• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әлем 16 Маусым, 2021

G7: Жаһанды алаңдатқан сауалдарға жауап

300 рет
көрсетілді

Өткен аптада әлем жұртының назары Англияның Корнуолл қаласына ауды. Қарапайым халық қана емес, ірі саясаткерлер мен сарапшылар ең ірі экономикаға ие көшбасшы мемлекеттер жетекшілерінің, яғни «Үлкен жетіліктің» кезекті кездесуін жіті бақылады. Мұның себебі көп.

Халықаралық қоғамдастық үшін үлкен маңызға ие мұндай кездесу жыл сайын өткенімен, биылғы жиын бұрынғыдан өзгерек. Өйткені бүкіл әлем бір жылдан астам уақытқа созылған жаһандық дағдарыстан шығып, бо­йын жаза бастағанға ұқсайды. Мұны G7 секілді жоғары деңгейдегі кездесудің алғаш рет онлайннан офлайнға ауысып, бетпе-бет өтуінен байқауға болады. Әлде дамыған елдер басшылары осылайша жаппай вакциналаудың тиімді тәсіл екенін іс жүзінде көрсеткені ме бұл? Бір сөзбен айтқанда, індетке қарсы екпе алған көшбасшылар маскасыз суретке түсіп, Англияның жағалауында жүздесіп, арқа-жарқа болып қалды. Одан бөлек, бұл оқиға халықаралық саясат пен экономикада аса ықпалды АҚШ-тың жаңа президенті Байденнің топқа қосылуымен ерекшеленді. Бұрынғы президент Дональд Трамптың тосын пікірлері мен даулы шешімдері әріптестерін тығырыққа тірегенін ескерсек, бұл кездесу алпауыт елдердің алдағы өзара ынтымақтастығы қалай өрбитінін көрсетіп берді.

Үш күндік саммитке Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония және АҚШ мемлекеттерінің басшылары мен Еуроодақтың атынан Еуропалық комиссия мен Еуропалық кеңес президенттері қатысты. Сонымен қатар биыл Үндістан, Оңтүстік Корея және Аустралияның тәжірибе алмасуға шақырылғанын айта кету керек.

Саммиттің нәтижесінде жарияланған ресми құжатта денсаулық сақтау, экономика, қоршаған ортаны қорғау сала­ларындағы мәселелерге басымдық беріл­ген. Басты назарға алынған бұл мәселелер дамыған елдерді ғана емес, жаһанды алаңдатқан сауалдар деп бағаланып отыр.

Мәселен, пандемиямен күрес – соңғы жылдағы барлық үкімет пен мемлекет басшыларының күн тәртібіндегі маңыз­ды іс-шаралардың бірі екені белгілі. Сол сияқты «Үлкен жетілік» саммиті бұл мәселені күн тәртібінің басына қойды. Онда ұжымдық мақсат ретінде 2022 жылы пандемияны тоқтату мәселесі айқын­далды. Көшбасшылар келесі жылы індетті толығымен жою үшін әлем тұр­ғындарының кем дегенде 60 пайызын вакциналау керектігін алға тартты.  Ол үшін жиынға қатысушылар кедей елдерге бір миллиард COVID вакцинасын беруге уәде берді. Одан бөлек, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын реформалау мен нығайту және вакцина табу мен емдеуге кететін уақытты 100 күнге дейін қысқартуға ұмтылу секілді шаралар да айтылды. Бұл адамзаттың алдағы індеттерге дайын болуына тікелей қатысты. Кез келген белгісіз індетті анықтап, емдеуде және вакцинасын аз уақытта табуда көшбасшы елдердің қосар үлесі зор деп есептейді саммитке қатысушы тараптар.

Пандемиямен қатар, мемлекеттер эко­номикалық дағдарыспен бетпе-бет келгені белгілі. Осы орайда Байден­нің экономиканы ынталандыруды жалғас­тыру туралы пікірін өзге мемлекет басшы­лары қолдады. Ұлыбританияның пре­мьер-министрі Борис Джонсон 2008 жыл­ғы экономикалық дағдарыстан сабақ алу керектігін баса айтты. «Біз соң­ғы эко­но­микалық дағдарыстың қате­лік­терін қайталамауымыз керек, қоғамның барлық бөлігі қалпына бірдей келуі ке­рек», деді Джонсон. Бұл  – экономика­ны барлық жерде бірдей қалпына келтіру үшін мемлекеттен бөлінетін қар­жы көбеймесе, азаймайды деген сөз. Бұл пі­кірді қатысушылардың барлығы қолдады.

Салық мәселесінде де үлкен өзгерістер болды. G7 қаржы министрлері өткен аптада Лондонда жаһандық салық режімін қатаң­датуға негіз болатын тарихи келі­сім­­ге қол қойған. Facebook, Amazon се­кіл­ді ірі компаниялар табысы бойынша бар­лық елде салық төлеуі тиіс. Бұл бұ­рын­­ғыдай штаб пәтерін табыс салығы тө­мен елдердің біріне орналастырып, тө­лем­­­нен жалтаратын бизнеске тосқауыл болмақ.

Экономикаға келгенде бұл кездесуде Қытай мәселесінің көтерілетіні бесенеден белгілі болған. АҚШ президенті Байден Қытайдың кейбір әрекеттерін сынға алып, шара қолдануды ұсынды. Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қытайдың вакцина саясаты секілді жобаларының «жасырын пайданы» көздейтінін айтқан көшбасшылар тұрмысы төмен елдерге балама ретінде жоғарыда айтқан бір миллиард доза вакцина беруді ұйғарды.

Одан бөлек, жиында Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» жобасы да назарға ілікті. Қытайдың әрекеттеріне шүйліккен АҚШ жауап ретінде осы жобаға ұқсас бастама ұсынып отыр. Десе де G7-нің кейбір қатысушылары, соның ішінде Италияның премьер-министрі, G20-ның қазіргі төрағасы Марио Драги  Джо Байденге Қытаймен бәсекелестікті Климаттық дағ­дарыс сияқты басқа да маңызды мәселе бойынша ынтымақтастыққа кедергі келтірмейтіндей етіп жүргізуге шақырды. Жалпы, Байден Қытай мен Ресейді ең ықпалды елдер арасында тағы бір «сыбап алғысы» келгендей әсер қалдырды. Сәрсенбіде Байден мен Ресей президенті Путин алғаш рет Женевада кездесетінін ескерсек, осы апта саяси сахна айтулы оқиғаларға толы болғалы тұр.

Саммиттің қорытынды құжатында Ресейге де арналған жолдар бар. «Үлкен жетілік» солтүстіктегі көршіміздің кейбір даулы мәселелерге қатысты іс-әрекетін түсіндіріп, халықаралық адам құқықтары саласындағы міндеттемелерін орындауға шақырып отыр. Сол секілді жаһандық бей­бітшілікке қауіп төндірген өзге де аймақтар мен мемлекеттер мәселелері де айтылған.

Жиында көтерілген келесі маңызды мәселе климатқа қатысты болды. Қан­ша жауыр болған тақырып екеніне қара­мастан, мәселенің өзектілігі мұнымен тоқ­тамайтын түрі бар. Басты мәселелердің бірі дамушы елдерде көмірді пайдалануды азайту болып тұр. «Үлкен жетілік» 2009 жылы қабылданған климаттың өзгеруіне қарсы іс-қимылды жандандыруға келісті, кедей елдердегі қалдықтарды азайтуға көмектесу үшін жылына 100 миллиард доллар беру міндеттемесін қайта қолға алды. Жалпы, осы мәселеге қатысты батыл шешімдер айтылғанымен, сарапшылар оның барлығының орындалуына қазірдің өзінде күмәнмен қарап отыр. Се­бебі ұсыныс болғанымен, міндетті орындаушы мен толыққанды ақпарат жоқ.

Сонымен, саммит нәтижесі бойын­ша қандай да бір әрекет бола ма деген­ге көбі күмәнмен қарайды. Әлем көш­бас­шыларының өзге де кездесулері секілді, «Үлкен жетілік» те уәдеден аспайды деген сыни пікір көп. Сарапшылар сам­мит­тің қорытынды құжатындағы мәсе­лелердің осыған дейін де талай рет айтыл­ға­нын алға тартады. «Құжатта нақты белгі­ленген міндеттеме жоқ, бар­лығы жалпы­лама» деген де пікір кезде­сіп жатыр. Одан бөлек, сыни пікір білдіру­ші­лер жа­һандық мәселелерді шешуде үстел басында Қытай, Ресей секілді ірі мем­ле­кеттердің болмауын да негізге алды.

Саммит күні Қытай елшілігінің Лондондағы өкілі осыған ұқсас пікір айтты. «Ғаламдық шешімдер шағын құрамда қабылданатын күндер артта қалған», деген сыңайдағы пікірмен Қытайдың  қарсылығын білдірді.

Сонда саммиттің қандай маңызы бар? Ұсыныстардан бөлек, бір жыл бойы бетпе-бет келіссөз жүргізбеген Ба­тыс көшбасшылары үшін бұл – үл­кен мүмкіндік. АҚШ президенті Байден­нің жоғары деңгейдегі кездесуде өзге әріп­­тестерімен ынтымақтастығын нығай­туға бағытталған жол, Трамп билігі алыс­татқан кейбір байланысты қайта орнатқан сәт. Ал Ұлыбритания үшін Брекситтен кейін халықаралық саясаттағы толық дербестігін танытқан кездесу болды.