• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 07 Маусым, 2021

Шетел инвестициясы шектелмейді

1149 рет
көрсетілді

Пандемия кезінде пайда болған дағдарыс әлемдегі сауда-экономикалық қатынастардың архитектурасын айтарлықтай өзгертті. Соның салдарынан халықаралық тәжірибедегі ұлт­тық эгоизм, регионализм, протекционизм сияқты ескірген құбы­лыстар қайта бой көрсете бастады. Өкінішке қарай, бұл тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тәжірибесіне салқынын тигіз­ді. Мұны статистикалық деректер де растап отыр.

Мәселен, әлемді әбігерге салған 2020 жылдың қорытындысы бо­йынша жаһандық экономикадағы тікелей шетелдік инвестициялар кө­лемі 42 пайызға қысқарды. Әсі­ресе экономиканың өтпелі кезе­ңін­­де тұрған мемлекеттерге дағ­да­­рыс қатты әсер етті. Бұлар­дың шет­­ел­дік инвестициялар бойынша көр­­сеткіші 77 пайызға дейін азай­­ды. Сол секілді инвестиция тар­­ты­­латын жаңа жобалардың саны екі есе қысқарды. Мұндай жағ­­дай Қазақстанды да айналып өткен жоқ.

Сыртқы істер министрінің орын­басары Алмас Айдаровтың мә­лі­метінше, былтыр біздің елге тар­тылатын тікелей шетелдік инвестициялар 30 пайызға азайған. Дегенмен дер кезінде қабылданған шаралардың нәтижесінде елге 17,1 млрд доллар инвестиция құ­йылды. Жалпы, соңғы 10 жылда Қазақ­станға жыл сайын орташа есеп­пен 24 млрд доллар инвес­тиция тартылып отырған. Тек, дағ­дарыс орын алған 2015 және 2020 жылдары ғана көрсеткіш ай­тар­лықтай құлдырады.

– Былтыр бұған дейін бастал­ған жобаларды жүзеге асыруға ба­сым­­дық берілді. Соның нәти­жесінде 41 инвестициялық жоба іске қо­сыл­ды. Бұған шетел­дің 1,6 млрд дол­лар көлеміндегі инвестициясы тартылды. Сөйтіп, елімізде 7 мың­нан астам жұмыс орны ашылды, – дейді А.Айдаров.

Өткен жылы шетелдік инвес­тор­­лар жүзеге асырған ірі жоба­лар­­дың қатарында Түркістан об­лы­сы­ның жаңа әуежайы бар. Оның құ­ры­лысына Түркияның YDA Holding компаниясы 206 млн дол­лар жұмсаған. Бұдан бө­лек, түріктер 173 млн долларға Маң­­ғыс­тау облысында туристік-қо­нақ­үй кешенін салды. Франция ин­весторлары Жамбыл облысын­да 10 МВт-тық күн электр стан­­сасы­ның құрылысына 130 млн дол­лар бағыттады. Герма­ния­ның Linde Group компания­сы Қа­ра­ған­ды облысындағы тех­ни­калық газ­дар өндірісіне 83 млн теңге көле­мінде инвестиция құй­ды. Оң­түс­тік Корея HYUNDAI мар­­калы авто­көліктердің өндірісі үшін 58,5 млн доллар жұмсады. Ни­­дер­­ландтың FoodVentures ком­па­­ниясы Ақтөбе облысындағы бесін­ші буынды жылыжайдың екін­ші кезеңі үшін 22,3 млн доллар бағыттады.

Статистикаға сүйенсек, был­тыр Қазақстанға бағыттал­ған тікелей шетелдік инвести­ция­лар­дың 90 пайызы әлемдегі негіз­гі 14 донор мемлекеттен құ­йыл­ған екен. Олар­дың қатарында Еуро­палық одақ­қа жататын Нидер­ланд, Швей­цария, Бельгия, Франция, Германия, Италия бар. Бұдан бөлек, АҚШ, Ұлы­британия, Ресей, Қытай, Оң­түстік Корея, Түркия, Жапония және Біріккен Араб Әмірліктері біздің елге инвестиция тартқан.

А.Айдаровтың пікірінше, ті­ке­лей шетелдік инвестициялар ағыны 2022-2023 жылдары пан­демияға дейінгі қалпына кел­мек. Ал негізгі меже – 2025 жылға қарай инвестиция көлемін 30 млрд долларға жеткізу. Бұл ретте, инвес­тициялардың жалпы кө­ле­міндегі шикізаттық емес сек­тор­дың үлесін ұлғайту көзделіп отыр.

– Коронавирус пандемиясы эко­­номикалық қауіпсіздікті қам­та­масыз ету қажеттігін көрсетті. Осы­ғ­ан байланысты фармацевтика, өңдеу өнеркәсібі және азық-тү­лік салаларына инвестиция тартуға барынша басымдық бері­леді. Бұл – бір. Екіншіден, ин­вес­­­­ти­ция­лар тарту жөніндегі сая­­­сат­ты іске асыруда негізгі ек­пін ло­­гис­­тика, цифрлық және «жа­сыл технологиялар» жаңа кен орын­­дарын барлау секілді шет­ел­­дік инвесторлар­дың қы­зы­ғу­шы­лы­ғын тудыратын сала­ларға ба­­ғыт­­талатын болады, – дейді Сырт­қы істер министрінің орынбасары.

Бүгінде Қазақстанда инвес­тиция тартудың үш деңгейлі жүйе­сі құрылған. Онда барлық шет­ел­дік мекемелер үшін 5 жыл­ға ар­налған инвестициялық бағдар­ламалар әзірленген. Онда біздің тарап басымдық беретін салалар мен компаниялардың нақты саны көрсетілген. Бұл әдіс елшіліктерге бір айда 150 инвестормен жұмыс жүр­гізуге мүмкіндік береді екен. Тар­тымды ұсыныстар пысық­тал­ғаннан кейін шамамен 15 мүдделі компаниядан тұратын «short-list» қалыптастырылады. Олар кейін­нен салалық мемлекеттік органдар мен әкімдіктерге бағытталмақ.

Айтпақшы, осы жылдың басынан ел Президентінің тапсырмасы бойынша жаңа инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында жаңа инвестициялық құрал енгізілді. Бұл Стратегиялық инвесторларға ерекше жағдай жа­сай­тын және Қазақстанның инвес­тициялық мүмкіндіктерінің барлық спектрін ашуға көмекте­сетін инвестициялар туралы келі­сім деп аталады.

Сыртқы істер министрлігі Ин­вес­тиция комитеті төрағасының мін­детін атқарушы Ардақ Зебе­шевтің сөзінше, елімізде инвестицияларды басқарудың және инвесторлармен жұмыс жүргізудің жаңа алгоритмі енгізілген. Он­да­ғы мақсат – қысқамерзімді ке­ле­­шек­те нақты инвестициялық мә­­мі­­­ле­лерді жүзеге асыру әрі сүйемелдеу.

– Біріншіден, Премьер-Ми­нист­р­дің төрағалығымен инвести­циялық штаб құрылды. Онда ин­вес­тициялық жобалар мен шет­ел­дік инвесторларға қатысты туын­дай­тын мәселелер қаралады. Екін­ші­ден, инвесторлармен өзара іс-қимылдың тиімділігін арт­тыру үшін «Kazakh invest» ұлттық ком­паниясы мен «Астана» халық­аралық қаржы орталығының базасында арнайы келіссөздер командасы, яғни Task Force құрылды. Бұл құрылым Үкіметтің атынан ма­ңызды стратегиялық жобаларды пысықтау кезінде шетелдік ком­паниялармен жұмыс жүргізеді. Был­тыр германиялық, корея­лық, швей­цариялық инвесторлар жүзеге асырған маңызды жобалар барысында аталған құрылымның пайдасы тиді.

Үшіншіден, орталық және жер­­гілікті мемлекеттік органдарға не­гізгі капиталға салынған инвес­ти­ция­лар көлемі және тікелей шетелдік инвес­тициялар бойынша 5 жылдық нысаналы көрсеткіштер бел­гі­ленген. Инвестициялар жө­нін­дегі жоспардың орындалуы бо­йын­ша өңірлердің рейтингі жүр­­гі­зі­летін болады, – дейді А.Зебешев.

Сондай-ақ инвестициялық келі­сім­шарттар жасау бойынша мем­лекеттік қызметтер автомат­тандырылған. Былтыр жұмысты онлайн режімге ауыстырудың нәтижесінде келісімшарттар саны мен сомасы айтарлықтай көбей­ген. Мәселен, 2020 жылы 635 млрд теңгеге 56 инвестициялық келі­сім­­шарт жасалған. Бұл – соңғы 10 жыл­дағы ең жоғары көрсет­кіш. Салыс­тырып қарар болсақ, 2018 жылы 501 млрд теңгеге 33 келісімшарт, 2019 жылы 365 млрд теңгеге 54 ке­лі­сім­шарт жасалған.

Елдің инвестициялық саясатында маңызды рөл атқаратын «Каzakh invest» ұлттық компания­сы» АҚ басқарма төрағасы Ме­йір­жан Юсуповтың айтуынша, бү­гін­де компанияның инвести­ция­лық жобалар пулында жалпы құны 72,5 млрд доллар болатын 471 жоба бар. Оның 115-і (жалпы құны 6,1 млрд доллар) жүзеге асы­рыл­ған. 31,3 млрд долларлық 132 жоба іске асырылып жатыр. 55 жоба пы­сықталуда. Бұдан бөлек, 169 ин­вес­­тициялық ұсыныс әзірлен­ген.

– Іске асырылып жатқан жоба­лар­дың ішінде өңдеу саласында бірқатар маңызды жобалар бар. Атап айтқанда, Түркияның Yildirim холдингі Жамбыл облы­сында құны 325 млн доллар бола­тын кальцийленген сода шыға­ра­тын зауыт салуда. Ақмола об­лы­сында Испанияның TSK ком­па­ниясы 110 млн долларға ет өндеу кәсіпорнын салып жатыр. Сон­дай-ақ Алматы облысында араб ин­весторлары жеміс өңдейтін зауыт тұрғызбақ. Құны – 82 млн доллар. Ресейдің «Технониколь» және «Эко-Культура» компания­лары оқшаулағыш материалдар шығаратын зауыт пен жалпы аумағы 500 гектар болатын елімізде теңдесі жоқ жылыжай кешенін салуда. Бұл жобалардың жалпы құны – 1,1 млрд доллар, – дейді М.Юсупов.

Жалпы, былтыр «Kazakh invest» компаниясының қолдауымен 1,6 млрд долларға 41 инвестициялық жоба іске асырылып, нәтижесінде 7 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Оның ішінде агроөнеркәсіп ке­ше­нінде – 8 жоба (111,8 млн доллар), жаңғырмалы энергия көздері бо­йынша – 7 жоба (388 млн доллар), машина жасау саласында – 6 жоба (332 млн доллар), ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында – 3 жоба (103 млн доллар), жылжымайтын мүлік, фар­мацевтика, денсаулық сақтау, құрылыс материалдары саласында 2 жобадан (210 млн доллар) және химия (2,1 млн доллар), металлургия (28,6 млн доллар) салаларында бір жобадан жүзеге асырылыпты.

– Былтыр шетелдік инвес­тор­лар үшін 2,8 млрд доллар көле­мін­де 70 инвестициялық ұсы­ныс әзірленді. Оның 63-інде нақты жер­гілікті серіктестер бар. Бұл рет­те агроөнеркәсіп кеше­нінде 33 жоба, тау-кен метал­лургия ке­ше­нінде 7 жоба, машина жасауда 6 жоба, құрылыс материалда­рын шығару бойынша 6 жоба, ден­сау­лық сақтау және фармацевтика саласында 5 жоба бойынша инвестициялық ұсыныс дайын тұр. Қалған салалардың үлесіне 13 жоба тиді. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 1,7 млрд доллар болатын 32 жоба бойынша инвесторлармен нақты жұмыс жүргізілуде, – дейді ұлттық компанияның басшысы.

Kazakh invest Call-center ар­қылы инвесторларға тәулік бойы сер­вистік қолдау көрсетуде. Со­ны­мен қатар компания маман­дары шетелдік бизнеске виза­лық қолдау, инвестициялық келісім­шарт жасауға жәрдем көрсетеді. Бұдан бөлек, инвестициялық жо­баларды іске асыру барысын­да заң жағынан қолдау таныта­ды. Бұл ретте, 2020 жылы инвес­тор­лардың 2 279 өтініші қаралған.

2021 жылдың бірінші тоқ­санын­да «Kazakh invest» компа­ния­­сының қолдауымен 665 млн дол­­ларға 9 жоба жүзеге асы­рыл­ған. Оның төртеуі – баламалы энергети­ка (172 млн доллар), екеуі мұнай-газ-химия (110 млн доллар) салаларына тиесілі. Сон­дай-ақ металлургия, құрылыс материалдары өндірісі мен туризм салаларында бір-бір жобадан бар. Жыл соңына дейін 4,4 млрд доллар болатын 36 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.