• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 04 Маусым, 2021

Ақын өз өлеңін Өскеменнің төрінде шырқады

692 рет
көрсетілді

Мемлекеттік рәміздер күніне орай Өскеменде Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, ақын Алмас Ахметбекұлымен шығармашылық кездесу кеші өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мемлекеттік рәміздер күніндегі іс-шара «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған ақын Алмас Ахметбекұлы мен жастар арасын байланыстыра отырып, патриоттық сезімді, рәміздерге деген құрметті арттыруды мақсат етті.

– Алғаш көк туды Қорғас шекара бекетінен елге өтіп келе жатқанда көрдім, байрақ алыста желбіреп тұрды. «Көк тудың желбірегені» – сағынышқа толы, жан тебірентер, рухты оятар ән деп ойлаймын. Атамекенге деген сағыныштан, көк байрағымызды көргендегі тебіреністен туған ән. Отанына жете алмай жүрген қазақтардың жүрек лүпілі, – деді Алмас Ахметбекұлы.

Ақын өмір жолы, балалық шағы туралы қызықты әңгіме өрбітті. Алмас АхметбекұлыҚытайдың Тарбағатай округінде дүниеге келген. 1982 жылы Іле педагогикалық институтының филология факультетін бітірген. Әдебиетке алты жасынан құмартқанын, он жылдай Қытайдың Шәуешек қаласында шығатын «Тарбағатай» әдеби журналында қызмет етіп, 1993 жылы елге оралғанын айтты.

Биыл алпысқа келген Алмас Ахметбекұлына шығыс қазақстандықтар құрмет-ілтипатын көрсетіп, иығына шапан жауып жатты. Жүрекжарды лебіздерін ақтарды.

– «Көк тудың желбірегені» әні ел Тәуелсіздігінің символына айналып, жастарды шабыттандырып келеді. Әр ақынның Отан алдындағы өз борышы бар, Алмас Ахметбекұлы осы парызын толық өтеді деп ойлаймын, – деді ШҚУ ректоры, профессор Мұхтар Төлеген.

Аманжолов университетінің жастары осы іс-шара аясында тұтас концерттік бағдарлама ұсынды. «Шабыт» студенттік театрының актерлері ақынның өлеңдерін жатқа оқып, университет түлегі Аян Қалымбек мерейтой иесіне арнау айтты. Патриоттық әндер шырқалды. Кездесу «Көк тудың желбірегені» әнімен аяқталды.