Facebook Inc өткен аптада АҚШ-тың бұрынғы президенті Дональд Трамптың әлеуметтік желідегі парақшасын 2023 жылға дейін бұғаттады. Сондай-ақ компанияның ережелерін бұзған кез келген әлем басшысына да осындай шара қолданатынын ескертті.
Естеріңізде болса, Facebook компаниясы 6 қаңтарда Капитолийге жасалған шабуылдан кейін зерттеу жүргізіп, Трамп бұзақылыққа шақырғанын алға тартып, оның аккаунтын уақытша өшірген-ді. Енді екі жылға бұғаттауға шешім қабылдады.
Трамптың Twitter-ге кіруіне біржола тыйым салынған. Капитолийге жасалған шабуылдан кейін Alphabet компаниясы YouTube-ке кіруін уақытша шектеді. Трамп жақында ғана жеке блог ашқан, бірақ көп ұзамай ол да жабылып тасталды. Әйтсе де, ол өзінің жеке платформасын ашуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.
«Трамп мырзаның қызметінен уақытша шеттетілуіне себеп болған жағдайлардың ауырлығын ескере отырып, оның әрекеттері біздің ережелеріміздің өрескел бұзылуына әкеп соқтырды деп санаймыз. Бұл хаттамаларымызға сәйкес ең жоғары жазаға лайық әрекет», деді Facebook-тің жаһандық мәселелер жөніндегі басшысы Ник Клег.
Өз кезегінде Трамп бұл шешімді цензураның бір түрі және сайлаушыларына тіл тигізу деп сынады. Осылайша, 2022 жылғы қарашада өтетін аралық сайлауда Трамп әлеуметтік желісіз қалмақ. Дегенмен, келесі президенттік сайлауда парақшасын қайта аша алады.
«Facebook-тің шешімі – 2020 жылғы өрескел бұзылған президенттік сайлауда бізге дауыс берген 75 миллион адамды қорлау. Мұндай цензура мен үнсіздікке жол беруге болмайды. Біз жеңіске жетеміз. Еліміз енді мұндай қорлықты қабылдай алмайды», деді Д.Трамп өз мәлімдемесінде.
Сонымен қатар Трамп Ақүй тізгінін қолына ұстай қалса, Facebook-тің негізін салған Марк Цукербергті «оңдырмайтынын» ыммен жеткізді.