Батыс Қазақстан облысында соңғы күндері нөсер жауын жауып, асфальтсыз жолдарда жолаушылар зардап шекті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Орал қаласында арнайы қызмет орындарының кезекші бөліміне тұрғындардан мекенжайларды су басып жатқаны жөнінде 400-ден аса қоңырау түскен.
Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жанынан жедел штаб құрылып, 55-40-88 телефон нөмірі арқылы қоңырау қабылдауға кірісті. 4 маусым күнгі таңертеңгі жағдай бойынша, Орал қаласы тұрғындарынан 59 нысанды су басқаны жөнінде ақпарат түскен. Одан бөлек, департаменттің кезекші бөліміне – 8, «112» қызметіне – 272, «109» қызметіне – 151 тұрғын қоңырау шалып, көмек сұраған.
3 маусым күні түнде Орал қаласының бірқатар бөлігінде жарық сөніп, су беру тоқтатылған еді. Қаланы сумен қамтитын «Батыс су арнасы» мекемесінің 1968 жылы салынған №3 кәріздік-сорғы стансасында кәріздік коллектор жарылып, түнгі сағат 02.00. шамасында машина бөлімін су басқан екен. Сөйтіп, түнгі сағат 03.00-ден бастап Орал қаласына су беру тоқтатылған. Сол кезден бастап 23 қызметкер, 8 техника апаттық жөндеу жұмыстарына кірісіп, тоқтап қалған 5 сорғының екеуін таңда іске қосты. Қалаға су беріле бастады. Құтқарушылар бүгін күндіз қалған сорғылар да жұмысына кіріседі деп жатыр.
3 маусым күні кешкі сағат 21.00.-дан басталған нөсер жауынның әсерінен облыс орталығында 7 жеке тұрғын үйді, 40-тан аса ауланы, 8 әлеуметтік нысанның жертөлесін су басқан.
«Төтеншеліктер мен жергілікті атқарушы орган қызметкерлері түні бойы тыным тапқан жоқ. Таңғы сағат 9-ға дейін 2045 текшеметр су сорылып алынды. Құтқару жұмыстарына 125 адам, 45 техника қатысты. Ішкі істер қызметкерлері де түнгі кезекшілікте бірге жүрді», дейді Батыс Қазақстан облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің өкілі Әнел Қайнеденова.
«Қазгидромет» мекемесінің хабарлауынша Батыс Қазақстан облысында қатты жел, нөсер жауын мен бұршақ қатері әлі де бар.
Табиғаттың тосын мінезінен жолаушылар да зардап шекті деген едік. 3 маусым күні Жәнібек ауданы, Өнегеауылының тұсында 6 адаммен жолда батпаққа батып қалған »Ларгус» автокөлігін №21 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері құтқарып алды. Жолаушылар Алматы қаласынан Жәнібек ауданына келе жатқан адамдар екен.
Сол күні Қазталов ауданы, Ақкөл ауылдық округі, Төремұрат қыстағы маңында «ВАЗ» автомобилі лайсаң балшыққа кептеліп, 6 адам, оның үшеуі бала, далада қалған. Оларды №17 өрт сөндіру бекетінің жеке құрамы құтқарды.
3 маусым күні кешкісін Орал қаласы «Металист» зауытын маңында Жайық өзеніне мас күйінде суға түсіп, ағып кете жаздаған 30 жасар келіншек құтқарылды. Осыған орай Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті суға батып кетуден адам өмірін құтқару кезінде көрсеткен ерлігі мен қайсарлығы үшін Виталий Сипливыйды алғыс хатпен марапаттады.