қазақстан Республикасының ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудада өткізудің 2021 жылғы 1 шілдеден бастап 2022 жылғы 30 маусымды қоса алған кезеңге арналған шекті бағалары бекітілді. Осы бұйрыққа сәйкес тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағалары өңірге байланысты орта есеппен 11 пайызға көтерілді», делінген ҚР ЭМ баспасөз қызметі хабарламасында.
Ведомство мәліметі бойынша, республикадағы ішкі газбен жабдықтау жүзеге асырылатын негізгі магистральдар белгіленген ресурстарын өтеді және диагностикалық тексерістердің нәтижесі бойынша олардың тозу деңгейі жоғары. Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде тек өңірлер бөлінісінде ғана емес, ел ауқымында да стратегиялық маңызды газ инфрақұрылымының 70 пайызын пайдалану мерзімі 40 жылдан асады.
Қазіргі уақытта ішкі нарықта бекітілген тауарлық газдың шекті көтерме сауда бағалары жеткізілетін газдың өзіндік құнынан төмен. Әртүрлі өңірде бекітілген көтерме сауда бағалары өзіндік құнынан 1,5-нан 2,5 есеге дейін төмен.
«Осыған байланысты, тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағаларын қазіргі деңгейде бекіткен жағдайда Ұлттық оператордың шығындары ұлғаяр еді, ал инвестициялық бағдарламалардың орындалмауы ақыр соңында газ құбырларының шектік ақаулар санының артуына әкеп соғады, бұл елімізге орны толмас нұқсан келтірері сөзсіз», деді Энергетика министрлігі баспасөз қызметі өкілі.