Бұл күндері футболдан Қазақстан чемпионатының 15 тур ойындары өтуде. Осы кезеңдегі алғашқы төрт бәсекенің барлығында бірдей есеп тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Талдықорғанда «Жетісу» Ақтаудың «Каспий» клубын қабылдады. Бәсеке тағдырын 18-минутта Шафик Тигруджа салған жалғыз гол шешті. Оның алыстан бағыттаған добы тура «тоғыздықтан» табылды. Есеп – 0:1. Соңғы кездері жеңілістен бас көтермей жүрген «Ақтөбе» өз алаңында әупірімдеп жүріп, «Атырауды» ұтты – 1:0. Жеңіс голын 30-минутта Боян Бубайич соқты. Оралда жергілікті «Ақжайық» пен Шымкентттің «Ордабасы» әбден тіресті. Қос команданың ойыншылары қанша жанталасқанымен, ұзақ уақыт бойы бір-бірінің қақпа кілтін таба алмады. Тек 92-минутта қонақтардың бағы жанды – 0:1. Бұл голдың авторы – Жоан Пауло. Дәл сондай жағдай «Шахтер» мен «Қызылжар» арасындағы ойында да орын алды. 90-минутта Руслан Есімов нысананы дәл көздеп, Петропавлдан келген командаға жеңіс сыйлады – 0:1.
Бүгін «Астана» (Нұр-Сұлтан) мен «Тобыл» (Қостанай), «Тараз» (Тараз) бен «Қайрат» (Алматы) және «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тұран» (Түркістан) шеберлік байқасты. Бұл кездесулердің қалай өрбіген жайында газетіміздің келесі санында баяндайтын боламыз.