Қазақстан 1991 жылы тәуелсіздігін жариялағанда ресми түрде бірінші болып мойындаған АҚШ екені мәлім. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас жақсарып, өзара ынтымақтастық нығайып келеді. Сауда-экономикалық байланыс та жолға қойылған. Елімізге салынған АҚШ инвестициясы да аз емес. Осы орайда дербес даму жолына түскен еліміздің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Уильям Мозерді әңгімеге тартқан едік.
– Қазақстанның тәуелсіздігін алғаш ресми мойындаған мемлекет – АҚШ болғандығы белгілі. Осы орайда тарихқа сәл көз жүгіртіп, АҚШ-та Қазақстанның тәуелсіздігін мойындау шешімі қалай өткендігін айтсаңыз.
– Шынымен де, Америка Құрама Штаттары Қазақстанның тәуелсіздігін 1991 жылдың 25-ші желтоқсанында мойындады. Біздің Елшілік 1992 жылы қаңтарда Алматыда ашылды, содан кейін 2006 жылы Астанаға (қазіргі Нұр-Сұлтан) көшті. Ал 2009 жылы Америка Құрама Штаттары Орталық Азиядағы жалғыз АҚШ консулдығын – Алматыдағы консулдықты ашты. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері тамыры терең және кең ауқымды қарым-қатынас орнады.
Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мемлекет ретінде 2021 жылы 30 жылдық мерейтойды бірге атап өтетінімізді мақтан тұтамыз. Мен отыз жылдық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу АҚШ-Қазақстан қарым-қатынасына үлкен пайда әкелгеніне сенімдімін. Байланыстарымыз дәл қазіргі кезде өте мықты.
– Қателеспесем, 1991 жылы елімізге алғаш болып АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джеймс Бейкер келді. Сол кезде талқыланған басты мәселенің бірі – ядролық қару мен Қазақстандағы оқтұмсықтар болатын. Кейінірек Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартты. Сол кезеңде еліміздің бұл шешімін америкалықтар қалай қабылдады?
– Дұрыс айтасыз. Мемлекеттік хатшы Бейкер Тәуелсіздік жарияланған күннің ертеңіне 1991 жылы 17 желтоқсанда Қазақстанға келді. Бұл біздің қарым-қатынастарымыздың басынан бастап қаншалықты маңызды болғандығын көрсетеді.
Тұңғыш Президент Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту туралы шешімі әрдайым ядролық қаруды таратпау тарихындағы маңызды сәттердің бірі ретінде есте қалады. Біз сол кезде бұл шешімді қолдадық. Қазір Қазақстанды ядролық қаруды таратпау мәселесі бойынша әлемдегі көшбасшылардың бірі ретінде мойындап келеміз.
Шын мәнінде, Америка Құрама Штаттары бұл бағытта Қазақстанның серіктесі болғанына 27 жылдан асты. Мәселен, 24 атом бомбасын жасауға жеткілікті 600 килограмм уранды Қазақстаннан әкетіп, оларды АҚШ-та залалсыздандыру бойынша өте табысты екі жақты жасырын операция – Sapphire жобасы жүргізілді. Елдеріміз 1400-ден астам ядролық оқтұмсықты Ресейге беруде ынтымақтасып жұмыс істеді.
Бұрын ядролық сынақ үшін пайдаланылған 181 тоннель мен 13 ұңғыманың жойылуын жеңілдетуге көмектестік. Ақтаудағы БН-350 реакторынан 10 тонна жоғары байытылған уран және 3 тонна қару-жарақ деңгейіндегі плутонийді жаңа, қауіпсіз, ұзақ мерзімді сақтауға қолайлы қоймаға жеткізуге жәрдемдестік. АҚШ үкіметі Ядролық физика институтына 8 ядролық қаруға жететін 200 килограммнан астам жоғары байытылған уранды жоюға, оның қоспасын азайтуға көмектесті.
АҚШ Энергетика департаменті ядролық сынақтардың экологияға тигізетін зиянды қалдығын болдырмай, оны қауіпсіз және толықтай тазартуға ұмтылады. Мұндай қалдық АҚШ-та да, Қазақстанда да бар. 2019 жылғы желтоқсанда Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығының бір топ маманы Невада полигонына барып, екі алаңды тазарту тәжірибесін бөлісті, болашақтағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Невада мен Семейдегі сынақ алаңы (полигон) жабылғаннан кейін де, елдеріміз осы салада әлемді қауіпсіз ету үшін бірлескен жұмыстарын жалғастырып келеді.
– АҚШ саясаткерлері Қазақстанның 30 жыл ішіндегі жетістіктерін қалай бағалайды?
– Меніңше, Қазақстанға қатысты салада жұмыс істеген көптеген АҚШ саясаткерлерінің берген бағасы жоғары. Кейінгі 30 жылдағы өзгерістер орасан зор дейді. Сондықтан Қазақстанға және Орталық Азияға саясаткерлердің ғана емес, ең бастысы жеке бизнестің, студенттердің, туристердің және басқалардың қызығушылығы артқанын байқаймыз.
Мемлекеттік хатшы Энтони Блинкен жақында Қазақстан Премьер-Министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді мырзамен сөйлескен-ді. Мемлекеттік хатшы Америка Құрама Штаттарының Қазақстанның егемендігін, аумақтық тұтастығы мен тәуелсіздігін қолдайтынын растады. Тараптар COVID-19 пандемиясынан кейін екіжақты және аймақтық ынтымақтастықты кеңейтуге үміт артып, экономикалық ынтымақтастықтың бағыттарын және жеке секторға инвестиция құюдың маңыздылығын талқылады.
Мемхатшы Блинкен Қазақстан үкіметінің саяси және экономикалық реформалар мен парниктік газдар шығарындыларын азайту жөніндегі жаңашылдыққа деген ұмтылысын қолдады. Әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейту мен экономикалық ілгерілеуде алға қойылған мақсаттарына ынтымақтастық көрсететінін білдірді.
– 1992 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-қа алғаш рет іс-сапармен барды. Содан бері екі ел арасындағы қарым-қатынас нығая түсті. Қазіргі таңда екіжақты байланыс қандай бағыттарға негізделген?
– Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның саяси аренасында маңызды тұлға болып қала береді. Қазақстанның соңғы 30 жылдағы дамуы оның басшылығымен тығыз байланысты. Екіжақты берік ынтымақтастық Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және оның әкімшілігімен одан әрі жалғастырылды. Қарым-қатынасымыз саяси тұрғыда ғана емес, сонымен қатар қазақстандық қоғаммен ынтымақтастық пен серіктестіктің барлық спектрін қамтитынын атап өту маңызды.
Америка Құрама Штаттары тәуелсіздік алғаннан бергі уақыттан бастап Қазақстанмен арадағы серіктестікке берік. Өзара 30 жылдық серіктестігіміз Орталық Азиядағы қауіпсіздік, даму, өркендеу және негізгі бостандықтар туралы міндеттемеге негізделген. Алдағы жылдары экономикалық, қауіпсіздік және адамдар арасындағы байланыстарды нығайтуға үміттенеміз.
– Екіжақты тауар айналымы да маңызға ие. Осы орайда кейінгі кездегі сауда-экономикалық байланыстар туралы айта кетсеңіз.
– АҚШ пен Қазақстан халқы үшін экономикалық мүмкіндіктерді әртараптандыруға және кеңейтуге көмектесу үшін екіжақты сауда мен инвестицияларды ұлғайтуға міндеттіміз.
Тарихи тұрғыдан алғанда, АҚШ-тың Қазақстанға салған инвестициясы ең алдымен АҚШ компаниялары Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап айналысып келе жатқан мұнай-газ секторына бағытталған. Chevron және ExxonMobil бірлесе отырып, Қазақстанның үш ірі мұнай-газ жобаларына – «Теңіз», «Қашаған» және «Қарашығанаққа» үлкен инвестиция құйды.
Осы жобаларды іске асыратын үшеуі – Қазақстандағы ең ірі компаниялар. Сондай-ақ үкіметтің бюджетіне төленетін барлық салықтың 20 пайыздан астамы осы компаниялардың үлесіне тиесілі. Бұған аталған компаниялардың әлеуметтік жобаларға, қоғамның әл-ауқатын жақсартуға және адами капиталды дамытуға жұмсаған қаржысын қосыңыз. Біз осы компаниялардың 30 жыл ішінде Қазақстанның экономикалық дамуына қосқан керемет үлесін мақтанышпен айтамыз.
Қазақстан өз экономикасын әртараптандыруды көздеп отырған кезеңде АҚШ компаниялары үшін осы бағытқа үлес қосудың зор мүмкіндіктерін көріп отырмыз. Дәл қазір ауыл шаруашылығы саласы ерекше қызығушылық тудырады. Valmont компаниясының Қазақстанда қолдан суландыру жабдықтарын шығаратын зауыт, Tyson Foods компаниясының сиыр етін өңдеу қондырғысын салуды жоспарлап отырғаны жөніндегі жаңалықтарды естіп қатты қуандық.
Сонымен қатар электр қуатын өндіру, авиация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, денсаулық сақтау, туризм, логистика және ғарыштық технологиялар сияқты салаларда мүмкіндіктердің бар екенін көріп отырмыз. Біздің елшіліктің атқаратын басты рөлдерінің бірі – АҚШ-тың инвестициясын Қазақстанға көбірек тарту мақсатында қолайлы жағдай жасау. Сондай-ақ Қазақстан үкіметімен тығыз жұмыс істеу және көмектесу. Шетелдік инвестицияларды көбірек тарту үшін Қазақстанға заңның үстемдігін қамтамасыз ету мәселелерін жақсарту, әсіресе салық саясатындағы ашықтықты арттыру және сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі реформаларды жалғастыру қажет.
Кейінгі 30 жыл ішінде экономикалық қатынастарымыз Қазақстан экономикасымен қатар кеңейіп, тұрақты өсіп келеді. Бүгінгі таңда Қазақстандағы Америка сауда палатасы 200-ден астам компанияны қамтыған. Салыстырмалы түрде қарасақ, 1998 жылы осында қызмет еткенде палатада 35-тен асар-аспас америкалық фирма бар еді. Бұл АҚШ бизнесінің Қазақстанмен серіктес болуға деген үлкен қызығушылығын айқын көрсетеді. Біздің мақсатымыз – алдағы 30 жылда одан әрі өркендеу мен өсудің жалғасын көру.
Негізі, экономикалық қатынастарға және АҚШ-тың үлкен инвестициясына ықпал ететін бір нәрсе – қазақстандықтардың әлемдік коммерцияның, ғылым мен білімнің тілі ретінде ағылшын тілін жетік меңгеруі. Елбасының ағылшын тілін K-PhD оқытудың үш тілінің (үштілділік) біріне айналдыру туралы шешімі – көрегендік. Біз жылына 1 млн доллардан астам қаражатты дәл осы Қазақстанның педагогикалық университеттеріне болашақ ағылшын тілі мұғалімдерін ең заманауи әдістемелермен оқытуға көмектесуге және жоғары оқу стандарттарына сәйкес ету жұмыстарына бөлеміз. Бұл – екіжақты қатынастарымыздың болашағына және Қазақстанның өркендеуі мен тәуелсіздігіне бағытталған екі жаққа да пайдалы инвестиция.
– Қазақстан көпжақты сыртқы саясат ұстанатыны белгілі. Геосаяси тұрғыда Қазақстан АҚШ үшін қаншалықты маңызды?
– Қазақстанмен қарым-қатынасымыз мықты, тұрақты және берік, кеңейтілген стратегиялық серіктестікке негізделген. Біз осы серіктестік пен тығыз қарым-қатынасты бағалаймыз. Саясатымыз – Орталық Азия халықтарының әртүрлі серіктестерімен өздеріне тиімді шарттарға сәйкес өздерінің ұлттық мүдделерін еркін жүзеге асыруын қамтамасыз ету.
Америка Құрама Штаттары барлық Орталық Азия елдерінің бір-бірімен, көршілерімен және бүкіл әлем елдерімен дұрыс және өзара тиімді қарым-қатынаста болғанын қалайды.
АҚШ тарапы Қазақстанның демократияландыру жолындағы реформаларын қолдайды. АҚШ Қазақстанның осы реформалары әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына кіруге ұмтылысын жүзеге асыратынына үміттенеді.
– Қазақстанның халықаралық аренадағы басты бағыттарының бірі – ядролық қаруды таратпау және әлемде бейбітшілік пен татулықты сақтап қалу. Бұл тұрғыда АҚШ еліміздің бастамаларын қалай қабылдайды?
– Қазақстан – ядролық қаруды таратпау және қауіпсіздік бойынша АҚШ-тың маңызды серіктесі. Атом бомбасынан азат әлем құруға қатысты әртүрлі көзқарастарға қарамастан, барлығымыздың ортақ мақсатымыз – ядролық қарудың қаупін азайту. Қазақстанның ядролық қарусыз болашаққа деген адалдығы елдің өркендеуі мен тәуелсіздігін нығайту мақсатында маңызды болды. Сонымен қатар АҚШ алдағы тамызда Семей полигонының жабылуының 30 жылдығын Қазақстанмен бірге атап өтуді асыға күтеді.
– Дональд Трамптың кезінде АҚШ Ауғанстаннан әскерін шығаратынын мәлімдеді. Қазіргі таңда бұл шешім өзгеріссіз қалды ма, әлде америкалық сарбаздар Ауғанстанда қала бере ме? Джо Байденнің бұған қатысты ұстанымы қандай?
– 14 сәуірде Президент Байден АҚШ-тың әскерін Ауғанстаннан шығаруға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Америка Құрама Штаттары Ауғанстан үкіметімен тығыз байланысын жалғастыра береді. Ауған халқына көмектесуін тоқтатпайды. Мемлекеттік хатшы Блинкен айтқандай, АҚШ 2021 жылы Ауғанстанға 100 млн доллардан астам азаматтық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл – Ауғанстан халқына инвестиция салу және қолдау туралы міндеттемеміздің бір бөлігі.
Кейінгі 20 жылдағы жетістіктерге сүйенсек, бұл қаражат Ауғанстан азаматтары үшін маңызды қызметтерге қол жетімділікті жақсарту, экономикалық өсуге, сыбайлас жемқорлық пен есірткі саудасына қарсы күреске, денсаулық сақтау және білім беру қызметтерін жақсартуға, әйелдердің мүмкіндіктерін кеңейтуге қолдау көрсетуге, қақтығыстарды шешу механизмдерін нығайтуға, Ауғанстанның азаматтық қоғамы мен тәуелсіз БАҚ-ты қолдауға жұмсалады.
АҚШ әскерін шығарғанда Ауғанстанға әділ әрі берік бейбітшілік пен ауған халқының жарқын болашағы үшін азаматтық және экономикалық көмек көрсетуді қолданамыз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар саяси реформа жасағаны белгілі. Аталған бастамаларды америкалық саясаткерлер қалай қабылдады?
– Президент Тоқаевтың саяси реформалар күн тәртібін құптаймыз және қолдаймыз. Біз демократиялық реформалар жасалмай егемен мемлекетті нығайтып, тұрақты дамуға қол жеткізу мүмкін емес деп есептейміз. Сол реформалардың сәттілігінің кепілі – олардың тиімді жүзеге асырылуы. Азаматтық қоғамды, заңның үстемдігін нығайту және елдің экономикалық әлеуетін дамытуға көмектесу Президент Тоқаевтың реформаларының күн тәртібінде тұр. Ендеше, бұлар Қазақстандағы демократияны дамытуға қолдау көрсетеді.
Қазақстанмен серіктестігіміз адам құқығы және саяси реформалар сияқты мәселелерде бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Өзара қатынас барысында Қазақстан үкіметімен көптеген мәселелер бойынша үнемі пікір алмасып отырдық. Өйткені бұл – стратегиялық кеңейтілген серіктестігіміз аясындағы жұмысымыздың бір парасы.
Мен Қазақстанмен аймақтық және жаһандық мәселелерді ашық түрде талқылауға мүмкіндік беретін ашық диалогтың барын мақтан тұтамын. Екіжақты қарым-қатынасымыздың арқасында қиын тақырыптарда бір-бірімізбен ашық пікірталас жүргізе аламыз.
Мысал ретінде адам саудасы тақырыбын атап өтейін. Мемлекеттік департамент жыл сайын адам саудасына қатысты есеп шығарады. Онда елдердің, оның ішінде АҚШ-тың адам саудасына қарсы іс-қимылға қаншалықты күш-жігер жұмсағандығы бағаланады. Кейінгі екі жылда Қазақстан екінші деңгейдегі бақылау тізіміне енді. Қазіргі заманғы құлдыққа қарсы күресті жалғастыру, саудагерлерді жауапқа тарту және халықтың әлсіз топтарын қорғау үшін негізгі ұсыныстарды орындау және маңызды өзгерістер енгізу үшін Қазақстан үкіметімен жұмыс істеуге міндеттіміз.
– АҚШ президенті Джо Байденнің Орталық Азия, оның ішінде Қазақстан туралы ұстанымы қандай?
– Әрбір жаңа әкімшілікте әрдайым түзетулер мен өзгерістер енгізілетіні белгілі. Бірақ 30 жыл бойы Қазақстанмен қарым-қатынасымыз берік болып келді. Бұл жалғаса бермек. Президент Байден айтқандай, «Біз болашаққа бірге қараймыз». Байден әкімшілігі Орталық Азиядағы 2025 жылға дейінгі бағытымызды баяндайтын АҚШ-тың 2020 жылы жарияланған Орталық Азия стратегиясын мақұлдады. Біз тәуелсіз Орталық Азия мемлекеттерінің әлемдік нарыққа көбірек шыққанын, халықаралық инвестицияларға ашықтық көрсеткенін, мықты, демократиялық институттарды, заңның үстемдігін және адам құқықтарын құрметтегенін қалаймыз.
– Келешекте АҚШ Президентінің Қазақстанға келуі мүмкін бе?
– Мен осында тұрған жылдарда, елші ретінде де, сонау 1990 жылдары Алматыдағы елшіліктің қызметкері ретіндегі кезде де Қазақстанды көбірек танып-білгенді ұнататынмын. Сондықтан әрқашан біздің басшылықтың өзі келіп, сіздің елдің әсемдігі мен энергиясын өз көзімен көрсе екен деймін. Жақында АҚШ-тан көптеген жоғары деңгейлі қонақтар келді. Олардың ішінде Мемлекеттік хатшы да, Сауда министрі де бар. Бірақ дәл қазір Ақ үйдің сапарлары мен жоспарларына қатысты ақпарат бере алмаймын.
– Қазақстандықтарға айтар қандай тілегіңіз бар?
– Осы сұхбатты пайдаланып, баршаңызды мүмкіндігінше коронавирусқа қарсы вакцина жасатуға шақырамын. Әлемде вакциналар шығарылып жатыр, демек біз пандемияны жеңуге жақын қалдық.
Биыл қарым-қатынасымыздың 30 жылдығын бірге тойлап жатырмыз. Бұл бастамасы ғана. Мен Америка Құрама Штаттары мен Қазақстан арасындағы берік байланыстардың одан да көп уақытқа жалғасуын тілеймін.
– «Egemen Qazaqstan» газеті оқырмандарына лебізіңізді білдіре кетсеңіз?
– Бір ғасырдан астам уақыт бойы Қазақстанның тәуелсіз бас басылымы «Еgemen Qazaqstan» халыққа ақпарат таратып келеді. Әлем коронавирус дағдарысымен кездескен кезеңде журналистердің көрген-білгенін еркін баяндауы және адамдардың өз пікірін ашық айтуы өте маңызды. Сондықтан журналистерге өмірлік қызметі, азаматтарға анық ақпарат беруге ұмтылысы үшін алғыс айтамыз.
Жарты жылдан астам уақыт ішінде «Нью-Йорк Таймс» газетінің талдаулары, шолулары мен мақалалары «Egemen Qazaqstan» беттерінде қазақ тілінде жарияланғанына біз де қуаныштымыз.
АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі Қазақстанның журналистік кәсібилікті арттыруға, елдегі бұқаралық ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетін арттыруға талпынысын қолдайды. Келешекте де тәуелсіз Қазақстанның бас басылымы АҚШ пен Қазақстан арасындағы 30 жылдық берік ынтымақтастықтың жетістіктерін оқырмандарға жеткізе беретініне сеніміміз мол.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»