• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Маусым, 2021

Француз президентіне қол жұмсады

143 рет
көрсетілді

Франция президенті Эммануель Макронның мемлекеттің оңтүстік-шығы­сы­на жасаған сапары аясын­дағы халықпен кездесуде азаматтар­дың бірі президенттің бетінен ұрып жіберді.

Әлеуметтік желілерде лезде таралып кеткен бейнежазба Тэн-л`Эрмитаж коммунасының алдында түсірілген. Наразы азамат президентке «Макронизм тоқтатылсын!» деп айқайлап үлгерген.

Президенттің күзет қызметі жедел әрекет етіп, Эммануель Макронды оқшаулап үлгереді. Франциялық басылымдар оқиғаға қатысты екі азаматтың қамауға алынғанын жазды.

Франция көшбасшысы оқиға­ға қатысты түсініктеме берді. «Бұл жағдайды тым әсірелеудің қажеті жоқ. Бұл оқиға бізді алаңдатып, назарымызды өзге де маңызды мәселелерден бұрмауы керек», деп жауап берді.

Бұл оқиғадан кейін үкімет басшысы Жан Кастекс Ұлттық ассамблеяға жол­дау жасап, мемлекетте демократия мен сөз бостандығына рұқсат болса да, зор­лау, бопсалау немесе басқа да күш көрсе­туге жол берілмеуі керектігін айтты.

Солшылдардың көшбасшысы Жан-Люк Меланшон да бұл пікірмен келісеті­нін айтып, президентке қолдау білдірді. Француз саясатындағы оңшылдардан шыққан әккі саясаткер Марин ле Пен де пре­зидентке қол жұмсаған азаматты сын­ға алды. Ол тіпті қызу талқы­ға ұла­са­тын демократиялық пікірта­лас кезінде де қол жұмсауға жол беріл­мейтінін айтты.

Президент әкімшілігі оқиғаның Дром аймағында болғанын, азаматтың мемлекет басшысына қол көтергенін растаумен ғана шектелді. Одан кейінгі ақпаратпен бөліскен жоқ. Тәртіп бұзушылардың жауапқа тартылғаны туралы да ресми хабар таратылмады. Дегенмен, бірқатар франциялық агенттік екі азаматтың түр­меге қамалуы мүмкін екенін жазды.