Шымкент қаласы бюджетінің өзіндік кірісінің басым бөлігін салықтық түсімдер құрайды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кірістер соңғы есепті бес жылда, атап айтқанда, 2016-2020 жылдар аралығында 53,7 млрд. теңгеден 145,3 млрд. теңгеге, яғни 2,7 есеге ұлғайған. Мұны Шымкент каласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Р.Мүлкеманов «инстаграм» желісіндегі тікелей эфир барысында баяндады.
Ведомство басшысының айтуынша, динамикалық ұлғаюдың қарқыны қаланың республикалық маңызы бар статусын алғаннан кейінгі жылдарда байқалады.
Жыл басынан бері қаланың кіріс көлемі 124,1 млрд. теңге болып бекітілді. Оның ішінде: салықтық түсімдер 122,5 млрд. теңге, салықтық емес түсімдер 0,6 млрд. теңге, негізгі капиталды сатудан түсетін түсім 1 млрд. теңге.
Қала бюджетінің кіріс көздеріне егжей-тегжей талдау жұмыстарын жүргізу нәтижесінде 28,3 млрд. теңге қосымша кіріс көздері анықталып, 2021 жылдың наурыз айындағы қалалық бюджетті нақтылау барысында өзіндік кіріс көлемі 152,4 млрд. теңгені құрап, 22,8% ұлғайды.
Елімізде кірістер, бюджет кредиттерін өтеу сомалары, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түскен түсімдер, сондай-ақ, қарыздардың түсімі жалпы бюджеттік кіріс болып саналады.