• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Оқиға 08 Маусым, 2021

Мектеп директорынан қысым көрген оқушы өз-өзіне қол жұмсады

1079 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желілерде Түркістан облысында мектеп директоры 9 сынып оқушысын суицид жасауға итермеледі деген ақпарат тарады, деп хабарлайды Egemen.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.

Ордабасы ауданының тумасы Нұрдәулет Мықтыбеков қарындасының өліміне мектеп директорының тікелей қатысы барын айтып, әділдік сұрады. 

«Құрметті Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, құрметті бас прокурор Ғизат Нұрдаулетов, ішкі істер министрі Ерлан Тұрғынбаев, білім министрі Асхат Аймағамбетов, балалар құқығын қорғаушы Аружан Саин.

2021 жылы 2 маусым күні, бір апта бұрын 9 сыныпты бітірген қарындасым Мықтыбек Эльвира өз-өзіне қол жұмсады.  Қарындасымды өзіне қол жұмсауға итермелеген және оның өліміне кінәлі бірден-бір адам – мектеп директоры Стаева Айсара Нуржигитовна деп есептеймін. Эльвира үздік аттестаттан үмітті мектептегі үш оқушының бірі болды. Алайда директор үздік бітіруге барынша кедергі келтіріп, емтиханда қысым көрсеткен», дейді Нұрдәулет Мықтыбеков. 

Оның сөзінше, мектеп директоры қарындасын емтиханнан кейін кідіртіп, қысым көрсеткен. Бағасын кемітемін деп қорқытқан көрінеді.

«Емтиханда төбесінен төніп тұрып бақылаған. «Сен үшке оқитын оқушысың, сенің бағаңды 10 балл кемітемін» деп оқушылардың көзінше айтқан. Емтиханның соңында жеке алып қалған. Не айтып, не қысым жасағаны белгісіз. Сыртқа шыққанда қарындасым қатты ызаланып, жылап шыққан. Бұған үй іші, мұғалімдер мен сыныптастары да куә. Қалған үздік аттестатқа үміткер оқушыларға қысым көрсетпеген. Олардан ақша алуы да мүмкін. Ауыл арасында ондай әңгіме де бар. Осындай қысымнан кейін бұған дейін беске оқыған қарындасым бір сабақтан төрт деген баға алып, қатты күйзелістен үй ауласында арқанға асылып, көз жұмды», дейді ол. 

Оқиғаға байланысты Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы түсініктеме берді.

«Аталған жайт бойынша Түркістан облысы полиция департаментінің білікті тергеушілерімен ҚР ҚК-нің 105-бабы «Өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілуде және қажетті деген барлық жан-жақты шаралар жүзеге асырылуда. Оның ішінде мектеп ұжымынан, мұғалімдер мен оқушылар арасында жауап алынуда. Тиісті сараптамалар да тағайындалды. Істің заң аясында жүргізілуін қадағалап отырмыз», дейді Түркістан облысы полиция департаментінің басшысы Қ.Дальбеков.

Әзірге директорға тағылған айып қаншалықты рас немесе негізсіз екенін айту қиын. Оқиғаның мән-жайы анықталған соң қосымша ақпарат берілетін болады.