Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Түркияға әуе рейстерінің көбеюі туралы айтты. Ол жақын арада Анталияға рейстер мәселесі шешілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz
Анталияда чартерлік әуе рейстерін жаңарту жоспарланып отыр.
«Бүгін біз Түркиямен әуе қатынасы мәселесін талқыладық. Жазғы кезең басталды және дәстүрлі түрде көптеген қазақстандық Түркияға демалысқа шығады. Осыны ескере отырып, біз ведомствоаралық комиссияға бердік. Сондай-ақ, мәселе тиісті органдармен, Түркия Республикасындағы әріптестерімізбен пысықталып жатыр. Менің ойымша, жақын арада біз рейстер санын көбейтеміз, бірінші кезекте бұл Анталия болады», деді Атамқұлов халықпен есептік кездесу барысында.
Оның айтуынша, мәселе бір апта ішінде шешіледі және қазақстандықтар осы айда Анталияға ұшуы да мүмкін.
Сонымен қатар, министр бүгінгі таңда ішкі рейстер толық қалпына келтірілгенін, сондай-ақ аптасына 123 рейс жиілігімен 43 бағыт бойынша 14 елмен халықаралық рейстер реттелгенін атап өтті.