Ақпарат және әлеуметтік даму министрі Аида Балаева Қазақстанның медиа саласындағы алдағы өзгерістер туралы айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Мемлекеттік саясаттың басты қағидасы бүгінде – бұл тұрақтылық, жүйелілік және сабақтастық екенін еске саламын. Менің міндетім – ізашарларым бастаған жобалар мен жаңашылдықтарды жалғастыру, президент жария еткен реформалармен үйлесетін өз бастамаларымды ұсыну, оң дүниелерді жақсартып, кем-кетіктерді түзету.
Мен жаңа басшының келуімен қандай да бір мемлекеттік құрылым жаһандық өзгерістерге ұшырауы керек деп санамаймын», деді министр.
Аида Балаева Отандық медиадағы басты өзгерістер: мемлекеттік ақпараттық тапсырысты реформалау, ақпараттық және азаматтық қоғам саласында жаңа заңдар қабылдау және журналистерді оқыту жобалары екенін атап өтті.
«Десе де ең маңыздылардың бірі саналатын және ақпарат саласын дамытуға ғана емес, әлеуметтік құрамы бар, ұлттық қауіпсіздіктің кейбір мәселелерін шешетін бір жұмысты атап өткім келеді. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылдың соңына дейін Қазақстанның шекара маңы өңірлерінде 107 радио таратқыш орнатылады. Бұл Qazaq radiosy мен Шалқар радиосының хабар таратуына мүмкіндік береді. Соның арқасында 630 мыңнан астам халқы бар, Түркістан, Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстарының шекара маңы аумағындағы 400-ден аса ауыл отандық радионы тыңдайды. Ал жалпы Жол картасын жүзеге асыру аясында 2025 жылға қарай шекара маңы өңірлерінде тұратын халықтың 95%-ы радиобағдарламалармен қамтылады.
Бұл өңірлерде ұзақ жылдар бойы тек қытай, ресей және өзбек радиосы хабар таратқанын ескерсек, шекаралас аумақтарды отандық радиосигналдармен қамту жобасы стратегиялық маңызға ие», деп мәлімдеді министр.
Сондай-ақ қазір пандемияға байланысты туындаған кейбір қиындықтарға қарамастан, бейінді жоғары оқу орындарымен (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина универсиеті) етене ынтымақтаса жұмыс істеп жатқанын, студенттерге елдің үздік редакцияларында практикадан өтуге мүмкіндік беріп, отандық және Түркия, Ұлыбритания, Ресей сияқты шетелдік журналистиканың корифейлерімен семинар өткізілетінін атап өтті.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері медицина, діни және экология журналистикасы бойынша үш оқыту курсы өткізіліп, елдің барлық өңірінен 4 мыңға жуық адам қамтылды. Бұл болашақта кеңейтіліп, жетілдіретін ұзақ мерзімді жобалар.
«Қазақстан азаматтары өз Отанын дамытуға үлес қосады, әлеуметтік және азаматтық жауапкершілік артып келеді, жоғары оқу орындарының студенттері үздік әлемдік стандарттар бойынша мемлекеттік тілде оқу мүмкіндігіне ие, елдің қасиетті жерлеріне баратын адамдар саны артуда.
Биыл «Рухани жаңғыру»бағдарламасын ұлттық жаңғыру кезеңіне көшіру жол картасы бекітілді. Жоспарланған шаралар мен жобалар жас ерекшеліктеріне сай әзірленді, мақсаты – бағдарлама мазмұнын халықтың түрлі топтарына жеткізу», деді Аида Балаева.