Әлемдегі ең бай адамның бірі – Джеф Безоспен бірге ғарышқа ұшуға арналған бір орын өткен сенбіде 28 миллион долларға сатылды. Онлайн түрде өткен аукцион ашылғаннан кейін 4 минуттың ішінде ұсыныстар саны 20 миллионнан асып кетті.
Осылайша, әлемдегі ең қымбат билет 7 минуттың ішінде сатылды. Әзірге оның иесі кім екені белгісіз. Джеф Безос иелік ететін Blue Origin компаниясы жұлдызы жанған адамның аты-жөнін алдағы бірнеше аптада хабарлауға уәде беріп отыр.
Amazon-ның негізін қалаушымен бірге ұшуға әлемнің 159 елінен 8 мыңға жуық үміткер қатысқан. Дегенмен онлайн аукционға ең жоғары ұсыныс жасаған 20 адам ғана енген екен.
Аукцион жеңімпазы Безос және оның інісі Маркпен Батыс Техастағы Blue Origin ғарыш айлағында үш күндік дайындықтан өткеннен кейін ғарышқа ұшады.
Blue Origin компаниясы жоспар бойынша алғашқы сапарды биылғы шілдеге жоспарлап отыр. Соған сәйкес, New Shepard ғарыш кемесі алғаш рет аспан әлеміне адам алып шықпақ.
New Shepard кемесінде жолаушыларға арналған капсула бар. Сапар барысында жолаушылар 10 минут аспан әлемінде болады. Капсула жерден 104 километр биіктікке дейін көтерілмек. Ал жалпы сапардың ұзақтығы 40 минутқа созылмақ.
Толығымен автоматтандырылған капсулаға 6 жолаушы сыяды. Blue Origin-нің сату бойынша жетекші директоры Ариан Корнелл аукционнан кейін кемеге кімдердің нақты мінетінін алдағы уақытта хабарлайтынын жеткізді.
Айта кетерлігі, New Shepard-тың ғарышқа ұшырылуы «Аполлон-11» кемесінің Айға қонғанына 52 жыл толуымен тұспа-тұс келіп отыр. Аукционнан түскен қаражат Blue Origin’s for the Future клубына, яғни жастар арасында ғылым мен технологияны насихаттауға берілмек.
Есерсоқ 4 айға сотталды
Франция президенті Эммануэль Макронды бетінен шапалақпен тартып жіберген 28 жастағы жігіт 4 айға бас бостандығынан айырылды.
Сондай-ақ Дамьен Тарельге қосымша 14 ай шартты жаза кесілді. Бұдан бөлек, Тарельге бес жыл бойы мемлекеттік қызметте болуға және қару иеленуге тыйым салынды.
Валанс қаласының соты осындай шешім шығарды. Тарель сотта өзінің оңшыл көзқарастағы адам екенін, Макронды Франциядағы жағдайдың нашарлауына кінәлі деп санайтындықтан, қол көтергенін жеткізген.
Франция президентінің баспасөз қызметі осы оқыс оқиғаға қарамастан, Макрон халықпен кездесе береді деп мәлімдеді.
«Президенттің халықпен бетпе-бет жүздесуі – өте маңызды шара. Еліміз індеттен қатты жапа шекті. Біз дағдарысты еңсеріп, экономикамызды қалпына келтіруіміз керек. Ал мемлекет басшысы шешім қабылдау үшін тұрғындармен жүзбе-жүз тілдесіп, олардың пікірін білуі тиіс», дейді Франция президентінің баспасөз хатшысы Габриэль Атталь.
Естеріңізде болса, өткен сейсенбіде Э.Макрон Дром департаментінде халықпен кездесуі кезінде оқыс оқиға орын алған-ды. Мемлекет басшысы көліктен шығып, қоршаумен бөлінген тұрғындармен кездесу үшін бір топ адамға жақындайды. Осы кезде бір ер адам Макронды қолынан ұстап тұрып, бетінен шапалақпен тартып жіберген. Президент күзеті шапшаң қимылдап, бұзақыны ұстаған.