Еуропалық Одақ Беларуське тиесілі әуе компанияларының қарт құрлықтағы барлық әуе кеңістігі мен әуежайын пайдалануға тыйым салды. Бұған ресми Минскінің Ryanair компаниясына тиесілі ұшақты бортта бомба бар деген желеумен қондырып, оппозиция белсендісі Раман Пратасевичті тұтқындауы себеп болды.
Еуропалық одақ елшілері өткен жұмада осы мәселеге қатысты кездесіп, ортақ ұйғарымға келген екен. Соған сәйкес бұдан былай Беларусь әуе компанияларының ұшақтарының қонуы мен ұшуына рұқсат берілмейді. Сондай-ақ сенбіден бастап 27 мүше мемлекеттің аумағынан ұшып өте алмайды.
Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігі (EASA) Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі ұшақтардың Беларусь әуе кеңістігінде ұшуын немесе оның аумағына қонуын шектеп отыр.
Естеріңізде болса, Раман Пратасевичтің тұтқындалуын халықаралық қоғамдастық қатты сынға алған еді. Өз кезегінде Еуропалық Одақ бұған қатысты шара қабылдайтынын жеткізген-ді.
British Airways бұрынғы атқарушы директоры, қазіргі таңда Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (Iata) бас директоры Вилли Уолш әуе саяхатының саясат құралына айналғанына алаңдаушылық білдірді.
«Еуропалық әуе кемелеріне Беларусь әуе кеңістігін пайдалануға тыйым салу да – авиациялық қауіпсіздікті саясаттандырудың көрінісі. Бұл әуе қатынасы саласын дамытпайды. EASA тыйым салуды алып тастап, әуе компанияларының әдеттегідей жолаушы тасымалдауына мүмкіндік беруі тиіс», дейді ол.
Өткен айда ЕО басшылары оқиғаға қатысы бар адамдарға экономикалық санкция салу жөнінде шешім қабылдаған. Енді Брюссельдегі дипломаттар келесі аптада шенеуніктер мен ұйымдардың тізімін нақтыламақ.