Докторантурада білім алушылар 172 мың теңгеге дейін стипендия алатын болады. Бакалаврлар мен магистранттарға төленетін төлем мөлшері орта есеппен 15%-ға артады. Білім министрі Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында осындай мәліметтерді келтірді, деп жазады Egemen.kz.
Сонымен қатар, Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, 2025 жылға қарай гранттар саны 75 000 орынға дейін артады. Ал қосымша 5 мың студент тегін оқуға мүмкіндік алады. Айта кетейік, енді оларды ұпайларға қарай үлестіретін болады.
«Егер бұған дейін біз мемлекеттік тілде және басқа да тілдерде квоталар, гранттардың белгілі бір санын бөлсек, онда өткен жылы алғаш рет одан бас тарттық және биыл грант тағайындау нақты жинаған баллдарға байланысты болады. Себебі орыс тілінде де, ағылшын тілінде де, қазақ тілінде де сұрақтардың мазмұны бірдей. Сондықтан бұл жерде талапкердің қанша балл жинағаны ғана ескеріледі, соған байланысты тиісті сертификат алады және білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысады», деп атап өтті БҒМ басшысы Орталық коммуникациялар қызметінде журналистердің сұрақтарына берген жауабында.