МАДРИД. Климаттың өзгеруіне қатысты тығыз трансатланттық ынтымақтастық орнату мәселесінің ақырында Еуропалық Одақ пен АҚШ-тың жұлдызы жарасуы мүмкін. Ақ үй басшысы Джо Байден Еуропаға сапары барысында осындай ерекше сәтті барынша ұтымды пайдаланып қалуға тиіс.
Еуропалық Одақ та, Америка Құрама Штаттары да 2050 жылға қарай климаттық бейтараптыққа қол жеткізуге, яғни парниктік газдар шығаруды нөлге түсіруге міндеттеме алды. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін бірқатар бағыт белгіленді. Еуропалық одақ 2030 жылға қарай парниктік газдар шығаруды кем дегенде 1990 жылғы деңгейден 55 пайызға азайтуға ниетті. Ал АҚШ 2005 жылғы деңгейден 50-52 пайызға төмендетуге ниетті.
Осы міндеттемелерді орындау үшін Еуропалық одақ пен АҚШ-қа көптеген қиындықты жеңуге тура келеді. Біріншіден, олар қолданыстағы таза технологияларды (күн батареяларын, жел қондырғылары мен электромобильдерді қоса) кеңейтуді және дамып келе жатқан технологияларға (мысалы, жасыл сутегі, қатты күйдегі аккумуляторлар және цифрлы инновацияларды енгізу) инновацияны арттырулары керек. Осылайша, ынтымақтастық аталған үдерісті жеделдетуге даңғыл жол салуы мүмкін.
Екіншіден, Еуропалық одақ пен АҚШ көміртегі бағасын қолдануды жақсартулары керек. Бұл мәселеде Еуропа көш бастап келеді. Ұйым әлемдегі ең үлкен көміртегі нарығын құрды. Енді жақын арада оны жаңартып, кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі уақытта АҚШ-та көміртегі шығарылымына баға белгілеудің ортақ жүйесі жоқ. Бірақ интеллектілік және саяси серпін қалыптасып келеді.
АҚШ-та нақты прогреске жету үшін осы серпінді қолдану және көміртегі шығарылымы бағасының кез келген жүйесінің әділдігі мен саяси беріктігін қамтамасыз ету дистрибьюторлық әсерлерді жоюға бағытталған шараларды талап етеді. Кірістерді дивиденд ретінде халыққа қайтару өте маңызды болуы мүмкін.
Үшіншіден, Еуропалық одақ та, АҚШ та жасыл технологияға көшуден туындаған әлеуметтік-экономикалық қиындықтарды жоюлары қажет. Яғни көміртегін көп қажет ететін аймақтарда өндірістік қайта құруды жеңілдету және жұмыс орнын ауыстыруға мәжбүр болған жұмысшыларға көмектескен жөн. АҚШ-та жұмыспен қамту және экономикалық мүмкіндік – климаттық стратегияның маңызды бөлшегі.
«Адамдар климат туралы сөйлескенде, менің ойыма жұмыс орындары және жасыл «индустриялық стратегиясымен» Еуропа келеді», деп мәлімдеді Байден жуырда.
Сонымен қатар Еуропалық одақ пен АҚШ бетпе-бет келген климаттың халықаралық мүддесіне қатысты ортақ көзқараста. Екі жақтың да күш-жігері дамушы елдердің жасыл энергетикаға көшуіне қолдау көрсетсе ғана жағдай өзгереді. Осы мақсатта климаттық қаржыландыруды жетілдіру, таза технология трансфертін жеңілдету өте маңызды.
Дамушы елдердің жасыл энергетикаға көшуіне қолдау көрсету «көміртегінің ағып кетуінің» алдын алуға жағдай жасауы мүмкін. Мәселен, компаниялар өндірісті көміртегі шығарылымына қойылатын салығы аз немесе экологиялық ережелері жұмсақ елдерге көшірген кезде. Сондай-ақ көмірсутегі шекарасын реттеу тетігі секілді тіке шешімдер де өте қажет. Соған сәйкес компаниялар өндіріс кезінде парниктік газдар шығарылымы көп тауарларды импорттағаны үшін қымбат баға төлейді.
Еуропалық одақ қазірдің өзінде Еуропалық Жасыл Келісім шеңберінде осындай механизммен жұмыс істеп жатыр. Бұл жақсы нәрсе екені анық. Бірақ Еуропалық одақ пен АҚШ бірлескенде сәтті шығар еді. Әсіресе бұл кең трансатлантикалық жасыл келісімнің бір бөлігіне айналса, нұр үстіне нұр.
Нобель сыйлығының лауреаты, экономист Уильям Нордхаус 2015 жылы ұсынғаны секілді, Еуропалық одақ пен АҚШ мұнымен тоқтап қалмай, «климат клубын» құруы керек. Екеуміздің біріміз (Симоне) мен Гунтрам Б.Вольф таяуда айтып өткеніміздей, экономикалар қосылу үшін төрт қадам – ішкі мақсаттарды нығайту және туралау, ішкі климаттық саясатты цифрлы және салыстыру жүйесімен келісу, күрделі тауарлардың құрамында көміртегі мөлшерін өлшеу стандартын белгілеу және айқын салық салу мен реттеуді қамтамасыз ету қажет.
Климат клубына қосылғысы келген кез келген елге есік ашық. Бұл Еуропалық одақ пен АҚШ-тың ортақ мүдделерін алға жылжытуға көмектеседі. Дамып келе жатқан салалар мен нарықтарда, мысалы, жасыл сутегі және тұрақты қаржы секілді салаларда ережелер қалыптастыруға тиімді.
Өсу және даму үшін нарықтарға кеңінен қабылданған ережелер қажет. Ал осы ережелерді жасауға көмектесетіндер маңызды стратегиялық артықшылықтарға ие болады. Мұндай артықшылықты АҚШ пен Еуропа иемдене алады. Екеуі қосылып, жаһандық ішкі жалпы өнімнің 40 пайызын және тауар импортының 30 пайызын құрайды.
Басқа елдер АҚШ-та немесе Еуропада болып жатқан оқиғаларды елемей қала алмайды. Егер олар бірлескен іс-қимыл жасаса, яғни бірлескен тұрақты қаржылық таксономияны қабылдау керек пе немесе климаттық шекараны түзету механизмін енгізу керек пе деген мәселені талқыласа, басқа елдер де солай етері сөзсіз. Бұл бүкіл әлем бойынша климаттың жылынуымен күрес әрекеттерін жеделдетіп, Еуропалық одақ пен АҚШ-тың ғаламдық көшбасшылық позициясын нығайтуға жағдай жасайды. Сондай-ақ ашық, ережелерге негізделген көпжақты жүйені нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұған Еуропалық одақ пен АҚШ бөлісетін құндылықтар мен принциптерді қосыңыз, оның ішінде адам құқықтары мен заңдылықты құрметтеу бар. Ендеше, климат саласындағы ынтымақтастық екі жақтың да мүдделеріне сай келетіні анық. Байденнің Еуропаға сапары – алғашқы қадам үшін тамаша мүмкіндік.
Ана ПАЛАСИО,
Испанияның бұрынғы сыртқы істер министрі, Дүниежүзілік банк тобының бұрынғы аға вице-президенті және бас кеңесшісі,
Симон ТАЛЬЯПИЕТРА,
Брюгельдің аға стипендиаты және Католит Университеті мен Джон Хопкинс университетінің адъюнкт-профессоры
Copyright: Project Syndicate, 2021.
www.project-syndicate.org