Елордалық көрермендер «Жұлдызбен бір сахнада» жобасы аясында FORTE-TRIO мемлекеттік триосының концертін тамашалады.
Концерттік бағдарламаға орыс музыкалық романтизмі дәуіріндегі вокалдық миниатюралар еніп, М.Балакирев, М.Мусоргский, А.Бородин, Н.Римский-Корсаков, Ц.Кюи сынды композиторлардың үздік туындылары шырқалды. Бұл шығармалардың поэтикалық негізін ХІХ ғасырдың бірінші жартысындағы орыс ақындарының өлеңдері құрады. Романстармен жұмыс істей отырып, композиторлар мән-мағынаға, поэтикалық мәтінді таңдауға, оны жүзеге асырудың экспрессивті құралдарына үлкен талаптар қойды.
Кеш барысында тыңдармандар музыкалық шедеврлерді әртістермен бір сахнада отырып тамашалады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Қазақконцерттің» көркемдік жетекшісі Тимур Урманчеев атап өткендей, көрермендер концерттің тікелей қатысушысы болып, ерекше әсер алды.
«Жұлдызбен бір сахнада» жобасының арқасында көрермендер әртістерге жақын бола түсіп, ерекше шығармашылық процестің қыр-сырын тереңірек сезіне алды. Орындаушы мен тыңдаушы арасындағы дәл осындай байланыс жаңа концерттер мен туындылардың пайда болуына шабыт беріп, мәдени байланысты арттыра түседі. Бүгінгі кеш – жаңа жобамыздың алғашқы концерті. Алдағы уақытта бұл жоба тұрақты түрде өткізіледі. «Қазақстан» Орталық концерт залының бас сахнасы толыққанды камералық залдың функциясын атқарды. Залдың тамаша акустикасы осындай жаңа тәжірибелерге жақсы мүмкіндік беріп отыр» деді маэстро.
FORTE-TRIO мемлекеттік триосымен бірге сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Ниязова (сопрано) мен Азамат Жылтыркөзов (баритон) өнер көрсетті.
Айта кетейік, жаңа жоба аясында маусым айында елордалық көрерменнің назарына түрлі музыкалық бағыттағы концерттер ұсынылады. Олардың қатарында қазақ ұлттық музыкасы, фольклорлық аспаптық әуендер, классикалық концерттер, заманауи музыка, авторлық кештер, хор-концерт пен спектакльдер бар.