Еліміз тәуелсіздігін алған 1991 жылдан бастап, қазақ халқы – ұлттық болмыс-бітімін қалыптастыру, жаңадан мемлекет құру, оның саяси-экономикалық бағытын айқындау тәрізді өте маңызды тарихи міндеттерді жүктеді. Сонымен қатар тағдырдың жазуы, тәңірдің қалауымен көп ұлттың басы қосылған, мүддесі тоғысқан, туыстық тамыры бөлек, түп-тұқияны сан тарау, әлеуметтік көзқарасы әртүрлі халықтардың татулығын сақтап, ынтымағын ұйытып, берекесін біріктіру міндеті тұрды. Осы істерді абыроймен атқарып, ел ішіндегі тұрақтылықты сақтау арқылы алға қадам жасалды.
Ол үшін ең алдымен мемлекеттің айшықты рәміздерін қабылдап, оған күллі отандастарды иландыра білу қажет еді. Елді біріктіретін де, мемлекеттік сипатты айқындайтын да – рәміздер. Олар: Мемлекеттік Ту, Елтаңба, Әнұран болатын.
Мемлекеттік рәміздер – сол елдің өзіндік салтын, ерекшелігін, айрықша арман-аңсарын, ең бастысы тәуелсіздігін білдіретін қасиетті бойтұмары. Еліміз Конституциясының 34-бабында: «Әркім республиканың мемлекеттік рәміздерін қабылдауға міндетті» деп жазылған.
Рәміздер бұрынғы өткен дәуірлерден бері келе жатқан дәстүрлі нышандардың жалғасы. Бұрынғы өткен ата-бабаларымыз да мемлекет бірлігін Ту мен Таңба арқылы негіздеп отырған. Мысалы, зерттеуші А.Медоев Ойжайлау өңірінен тауып, ғылыми айналымға енгізген тастағы суреттерде ту көтерген салт аттының бейнесі бар. Ондай суреттер көне сақ, ғұн, түркі тайпалары мекен еткен өлкелерден жүздеп табылары хақ.
Осы орайда, өткен күндер тарихына көз жіберсек: 1992 жылы 4 маусым күні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы туралы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы туралы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны туралы, оның музыкалық редакциясы жайлы тарихи құжат қабылданды. 6 маусым күні Алматыдағы Абай атындағы опера және балет театрының ғимаратында Мемлекеттік рәміздеріміздің салтанатты тұсаукесері болып өтті. Осы күні Президент резиденциясы мен Парламент ғимаратының төбесіне Ту көтерілді.
1992 жылы 6 маусым күнгі Мемлекеттік рәміздердің тұсаукесер салтанатында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз тәуелсіздікке аңсап зарығып жеттік. Енді сол тәуелсіздіктің қасиетті белгілерін ерекше қадірлеуіміз керек. Елдігіміздің сыналатын бір тұсы осы. Әрбір азамат Қазақстанның Туын, Елтаңбасын, Әнұранын тұмардай қасиет тұтуы қажет» деп үлкен тебіреніспен сөзін аяқтаған болатын.
Елтаңба
Тәуелсіздігіміздің төл белгісі – Елтаңбаның авторлары: Жандарбек Мәлібеков пен Шота Уәлиханов. Сәулет өнерінің хас шеберлері жасаған жұмыс 1992 жылы 4 маусым күні республика Жоғарғы Кеңестің он екінші сайланған VIII сессиясында қабылданды.
Елтаңбаның жалпы формасы шеңбер түрінде. Бұл көшпенділер үшін ғаламдық жаратылысты бейнелейтін ұғым. Шеңбер – өмір ағысы мен мәңгілік даналықтың қайталануы. Далалықтар мифінде: дүние екі шеңберден тұрады. Бірі – үлкен шеңбер де, қалғаны соның ішіне орналасқан сансыз ұсақ шеңберлер. Осы үлкен шеңберде мәңгіліктің символы бар. Ал ұсақ шеңберлер құбылмалы һәм ауыспалы болады. Біздің халқымыз осы ұсақ шеңбердің негізі өзегін шаңырақ деп түсінген.
Шаңырақ – Елтаңбаның жүрегі іспеттес. Көшпенділер ұғымында шаңырақтан биік символ жоқ. Ол – киіз үйдің күмбезі. Күн сәулесін төрге шашатын нұр – ұясы. Ұлы қаған Шыңғыстың жасасы (заңы) бойынша көшпенділер шаңырақты қадірлеуге тиіс болған. Оның үстінен аттауға қатаң тиым салған. Көшкенде шаңырақты көшбасы түйеге немесе арбаға артып жүрген. Осы шаңырақ мемлекетіміздің Елтаңбасына түп негіз болды. Көк аспанның көгілдір мұнарында күлдіреуіші керіліп, таң шапағынан тараған нұрдай уықтар береке мен бірліктің бекем белгісі іспеттес.
Жылқы-пырақтар – киелі қанатымен шаңырақты қорғап тұрғандай әсер береді. Жылқыны далалықтар әуелден өздерінің «қанаты» деп түсінген. Бүгінгі біздің: «Ер қанаты – ат» деп жүрген мәтеліміздің түп төркіні осында. Жылқы – қажымас қайрат, мұқалмас жігердің бейнесі. Ол – ұшқыр қиялдың, жүйрік сезімнің, асыл мұраттың үлгісі. Ал пырақ-жылқы екі дүниенің көлігі. Пырақ (арабша Бурақ) ислам танымы бойынша Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбардың миғражға көтерілгенде мінген көлігі.
Бес бұрышты жұлдыз – Елтаңбаның қақ маңдайына орналасқан. Бұл әлемдегі бес құрлықпен Қазақ елі тең дәрежеде өмір сүреді дегенді білдірсе керек. Халқымыз: «Жұлдызың жансын!», «Жұлдызың жоғары болсын!», «Жұлдызың оңынан тусын!» дейтін шынайы тілектер айтады. Жұлдыздың көшпенділер үшін бағыт-бағдар айқындайтын астрологиялық мәні бар. Ол – өріс пен қоныстың, жауынгерлік жорықтың бағдаршамы.
Qazaqstan – деген жазу Елтаңбаның төменгі тұсына орналасқан. Бұл осы дүниенің кімдікі, қандай мемлекеттікі екенін білдіретін «төлқұжат». Тәуелсіздік алғанға дейін еліміз «Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы» деп аталды. Егемендіктен кейін еліміздегі көп ұлттардың ортақ билеу принципі, адам құқы мен бостандығы, саяси идеологиялық теңдігі сақталған бейбітшілікті ту еткен жаңа атау қажет болды. Сол себепті, Президенттің 1991 жылғы 10 желтоқсан күнгі Жарлығымен еліміз «Қазақстан Республикасы» деп аталды.
Осы ретте біз рәміздеріміздің авторлары, бүгінде марқұм болып кеткен Шота Уәлиханов және Шәкен Ниязбековтің көзі тірісінде жазып алған естелікті ұсынғанды жөн көрдік.
Шота УӘЛИХАНОВ:
– Мемлекеттік рәміздерге бәйге жарияланғаннан кейін күні-түні толғатып жүрдім. Содан бір күні түс көрдім. Түсімде Бурабайдың жағасында тұр екем, көлге қарасам аққулар жүзіп жүр. Бір аққу тік шаншылып аспанға көтерілді. Анықтап қарасам екі қанатының арасында таба нан бар екен. Таңданып тұрмын, таба нан күнге айналды. Бұл нан емес күн екен ғой деп, көзім салып қарап едім, нұрына жанарым шағылысып шыдатпады. Көзімді жұмып қайта ашсам, әлгі бейне шаңыраққа айналыпты. Таңертең тұрып аппақ қағазды алдым да дөңгелек сыздым. Екі жағына қанат салдым. Ортадағы шеңберді шаңырақ жасадым. Екі қанаттың төменгі жағын біріктіріп «ҚАЗАҚСТАН» деген жазу жаздым. Осылай мен Елтаңбаны түсімде көрдім.
Мемлекеттік Ту
Мемлекеттік Тудың авторы – суретші Шәкен Оңласынұлы Ниязбеков. Туымыз көгілдір түсті. Ол – тыныштықтың, бейбітшіліктің, шексіздіктің белгісі әрі көк аспанның реңі. Қазақ халқы: «Төбең көкке жетсін... Көсегең көгерсін... Аспаның ашық болсын...» деген тәрізді алғыстарды көп айтады. Тудың ортасындағы «Алтын күн» жарық дүниенің бақыты. Сонау ерте заманда халқымыз Күнді қадір тұтып келген. Күнсіз өмір жоқ. Күн бүкіл ғаламды жарық нұрға бөлейтін жанды зат. Оның жылуы жерге нәр береді, қырық қатпар тамырын жібітеді.
Күн астындағы Қыран бейнесі алғырлықтың сипаты, еркіндіктің символы. Әлемдегі 230 шақты мемлекеттің ішінде 40-тан астамының ұлттық рәміздерінде осы қыран бейнеленген. Тудың бір шетіндегі «Қошқар мүйіз» ою өрнегі де алтын түстес. Ою ұлтымыздың қолданбалы өнерінің мұрасы есебінде, байырғы мәдениетіміздің тарихы терең екендігін аңғартып тұр. Тудың енінің өлшемі, ұзындығының жартысына тең.
Шәкен НИЯЗБЕКОВ:
– Қазақ ерте кезде көк тәңірге сыйынды. Көк аспанды тәңір тұтты, сол себепті тудың өңіне көк түсті таңдап алдым. Бұл бір. Екіншіден, Қыран құсты алған себебім: орта ғасырда қазақ даласын көктей өтіп, Моңғолдың ұлы ханы Құбылайдың ордасына барған, сонда 17 жыл тұрған, Еуропаға оралған соң көшпенділер туралы көрген-білгенін естелік етіп жазған италиялық атақты саяхатшы Марко Полоның кітабында: «әрбір көшпендінің үйінде бір-бір бүркіт тұрады» деген дерек бар. Сол себепті, күнің астына Қыранды орналастырдым.
Әнұран
Әнұран – бұрын-соңды сахарада туған барлық әндердің «атасы» һәм ел жүрегінің Отанына деген лүпілін сөз және музыка тілімен бейнелеген – зор рухтың туындысы. Былайша айтқанда, халқымыздың, мемлекетіміздің үні, музыкалық сәлемхаты іспеттес. «Әнұран жеке адам тіршілігінен гөрі, бүкіл бір қауымның өмір салтына, мемлекеттік іс-қимылына көбірек қатысты» дейді тұңғыш рәмізтанушы Ербол Шаймерденұлы марқұм.
2006 жылы 6 қаңтарда еліміздің қос палаталы Парламенті Мемлекетік Әнұранды өзгерту туралы ұсынысты талқылап, әйгілі сазгер Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» атты әнін лайық деп тапты. Бұл әннің шығу тарихы заманмен үндес. 1954 жылдары Тың өлкесі құрылып, оған солтүстіктегі бес облыс біріктірілді. Ел арасында «бұл өлке Ресейге қарап кетуі мүмкін» деген сөз тарады. Осыған қарсылық ретінде туған ән. Сөзін дарынды ақын Ж.Нәжімеденов жазған. Бірақ Елбасы оған уақыт, заман тұрғысынан өзгерістер енгізді. Осыны негіздей отырып Парламент депутаттары Н.Назарбаевты Әнұранның сөзін жазған екінші автор деп таныды.
Бұл әннің таңдалуы кездейсоқ емес. Бұған дейін жаппай халықтық сипат алған ресмиленбеген әнұран іспеттес еді. Осы бір бойтұмар жырда халқымыздың арман-аңсары, батырлық болмысы, ұлы далаға деген сүйіспеншілігі, бәрі-бәрі бар.