Сенат вице-спикері Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен «Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру» тақырыбына арналған «Үкімет сағаты» өтті.
Іс-шараны ашқан Нұрлан Әбдіров еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуға мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп келе жатқанын, соған сәйкес алда бірқатар маңызды міндет тұрғанын айтты.
«Тәуелсіздік алғаннан бері аграрлық секторды дамыту бойынша 10 бағдарлама дайындалды, бұл мемлекеттік саясаттың осы салаға ерекше көңіл бөліп отырғанын көрсетеді.
Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінің алдына қойылған міндет көп. Соның бірі – ауылшаруашылық өндірісін тұрақты дамыту, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті және экспортқа бағытталған өнімдер өндірісін ұлғайту, елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және 2022 жылға дейін осы саладағы еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру», деді Н.Әбдіров.
Сенат вице-спикері Агроөнеркәсіп кешенін дамыту туралы мемлекеттік бағдарламаның 4 жыл ішіндегі іске асырылу мониторингінің қорытындылары саланы дамытудың оң үрдістерін айғақтайтынын жеткізді.
«Бағдарлама шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға 2017-2020 жылдарға 2,5 трлн теңге жоспарланған болатын. Іс жүзінде 1,6 трлн теңге бөлінгеніне қарамастан, көрсетілген кезеңде ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 1,7 есе өсті.
Азық-түлік тәуелсіздігінің өлшеміне сәйкес, азық-түліктің барлық негізгі түрлері бойынша ішкі тұтынудағы отандық өндірістің үлесі 80 пайызды құрап отыр. Алайда өзіміз өндіретін кейбір өнім түрлері бойынша елімізді қамтамасыз ету деңгейі 60 пайызды ғана қамтиды. Қалған сұраныс импорт есебінен орындалады», деді вице-спикер.
Бұдан бөлек, Н.Әбдіров аграрлық салаға теріс әсерін тигізіп отырған жүйелі мәселелерге де назар аударды.
«Осы саланы Қазақстан экономикасының жетекші күшіне айналдыру мақсатында соңғы онжылдықтарда аграрлық өнеркәсіп кешенін дамытуға арналған бірнеше салалық бағдарлама әзірленді, қаржыландыру тәсілдері де бірнеше мәрте өзгерді. Бірақ айтарлықтай нәтиже болған жоқ. Оған мемлекеттік қолдау құралдарының нәтижесіздігі, өндіріс көрсеткішінің төмендігі, сондай-ақ агроғылым мен агроөнеркәсіп арасындағы алшақтық, ауыл шаруашылығы тауарларын сақтау жүйесінің жолға қойылмауы секілді мәселелер себеп болып отыр», деді Нұрлан Әбдіров. Сондай-ақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің дамуына ауыл шаруашылығы машиналарын жасау саласының дамымауы, ал ұсақ агроқұрылымдардың көптігі мал шаруашылығы саласына теріс әсерін тигізетінін атап өті.
«Өндірушілер мен сатып алушылар арасындағы сенімсіздік пен тұрақсыз қатынастар, нарық пен қаржылық ресурстар туралы сенімді ақпараттың болмауы да тауар өндірушілердің әлеуетті нарыққа қол жеткізуіне теріс әсерін тигізеді.
Дамыған елдерде білім беру мен ғылыми-техникалық салалардың ішкі жалпы өнім көлеміне қосатын үлесі қомақты. Алайда жеке компаниялар қаржыландыратын ғылыми-зерттеу мекемелерінің ғылыми-техникалық қызметінің ұтымды үйлесімділігі, шетелдегі озық тәжірибелерді трансферттеу мәселелері әлі де шешілмей отыр», деді Н.Әбдіров.
Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өз кезегінде мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың нәтижелері туралы баяндады. Сондай-ақ министр агроөнеркәсіптік кешенді дамыту үшін қабылданған шараларға тоқталып өтті. Оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында сақтандырудың жаңа жүйесі енгізілгенін, тұқым шаруашылығын субсидиялау қолға алынғанын, машина-трактор паркін жаңарту қарқыны арта түскенін айтты.
«Былтыр еліміздің бүкіл экономикасы, соның ішінде агроөнеркәсіптік кешен үшін күрделі болды. Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуы, сондай-ақ 2020 жылы қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар коронавирус пандемиясына байланысты күрделі жағдайларда отандық агроөнеркәсіптік кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. Мәселен, жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,7 пайызға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл – Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Азық-түлік өндірісі 4 пайызға өсті», деді С.Омаров.
Ведомство басшысы келтірген деректерге сүйенсек, ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынатын инвестициялар көлемі 15 пайызға, тамақ өнімдері өндірісіне құйылған инвестициялар көлемі 13,5 пайызға өскен. Соның нәтижесінде агроөнеркәсіптік кешенге салынған инвестициялардың жалпы көлемі 677,2 млрд теңгені құрап, жоспарланған межеден 154,2 млрд теңгеге асып түсті.
«Саланың жыл сайын толық қаржыландырылмауына қарамастан, дағдарысқа қарсы шараларды ескере отырып, өткен жылы субсидиялау көлемі 366 млрд теңгеге дейін жеткізілді. Бұл 2016 жылғы деңгейден 1,6 есе көп. Субсидиялау барынша жеңілдетіліп, толықтай автоматтандырылды. Осылайша субсидия беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік туындады. Субсидиялауға қойылатын талаптарға өзгерістер енгізу арқылы шағын және орта фермерлерді субсидиямен қамту ауқымы кеңейтілді», деді С.Омаров.
Министрдің айтуынша, өсімдік шаруашылығындағы барлық субсидия бірыңғай қағидаларға біріктірілді. Өсімдіктерді қорғау құралдарын субсидиялау кеңейтілді. Енді гербицидтер ғана емес, пестицидтердің басқа да түрлеріне субсидия беріледі. Субсидияларды күнтізбелік жыл аясында емес, тұқым, тыңайтқыш, пестицид сатып алынған күннен бастап 12 ай ішінде алу мүмкіндігі басты жаңалықтардың бірі болып отыр.
Агроөнеркәсіп кешені субьектілері үшін жеткілікті кепіл базасы болмаған жағдайда екінші деңгейдегі банктердің кредиттеріне кепілдік берудің жаңа тетігі қолжетімді болмақ. Мұндай қадам Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы жүзеге асырылады.
«2020 жылдан бастап республикада агроөнеркәсіптік кешенді ерікті сақтандырудың жаңа жүйесі іске қосылды. Жаңа жүйеде сақтандыру сыйақыларын 50 пайыз көлемінде субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау көзделді. Жүйеге сақтандыру жағдайлары басталған кезде төлемдердің кепілдігін қамтамасыз ететін халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылды. Барлық сақтандыру процестері толығымен автоматтандырылған. Өсімдік шаруашылығында сақтандыру өнімдері және алғаш рет мал шаруашылығында ірі қараны сақтандыру бекітілді», деді С.Омаров.
Оның айтуынша, 2020 жылғы көктемгі дала және егін жинау жұмыстарының қорытындысы бойынша астық егетін алты өңірде 115 мың гектар дәнді және майлы дақылдар сақтандырылды. Сақтандыру жағдайлары нәтижесінде 518,2 млн теңге төленді. Мал шаруашылығында 2 117 бас ірі қара сақтандырылды.
Сенатор Дүйсенғазы Мусин мемлекеттік бағдарламаның көрсеткіштерін орындау кезіндегі проблемаларға назар аударды.
«Ұлттық экономика министрлігі бағдарламаның іске асырылу барысына жүргізген мониторингтің қорытындыларына сүйенсек, 2020 жылы 8 нысаналы индикторға және 45 нәтижелі көрсеткішке қол жеткізу, сондай-ақ 111 іс-шара өткізу көзделген. Алайда қолдағы деректерге сәйкес, былтыр тек 3 нысаналы индикаторға қол жеткізілген және жоспарланған іс-шаралардың өткізілуі тек 45 пайызды құраған», деді Дүйсенғазы Мусин.
Сондай-ақ депутат 2015 жылмен салыстырғанда, еңбек өнімділігі, жалпы өнімнің көлемі, ауыл шаруашылығы мен тамақ өнімдері өндірісіндегі негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлем индекстері және экспорт-импорт көрсеткіштері секілді маңызды индикаторлар орындалмағанына назар аударды.
Сенаторлар мемлекеттік бағдарламаны толық іске асыру үшін тиісті заңнамалық база қалыптасқанын айтып, енді мекемеаралық өзара іс-қимылды арттыру қажеттігін жеткізді. Одан бөлек, депутаттар аталған мемлекеттік бағдарлама аясында жоспарланған нысаналы индикаторларға қол жеткізу мақсатында түбегейлі шаралар қабылдау керектігін де тілге тиек етті.
Іс-шараға орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, ұлттық холдингтердің, бизнес қауымдастықтың және ғылыми мекемелердің өкілдері қатысты. «Үкімет сағатының» қорытындысы бойынша ұсынымдар әзірленіп, Үкіметке жолданды.