Ақмола өңірі 5 сәуірден бастап «қызыл аймақтың» құрсауында болды. Соңғы тәуліктерде дауасыз дерттің беті біршама қайтуына байланысты екі айдан кейін «сары аймақтың» санатына енді. Соңғы тәулікте зертханалық жолмен 75 адам коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған.
Соңғы аптада COVID-19-дың 613 жағдайы тіркелді. Демек бұрнағы аптадағы 928 жағдаймен салыстырғанда, індеттің төмендегенін байқауға болады.
Сырқат шеңгеліне іліккендермен байланыста болған 9 адам – ауруды тасымалдаушылар. Бір тәулікте 14 жасқа дейінгі балалар арасында 10 жағдай кездесіп отыр. Жалпы, қауіпті індетті жұқтырушылар арасында Бурабай ауданы мен Көкшетау қаласы әлі де көш бастауда. Сондықтан облыстық санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті барша ақмолалықтарды карантин талаптарына сәйкес, қоғамдық орындарда әлеуметтік арақашықтықты, бетперде режімін қатаң сақтауға шақырады. Себебі өңір «сары аймаққа» өткенімен, «қызыл аймақтағы» шектеулер алынып тасталуы үшін 14 күн бойы облыстың санитарлық-эпидемиялық ахуалы тұрақты болуы керек.
Қазір мәдени-көпшілік шаралар мен жиын-тойларға қатаң тыйым салынғанына қарамастан, кейбір адамдар елей бермейді. «Сары аймақтың» санатына енісімен бұрынғыша той-томалақ, құдалық, жаназа өткізу жиілеп кетті. Әуел баста да қатерлі дерттің қабынуына өзіміздің бейқамдығымыз себепкер болып еді. Дауасыз дертке де адамдардың еті үйреніп кететін тәрізді ме, қалай?! Қауіпті ескере бермеудің қатері мол екенін көзіміз көргенімізбен, дұрыстап көңіл бөлмейтініміз өкінішті-ақ. Адамдар көп жиналатын жиынның вирустық инфекцияның таралуы мен эпидемиялық ахуалдың төмендеуіне әкеп соқтыруы мүмкін екенін естен шығарып ала береміз.
Ақмола облысы