Солтүстік Қазақстан облысындағы «МолПродукт» зауытында сүт өнімдеріне цифрлы таңбалау жүйесін енгізу жобасы сынақтан өткізілді. Жобаны отандық QR Trace компаниясы Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Қазақтелеком» компаниясымен бірлесіп жүзеге асырды.
Еуразиялық экономикалық одақ аумағында тауарларды сәйкестендіру құралдарымен таңбалау туралы келісімге сәйкес, Қазақстан тауарларды қадағалаудың ұлттық жүйесін іске қосқаны белгілі. Сөйтіп, интеграциялық процестер шеңберінде тері бұйымдары мен темекі өнімдерін міндетті таңбалауды енгізді. Сонымен қатар биыл республикада дәрі-дәрмектерді, алкоголь, аяқкиім мен сүт өнімдерін таңбалау бойынша қанатқақты жобалар іске қосылды.
Жалпы, Одаққа мүше елдер тауарларды таңбалау мен оны қадағалау жүйесін кезең-кезеңімен енгізеді және бұл 2022 жылдан бастап міндетті шараға айналады. Яғни көрсетілген және қолдан жасалатын өнім түрлерінің QR-белгісі болмаса, мұндай өнімдер дайындаушы елден тыс аумақта сатылмайды.
Таңбалауды енгізу бірінші кезекте тұтынушылардың құқығы мен мүддесін қорғау үшін керек. Бұл тауарларды өндіру және оны тасымалдау туралы мәліметтердің ашықтығын қамтамасыз етеді.
Штрих-кодта тауардың өндірістен дүкен сөресіне жеткенге дейінгі бүкіл тарихы жазылады. Мәселен, өндірілген орны мен күні, жарамдылық мерзімі, өнімді сауда нүктелеріне жіберу уақыты және тағы басқа да деректер қамтылады. Тұтынушы бұл ақпараттың барлығын смартфонының көмегімен QR-код арқылы оқи алады. QR-кодтар тек тіркелген кәсіпорындарға ғана беріледі. Осылайша, жүйе контрафактілік тауарларды өндірушілердің сауда-логистикалық тізбегінен автоматты түрде өшіреді.
Сонымен қатар тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізудің бизнес үшін бірқатар артықшылығы бар. Айталық, нарыққа жалған өнімдер шығаратын заңсыз тауар өндірушілермен бәсекелестік мәселесі шешіледі, логистикадағы шығындар азаяды, тауарларды есепке алу жеңілдетіліп, жеделдетіледі. Жаңашылдықтың нәтижесінде көлеңкелі экономиканың үлесі қысқарады. Адал еңбек ететін кәсіпкерлердің тиімділігі артады әрі бюджет кірісі ұлғаяды. Сондай-ақ салық түсімдерінің өсімі әлеуметтік міндеттемелерді орындауға ғана емес, бизнесті қосымша қолдауға да бағытталатын болады.
Қазіргі уақытта Қазақстандағы таңбалаудың бірыңғай операторы – «Қазақтелеком» АҚ. Компания салалық мемлекеттік органдармен бірлесіп, тауарлардың кейбір түрлері бойынша қанатқақты жобаларды іске қосты. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы қанатқақты жоба сүт өнімдерін өндірумен және экспорттаумен айналысатын «МолПродукт» ЖШС базасында жүзеге асырылғанын жоғарыда айттық. Аталған кәсіпорындағы таңбалау жүйесін QR Trace компаниясы техникалық серіктесі «Первый БИТ» ЖШС-мен бірлесіп енгізді.
– Тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу үшін белгілі деңгейде шығындануға тура келеді. Сондықтан бизнес өкілдерінен сұрақтар туындауы мүмкін. Біз қанатқақты жобаны іске асыру барысында үлкен жұмыс жүргіздік. Бір жылға жуық уақыт нарықты, түрлі шешімдерді зерттедік және нәтижесінде кәсіпкерлеріміз үшін ең оңтайлы нұсқаны таптық. Біз бұл шешімді «МолПродукт» ЖШС базасында сынап көрдік. Онда заманауи өндірістік желі орнатылған. Таңбалау жабдықтарын біріктіруді жүзеге асырдық. Сондай-ақ 1С есепке алу жүйесін бейімдеу және жетілдіру жұмыстарын реттедік, – дейді QR Trace ЖШС директоры Алмаз Маралов.
Петропавлдағы «МолПродукт» кәсіпорны өнімінің басым бөлігін Ресей Федерациясына экспорттайды. Компания басшылығы жаңа технологияларды енгізуге мүдделі. Бұл оларға экспорттық және ішкі нарықтардағы қарқынын сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің хабарлауынша, жүйе сынақтан сәтті өтті. Оның нәтижесі талданып, ауыл шаруашылығы саласындағы таңбалау тәжірибесі алдағы уақытта негізге алынбақ.