Алматыдағы цемент зауытында жарылыс болды. Алматы қалалық экология департаменті ақпаратты растады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Департаменттің мәліметінше, 7 маусым күні кешкі сағат 20.00 шамасында Павлодарская 48 көшесінде орналасқан өндірістік базасында цемент таситын көліктен шикізатты сығынды ыдысқа айдау кезінде төтенше жағдай орын алған. Оған себеп – цемент таситын машинаның шлангісі жоғары қысымға шыдамай, жарылған.
«Экология департаментінің қызметкерлері төтенше жағдай орын алған жерге барып, зауыт аумағынан сынамалар алды. Оның нәтижесі ауаға жайылған шаңның рұқсат етілген шоғырлану нормативтерінен асып кеткенін көрсетті. Жоспардан тыс тексеру жүргізіледі. Оның нәтижесі туралы қосымша хабарланады», деді департаменттегілер.
Қазіргі уақытта, мемлекеттік экологиялық сараптаманың 2018 жылғы қорытындысын қайтарып алу туралы сот өндірісі жүріп жатыр.
«Алматы қаласы бойынша Экология департаментінің сотқа дейін жеткізбей мәселені шешу туралы хаты негізінде қаланың Жасыл экономика басқармасы мемлекеттік экологиялық сараптаманың қорытындысынан айыру (қайтарып алу) туралы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына талап арызбен жүгінді. 2018 жылғы 16 қарашадағы «Өндірістік база» үшін шығарындылар нормативтері (максималды рұқсат етілген шығарындылар)» жобасы бойынша шығарылған және қоршаған ортаға эмиссиялардың күшін жою талап етіледі. Қазіргі уақытта сот процестері жүріп жатыр», делінген Экология департаменті таратқан хабарламада.