Нидерланд инвесторлары Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде құны 200 млн доллар болатын жаңа жобаларды жүзеге асыруда. Олар бұл көрсеткішті одан әрі арттыруға бейілді.
Агроөнеркәсіп кешенінде жұмыс істейтін Нидерланды компанияларының басшыларынан құралған арнайы делегация жұмыс сапарымен Қазақстанға келді. Инвесторлар бір апта ішінде жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша бірқатар коммерциялық құжатқа қол қоюды, сондай-ақ өңірлердің инвестициялық мүмкіндіктерімен танысуды жоспарлап отыр.
Делегация құрамында Food Ventures, KUBO, Van Der Hoeven, Certhon, Gakon, Dalsem сынды бесінші және алтыншы буындағы жылыжай өндірісі саласындағы ірі компаниялардың басшылары бар. Сонымен қатар делегация құрамына заманауи ауыл шаруашылығы жабдықтарын шығарумен айналысатын Hoogendoorn, Svensson, Gаkon, Priva компанияларының басшылары кірген. Бұдан бөлек, өсімдіктерді биологиялық қорғау құралдарын өндіретін Koppert Biological Systems, тұқым өндіру бойынша көш бастап тұрған Solynta, Rijk Zwaan және Dutch Greenhouse Delta, HVA International қауымдастықтарының басшылары бар.
Жұмыс сапары аясында екі елдің бизнес өкілдерінің қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Іс-шара барысында Нидерланды компаниялары заманауи агроөнеркәсіп кешенін дамыту, тұрақты ауыл шаруашылығына көшу және озық цифрлы технологияларды, соның ішінде жасанды интеллект пен Big Data технологиясын пайдалана отырып, жаңа селекциялық шешімдерді енгізу туралы ой-пікірлерімен бөлісті.
Қазақстан Республикасының Нидерланды Корольдігіндегі Елшісі Асқар Жұмағалиевтың айтуынша, саясат саласында да, экономикалық кооперацияда да екі ел арасындағы сенімді байланыстардың орнауында өзара достық қарым-қатынастардың маңызы зор. Сапар аясында жалпы сомасы 200 млн еуроны немесе 100 млрд теңгені құрайтын 6 меморандумға қол қойылды.
– KAZAKH INVEST ұлттық компаниясы тарапынан Нидерланды Корольдігіндегі Қазақстан Елшілігімен инвестициялық ынтымақтастықты дамыту және нығайту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Мәселен, осы бағыттағы негізгі драйверлердің қатарына энергетикалық сектордан бөлек, агроөнеркәсіп секторы да қосылуы тиіс. Нидерландылық компаниялар бізге тікелей инвестиция салу тұрғысынан да, озық технологиялар трансферті тұрғысынан да, сондай-ақ мемлекет, бизнес, ғылым және білім берудің табысты ынтымақтастығы тұрғысынан да қызықты, – дейді Kazakh invest ҰК АҚ басқарма төрағасы Мейіржан Юсупов.
Нидерландылық делегация Алматы, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарына бармақ. Онда жобаларды іске асырудың мән-жайын талқылау мақсатында өңір басшыларымен және өңірлік бизнес қоғамдастықпен кездесулер өтеді. Батыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында нидерландылық Van Der Hoeven компаниясының қатысуымен жылыжай кешенінің құрылысы бойынша жаңа жобаның іргетасы қаланады. Жобаға салынатын инвестиция көлемі 35 млн долларға тең.