• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Маусым, 2021

Жергілікті өкілді билік: мүмкіндіктер уақыты

1023 рет
көрсетілді

Жаһанда қалыптасып отырған қиындықтарға қарамастан, Қазақ­стан өзінің экономикалық-әлеуметтік, саяси реформаларына сер­пін беруге күш салу үстінде. Соның бір бағыты – қоғам мен мемле­кет арасындағы тиімді қарым-қатынасты жандандыру мәселесі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев транс­парентті және есеп беретін мемлекет қалыптастырудың нақты қа­дам­­дарын көрсетіп берген болатын. Сол бағытта мемлекеттік басқару, оның ішінде жергілікті бас­қа­ру жү­йе­сі де нақты нәтижелерге жету жо­лын­да жұмыстар жүргізуде.

Осы тұрғыда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен тұтас мемлекеттің тиімділігін арттырып, барынша ашық және есепті мемлекетті қалыптастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы іске асуда.

Билік пен халық арасындағы байланыстың маңызды бір бөлігі жергілікті мемлекеттік басқару екені анық. Жергілікті мемлекеттік бас­қа­руды тиісті аумақтағы істің жай-күйіне жауапты жергілікті өкілді және атқарушы органдар жүзеге асыратыны Конституциямызда нақ­ты­ланған. Сондықтан «өкілдік» мағы­на­сын терең түсініп алу да өзекті.

Жергілікті өкілді орган – мәсли­хат­тар тиісті әкімшілік-аумақ­тық бө­лі­ністегі халықтың еркін білдіреді. Жалпы мемлекеттік мүдделер ая­сын­да оны іске асыру шараларын бел­гі­лейді және бақылайды. Ал мәс­ли­хаттағы басты тұлға – халықтың көз­қарасы мен мүддесін білдіретін депутат. Соңғы мәслихаттар сайлауы пар­тиялық тізіммен өтті. Ен­ді­гі жерде өкілдікке байланыс­ты біршама тұ­жырымдарға жаңаша қарауды уақыт­­тың өзі талап етуде.

Мәслихаттар халық мүддесін қор­ғап, мәселелерді шешуге атсалыса ал­маса, қоғамдық қолдауға ие бола алмайтыны, әлеуметтік мәртебесі де көтерілмейтіні анық. Әрине, қалай болғанда да мәслихат пен оның комис­сия­ларындағы мә­се­лелерді ше­шуде басты рөл депутаттар үле­сі­не тиеді. Ол үшін мәс­лихаттар мен әкім­дік­тер, қо­ғам­дық кеңес, қауым­дас­тықтар, жер­гі­лік­ті өзін өзі басқару жүйесі өзара үй­ле­сімділікте болуы тиіс. Сайып кел­ген­де, барлығының мақ­саты бір – ха­лықтың тұрмыс-тір­ші­лігінің са­па­сын арттыру.

Мәслихаттар жұмысының өлше­мі – сессиядағы шешімдерінің тиім­ді­лігінде, яғни  сессия белгілі шешім­дер­ді немқұрайды мақұлдай салмай, әлеуметтік-экономикалық, қо­ғам­дық-саяси қатынастарға қатыс­ты мәселелерді іскерлікпен талқылау, шешім қабылдау үшін өткізілуі керек. Оны қамтамасыз етудің басты шарты ретінде мәслихатта мандаттары бар партиялардың сессияда қаралатын мәселелер бойынша өз ішіндегі дайындықтары маңызды.

Мәслихаттардың жергілікті мем­лекет­тік басқаруға тиімді атсалысуы депутат­тық фракцияның, топтың, жеке­леген депутаттың деңгейіне не­гіз­­де­леді. Олар мәслихат шешімін жү­зе­ге асыруды ұйымдастыруға, мем­­­ле­кеттік органдардың, кәсіп­орын­­­дардың, мекемелердің, ұйым­дар­­­дың жұмысын бақылауға алып, басқа да өкілдіктерін жүзеге асырады. Бұл ретте, Nur Otan партиясы өзінің өміршең тәжірибесі арқылы елі­міздің жетекші саяси күшіне айнала білді. Ендеше партия қолға алған бастамалардың тиімді болуы біз үшін сынақ әрі жауапкершілік болмақ.

Партиялық фракция немесе де­пу­тат­тық топ мүшелері партия­ның басқару органдарында талқы­лан­­ған ұс­та­нымдарына сәйкес пі­кі­рін жеткізіп, жұмыс барысына өз баға­­ларын беріп, анықталған олқы­­лық­тарды алға тартып, оны жөндеу туралы сын-ескертпелері мен ұсы­­ныстарын айтуы қажет. Әрбір мәселені жан-жақты сараптау ар­қылы мұқият келу партияның алда­ғы сайлаудағы үгіт жұмысының құ­рамдас бөлігі деп қарауға тиіспіз. Сессияда шығып сөйлеуге депутаттар жауаптылықпен дайындалғаны дұрыс. Мәслихаттардың алдында тұрған негізгі міндеттерді ойдағыдай атқару депутаттардың бастамалары мен белсенділігіне байланысты. Демек, депутат болу – зор жүгі бар жауапкершілік. Оның иы­ғын­да сайлау­шылар жүктеген аманат тұр. Айты­латын фактілер мен мәлімет­тер­дің дұрыстығына әуелі өзінің көзі жетуі тиіс. Жөн-жосықсыз айта салу­ға болмайды. Ондай жағдайлар арамызда бар­шылық. Мүмкін тәжіри­бе жетіс­пей жатқан да болар. Мы­са­лы, Қы­зылорда облыстық мәсли­ха­ты құ­рамының үштен екісі жаңарды.

Біз кейбір мәселелерді тез әсер ете­тін тәсілдермен шешуге ұрына­мыз. Бұл ауруды емдемейтін, тек уақытша басатын дәрі ішу әдісі сияқты. Осындай тәсілдер аз уақытқа мәсе­ленің өзектілігін басқанымен, дерт ошағы сол күйінде қалады, кейін қайта бас көтереді. Алдын-ала күн тәртібіндегі мәселелер бо­йын­ша бюджет әкімшілерімен, қо­ғам­­дық ұйымдармен, сол саланың арда­герлерімен, мәселе көтеріліп отыр­­ған жердегі тұрғындармен кез­де­сіп, кеңесіп алған жөн. Арнаулы әдебиет­тер, күнделікті баспасөзден тіке­лей көмек алуға болады.

Сонымен қатар өзінің көтерген мәселесін әзірлеуге, олар жөнінде шешімдер қабылдауға, қабылданған шешімдерге байланысты мекемелелер тарапынан істелетін жұмысты бақы­лауға қатысуы депутаттың мәр­те­­бе­сін көтеретіні анық. Депутат­та­рымыздың осындай жүйелі жұмыс жасауға үйренуі арқасында мінез этикасынан гөрі тұлға этикасы арта бе­ре­ді. Ал тұлға этикасы біріншіден, адам­дар және қоғаммен байланыс ма­шығына, екіншіден, позитивті мен­талдық ұстанымға байланысты күшейеді.

«Әрі тарт та, бері тартқа» салатын болсақ, халықтың наразылығы артқан үстіне арта береді. Тартыс­қан­нан емес, жарасқаннан жетілеміз. Соңғы мәслихат сайлауында де­путаттардың дербестік мүмкіндігі арта бастады. Партиялық праймериз арқылы жаңа белсенді азаматтардың жергілікті билікке араласуына жол ашылды. Осы ұстаным одан әрі жетілдіріле түс­уі тиіс. Әйтпесе депутаттар әкім­дер­дің бақылауымен сайланған деген қоғамдағы пікір өзектілігін жойған жоқ және өкілді орган атқарушы биліктің ықпалында деген ой-сананы ыдырата алмаймыз.

Тәуелсіздік жылдарындағы әкім­ші­лік реформалар барысында әкім­дік институттарының рөлі арттырылды. Елдің тұтастығына және Президент саясатын қамтамасыз ету­ге жауапты тұлға – әкім. Бұл жү­йе өзін өзі ақтауда.

Біз өзара тәуелді әлем­де­міз. Өзара тәуел­ділік – адам­ның жеке бас ер­кін­ді­гіне негіздел­ген құн­ды­лық. Өзара бетпе-бет қа­тыс­­пай-ақ та, ақпараттық немесе зияткерлік еңбек дәуірі болғандықтан өзара бай­ланыстамыз. Ал жетістікке жету бізден жеке қабілеттен бөлек, өзара тәуелді икемділікті, ептілікті талап етеді. Сондықтан жергілікті мемле­кет­тік басқару жүйесінің тиімді болуы жергілікті өкілді және атқарушы орган­дарының екеуіне тікелей байла­ныс­ты.

Мәслихаттардың мемлекеттік бас­қару жүйесіне кіретінін де еске­руіміз қажет. Кейбір саясаттану­шы­лар мәслихаттарды мемлекетті басқару жүйесінен өзін өзі басқару жүйесіне ауыстыруды ұсынуда. Де­мок­ратиялық принциптер тарапынан келгенде назар аударатын ұсы­ныс. Онда әкімдердің құзыре­ті­мен қарама-қайшы келмеуін ойластыру қажет. Дегенмен, бүгінде мәслихаттардың құзыретін көрсете алатын мәртебесі де – күн тәрті­біндегі мәселе. Ал мәр­те­­бені көте­ру­дің басты жолы – өкіл­дік қыз­метінің маңыздылығын арт­тыру. Бұл өз тарапынан азаматтық қо­­ғам тетіктерінің артып, билік жү­йе­­сін жетілдіре түсуге ықпал етеді.

Азаматтарды жергілікті проблемаларды шешуге араластыру арқылы тұр­ғындардың әлеуметтенуімен қа­тар, саяси санасын күшейтіп, саяси-құ­қықтық мәдениетін арттыра аламыз. Бұл өз кезегінде әртүрлі әлеу­мет­тік топтардың мәселелерін шешу мүмкіндіктерін кеңейтеді.

Орталық пен жергілікті билік саты­ларының қарым-қатынасы түйін­ді жайт екені қай заманнан бел­­­гілі. Орталықтағылар өңірлік мәсе­­­ле­лердің кейбірін дайындалған анық­тама арқылы біледі. Тіпті кейбір жа­уапты қызметкерлер билік саты­ла­ры­ның өзіндік ерекшеліктерін түсіне бермейді.

Содан барып идеясы дұрыс, жүзеге асуы дүдәмал шешімдер дү­ние­ге келіп жатады. Бұл – дирек­тива­лық басқарудың белгісі. Сон­дық­тан да жергілікті өкілді би­лік­тің маңыздылығы күннен-күнге артып келеді. Балама көзқарас­тар мен пікірлердің орын алуы шешім қабыл­дайтындардың жауапкер­ші­лі­гін көтеріп, басқару тиімділігі арта түседі. Халықтың арасында ысылған, әлеуметтік тұрғыда шыныққан, сол орта­дан шыққан өкілді орган мүше­ле­рі ғана тепе-теңдікке қол жеткізуге сеп болары анық.

Өкілдік мағынасын да уақыттың талабына байланысты әртүрлі түсіне бастадық. Негізінен өкілдік ету әр тарихи кезеңдерде саяси пікірталасты ту­дырып отыратыны өткенімізден бел­гілі.

Билік болған жерде өкілдік кімнің атынан болуы тиіс деген сұрақ саясаттанушыларды мазалап келеді. Біздің қоғамда өкілдікті сайлау мен дауыс беру деп түсінетіндер жет­кі­лікті. Ал сайланған саясаткерлер өзінің сайлануына мүмкіндік туғыз­ған билік жүйесіне немесе сол билік жүйесін қалыпты деп қарайтын ха­лық атынан өкілдік ете ме? Әлде өздері сайланған партияның атынан ба? Болмаса өздері мүше болып саналатын мәслихаттың көзқарасынан шығуы тиіс пе? Ай­налып келгенде бәрінің іздегені – саяси теңдік қағидаларының өмір­шең болуы.

Өкілдік пен демократия қатар айтыл­ғанмен, екеуінің айырма­шы­лығын да түсінуіміз керек. Де­мок­­ра­тияның басты қағидасы – халық басқаратын үкіметтің болуы. Ал жо­ғары және жергілікті би­лік ара­сын­­дағы айырмашылықтың бір бел­­гісі – өкілдік қағидалары. Сон­дық­тан билік пен халық арасында өз көзқарастарын тиімді үйлестіре ала­тындай өкілді демократиялық қағи­далар бізге жақын болып шыға­ды. Ауыл әкімдерін сайлаудың маңыз­ды­лығы да осында.

Қалай болғанда да өкілдік ету – адамгершілік, моральдық парыз. Бұның элиталық та сипаты бар. Өйткені өкілдік жасау сеніміне ие бол­ғандар халықтың мүддесі үшін өз бетінше шешім қабылдауға ат­са­лысады. Бірақ алдымыздан «Осы­­ның барлығы тиімді бола ма?» деген сұрақ шығады. Жалпы өкілдік түсінігі, адамдардың саяси ұйымдарға, партияларға бірігуінен бұрын қалыптасқан. Олар бізге анағұр­лым тәуелсіз болып көрінеді. Бірақ қоғамның дамуы барысында олардың қауымдық мандатқа ие болуы тиімді бола бастады, яғни партиялық тізіммен сайлану ар­қы­лы көпшіліктің сеніміне кіріп, ама­натын арқалау құзыретіне қол жет­кізеді. Енді саясаткерлер сайлау­шылар мен өздерінің көзқарас­тарын жеткізетін «алтын көпір» қызметін өз партиясының саясатына берілгендігі арқылы жүргізеді. Партиялық тізіммен сайлауда жеңіс­ке жеткендердің уәдеде тұру жауап­тылығы артады. Жеңген пар­тия­ның сайлауалды бағдарламасы кейбір кезде Үкімет саясатын жаңадан туындаған жағдайларға байланыс­ты икемдеуге кедергі болуы да ық­ти­мал. Биылғы жылдың басында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасының Жол картасы бекітілді. Ендігі жерде партиялардың сайлауалды бағдарламасын іске асырудың тәжірибесін дамытуымыз қажет. Өмірде әрқайсымыз қалып­тас­қан тәжірибелерді, дүниелер­ді көреміз. Бірақ бұл табиғи заң­ды­лықтар шыңынан көрінетін «объек­тивті шындықпен» толық үйлесе бермейтінін де сеземіз. Ал заң­ды­лық­тарды өзгертуге шамамыз жетпей, қайта сол заңдылықтармен соқ­ты­ғысып жатамыз. Тәжірибе көр­сеткендей, жергілікті мемлекеттік және өзін өзі басқару жүйесі – тірі ағза секілді, үнемі жаңартуды, жетіл­ді­руді, дамытуды талап етеді. Осы сатылардан өтіп, әбден кемеліне келген жүйеден ақау шықпасы анық.

 

Наурызбай БАЙҚАДАМОВ,

Қызылорда облыстық мәслихатының хатшысы