• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 08 Маусым, 2021

Кәсіпкерлер Президенттен көмек күтеді

228 рет
көрсетілді

Мемлекет халық үніне құлақ аса ма? Шығыс Қазақстанда шырылдаған кәсіпкерлер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан тағы көмек сұрады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Айтуларынша, Шығыста мемлекеттік сатып алу жүйесін жемқорлық жайлап алған. Өңірдегі бір топ кәсіпкерлер тендерді әділетсіз өткізуді әдетке айналдырған билік өкілдерін жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр. Ойларын ортаға салған кәсіпкерлердің қатарында мәслихат депуттаттары да бар.

Кәсіпкерлердің көтерген мәселесі жалқы; тендердің әділ өтуі. Шығыстағы белгілі кәсіпкер Ержан Сқақов облыстық әкімдіктің өкілдері қойған шартпен келіспеген. Содан бері компаниясы тендерден негізсіз қағылып қалып жүр. Жалпы, соңғы жылдары өңірде мемлекеттік сатып алуға қатысты дау өршіп келеді. Өйткені облыс әкімдігі тендерді өздерімен жұмыс істеуге ыңғайлы кәсіпкерлерге ғана беретін көрінеді.

– Тендер облыстық әкімдікке жақын жүретін азаматтарға ғана беріліп жатқаны дұрыс емес. Ал бұл туралы ашық айтқандарға қатысты қылмыстық іс қозғау ақылға сыймайды, – дейді кәсіпкер Рафаиль Хазипов.

Рас, кәсіпкерлер тарапынан өңір басшылығына шағым көп. Мысалы, Семейде қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонын салу үшін мүлдем тиімсіз несие рәсімдегілері келген. Ол үшін 8 миллиард теңге емес, өзге облыстардағыдай екі миллион теңгемен-ақ жұмыс істеуге болар еді деп есептейді дөңгелек үстелде бас қосқандар. Радиологиялық кешеннің құрылысына әу баста 6,5 миллиард теңге бөлінген еді. Кейін тағы осындай мөлшерде қаржы бөлген екен.

Семейдегі радиологиялық орталыққа диагностикалық қондырғаларды жеткізуге жауапты компания басшылығы да шықты бұқаралық ақпарат құрал өкілдеріне өз пікірін білдірді. Айтуларынша, соңғы 6-7 жылдан бері атқарған жұмыстары үшін 2,5 миллиард теңге қаржыларын әлі ала алмай жүр. Сотта да жеңіп шыққан, бірақ бәлендей нәтиже жоқ.

– Бар дүниеге екінші рет қайта қаржы бөлінген. 6.5 миллиард теңге. Аз ақша емес. Не себептен бөлінді? Неліктен осы күнге дейін жаңағы нысанда жұмыс аяқталмаған? Ақша қайда кетті? Біздің ақшамыз қайда? Айта берсек, сұрақ өте көп, – дейді «Медтехника» АҚ бас директорының міндетін атқарушы Бахтияр Сәпиев.

Сонымен қатар ертегі мен жыр болған Семейдегі Жылу энергия орталығының құрылысына қатысты мәселе де көтерілді. Инвестициялық келісімшарт ірі түрік фирмасының қолында болғанымен, сот арқылы ол бұзылған. Ал қала тұрғындары қыста қазандықтан шыққан будақ-будақ қара түтіннен тұншығып жатады. Оның үстіне көптеген үйлерге жылу да жетпейді.

– Семей халқы үшін қазандық ауадай қажет. Қыста қар беті қап-қара болып жатады. Оң жағалауда ғана 48 қазандық бар еді. Бүгінгі күнде біразы қысқартылды. Қазандықтар ешқандай сүзгісіз жұмыс істейді. Шығарындылар кәдімгідей ауаға тарап жатыр, – дейді инвестор компанияның өкілі Олжас Есенғарин.

Естеріңізде болса, өткен жылы Өскемендегі бизнесмендер тендерге қатысты шағым айтқан-тұғын. Биыл Семейдегі бір топ кәсіпкер облыс әкімінің жұмысына көңілі толмайтындарын жеткізді. Пікір білдіріп ғана қойған жоқ, мемлекет басшысынан көмек сұрап ашық хат жолдады.

Ал облыс әкімінің кеңесшісі Ермак Сәлімов әрбір даулы мәселе сотта қаралуы керектігін айтты.

– Мен осы компанияның басшылығымен таныспын. Бұрынғы жоба бойынша олар Семей қаласында мемлекеттік-жекешілік әріптестікпен бес балабақша салуға ниет білдірген. Келісімшарт бар. Біз оларға жер бердік. Олардың құқық белгілейтін құжаттары да жоқ емес. алайда, олар жұмысқа кіріскен жоқ. Содан кейінгі жоба – жылу қазандығы еді. Міне, жауап. Мәселені тек заң бойынша шешу керек. Заң бар, сот бар. Айғай-шу шығарған дұрыс емес, – дейді әкімнің кеңесшісі Е. Сәлімов.

Кәсіпкерлердің айтуынша, жергілікті билікке қарсы шыққан адамдың бәріне қысым көрсетіледі. Сондықтан көбі өз пікірлерін ашық айтуға бата алмайды. Дегенмен, бұл жолғы жиынға аудандағы азаматтар да онлайн форматта қосылып, әділетсіз өткен тендерлер туралы бүкпесіз айтты.