Мажарстанның астанасы – Будапештте дзюдодан әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні ерлер мен әйелдер арасында аса жеңіл салмақ дәрежелері бойынша медальдар сарапқа салынды. Осы орайда, біздің жігіттеріміздің ерлегенін айта кетуге тиіспіз. Бастапқы бәсекелерде қарсыластарының барлығын ойсырата ұтқан екі бірдей қандасымыз жартылай финалда күш сынасу мүмкіндігіне ие болды.
Сол мүмкіндікті 28 жастағы Ғұсман Қырғызбаев ұтымды пайдаланды. 60 кило салмақта сынға түскен ол алғашқы айналымдарда чехиялық Давид Пулкрабек, германиялық Мориц Плафки және моңғолиялық Унуболд Лхкагважамтсты жеңіп, жартылай финалда Валид Хиярмен күресті. Еуропа чемпионы деген атағы бар Францияның сақа спортшысы қайсар қазақтың қарқынына шыдас бере алмады. Ал ақтық сайыста Қырғызбаев ресейлік Яго Абуладземен айқасты. 24 жастағы Мәскеу облысының тумасы былтырғы Еуропа чемпионатында күміс алса, биыл қолаға қол созған еді. Екі мықтының тартысында Абуладзенің асығы алшысынан түссе, Ғұсман әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Дәл осы салмақта Мағжан Шамшадиннің де жеңіс тұғырына көтерілуіне тамаша мүмкіндігі болды. Кезінде жастар арасында әлем чемпионы атанған қандасымыз тұсаукесер кездесуінде украиналық Артем Лесюктің аяғын көктен келтірсе, іле-шала Еуропа ойындары мен құрлық біріншілігінің қола жүлдегері бельгиялық Йорре Ферстрэтеннен басым түсті. Одан кейін әлемдік рейтингте алтыншы орында тұрған Еуропа чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригостан айласын асырды. Алайда жартылай финалда Ресейдің мықтысы Яго Абуладзеге әлі жетпеді. Содан Шамшадин әзербайжандық Харамат Гусейновпен қола медаль үшін белдесті. Қосымша уақытқа дейін ұласқан бұл белдесу Қап тауы қыранының пайдасына шешілді. Мағжан бесінші орында қалып қойды.
Өкінішке қарай, қыздарымыз ел сенімін ақтай алмады. Алғашқы екі айналымнан еш қиналмай өткен 48 кило салмақтағы Отгонцэцэг Галбадрах үшінші кезеңде өзінің бұрынғы отандасы, әрі сыралғы қарсыласы Уранцэцэг Мұңбатынға есе жіберді. Ал Әбиба Әбужақынова тұсаукесер бәсекесінде кореялық Ю Жонг Канға жол берді.