«Үлкен жетілік» (G7) елдері көпұлтты корпорацияларға салық салу жөніндегі тарихи келісімге қол жеткізді. Лондонда өткен кездесуде экономикасы дамыған елдердің қаржы министрлері халықаралық корпорациялар тіркелген елдерінде емес, табыс табатын елдерінде салық төлеуі тиіс екеніне келісті.
Сондай-ақ ең төменгі корпоративтік салық 15 пайыз деңгейінде болмақ. Бұл жекелеген елдердің салық мөлшерлемесін азайту арқылы корпорацияларды өздеріне шақыруын тоқтату үшін қажет.
Жаңа ережелер Amazon және Google секілді алпауыт корпорацияларға қолданылады. Мәселен, Microsoft компаниясының Ирландиядағы филиалы былтыр 315 млрд доллар табыс тапты. Алайда аталған елдің үкіметіне бір тиын салық төлемеген. Өйткені компания Бермуд аралдарында тіркелген.
Салық келісімі АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Канада, Италия және ЕО елдері арасында орнатылды. Салық жүйесін біріздендіру туралы келісімге көп жыл талқылаудан кейін қол жеткізілді.
Құжат басқа елдерге, соның ішінде «Үлкен жиырмалық» (G20) елдеріне қысым жасауға қолданылуы мүмкін. G20 жиыны келесі айда өткізіледі.
Көптеген елдердің үкіметтері трансұлттық корпорацияларды бұрыннан бері сол елде түскен табысынан салық төлеуге мәжбүрлемек болған. Алайда алпауыт компаниялар филиалын бизнес жүргізген елде емес, салығы аз елдерде тіркеп, тапқан табысының барлығын сол жерде декларациялаған. Бұл – жаңа пайда болған проблема емес. Бірақ соңғы онжылдықта Google және Facebook сияқты технологиялық алпауыттар құрылғаннан кейін өзекті бола түсті.
Дайындаған
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»