Газетіміздің өткен 8 маусым күнгі №106 санында Токио-2020-ға жолдама алған еркін күрес балуандары жайлы сараптама мақала жазған едік. Бұл жолы күрестің грек-рим стилі бойынша Олимпиада кілемінде өнер көрсететін жігіттердің жеткен жетістіктері мен оларға қарсылас атанушы спортшылардың әлеуеті туралы басылым оқырмандарын хабардар етуді жөн көрдік.
Реті келгенде айта кетсек, грек-рим күресі балуандары әлем чемпионатында 10 салмақ дәрежесінде белдесетін болса, осының алтауы (60, 67, 77, 87, 97, 130 кило) олимпиадалық сайыс түріне жатады. Біздің жігіттер осындағы алты салмақтың үшеуінен Токиоға жолдама алып үлгерді. Соның біріншісі – 60 кило салмақ дәрежесі. Бұл салмақ бойынша Олимпиадаға үміткер екі балуанымыз бар. Біріншісі – ақтөбелік 27 жастағы спортшы Мейрамбек Айнағұлов. Бұл жігіт 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатында 59 кило салмақта күміс жүлдегер атанса, Азия біріншілігінің екі дүркін (Бангкок-2016, Нью-Дели-2017) жүлдегері. 2018 жылы 60 килоға ауысып, Джакартада өткен Азия ойындарында қола медаль еншілеген еді.
2019 жылы Нұр-Сұлтанда жалауын көтерген әлем чемпионатында өнер көрсеткен Айнағұлов алғашқы айналымда Бразилия үміті, Панамерика ойындарының қола жүлдегері 35 жастағы Марат Гариповты қиналмай жеңсе, екінші айналымда литвалық Ю.Петраикюсті 4:2 есебімен ұтып, ширек финалдық белдесуде хорватиялық Иван Лизатовикті 10:0 ұпаймен еркін еңсерген болатын. Қола медаль үшін украиналық балуан Ленур Темировпен белдесіп, оны 10:0 есебімен жеңіп, қоржынымызға жүлдемен қатар, лицензия салды. Бір сөзбен айтқанда, ол – әлем және құрлықтық жарыстардан олжа салып жүрген өте тәжірибелі балуан.
Бұл салмақта тағы бір мықты балуанымыз бар. Ол – 1996 жылы туған қызылордалық Сұлтанғали Айдос. Ол 2018 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатында жүлдегер атанса, өткен жылы ел біріншілігінде жеңістің ең биік тұғырына көтерілді. Сонымен қатар көктемде Алматыда ұйымдастырылған Азия чемпионатында тағы да топ жарды. Бапкерлер өткен наурыз айында Италияда ұйымдастырылған турнирге екі балуанды қатар алып барған еді. Бұл жарыста Сұлтанғали чемпион атанса, Мейрамбек жарыс жолын ерте аяқтады. Бұл екі балуанның қайсысы Токио төрінде өнер көрсететіні кешікпей шешіледі.
Аталған салмақ бойынша әлемде ең мықты балуан – 2019 жылғы әлем жеңімпазы жапониялық Кэнъинтиро Фумита. Бұл жігіттен М.Айнағұлов екі дүркін ұтылса, С.Айдостың жолы әзірге түйісе қойған жоқ. Сонымен қатар бұл салмақта 2018 жылғы әлем чемпионы ресейлік Сергей Емелин, Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері өзбекстандық қазақ балуаны Елмұрат Ташмұрадов, әлемнің үш дүркін жүлдегері, Азияның бес дүркін жеңімпазы ирандық Алиреза Неджати осал қарсыластар емес. Бұлардан басқа, 2018 жылы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған молдаван балуаны Виктор Чобануды да естен шығаруға болмайды. Сөзімізді түйіндеп айтар болсақ, мамандардың болжауына қарағанда, Айдостың аталған салмақта Олимпиада жүлдесіне ілігу мүмкіндігі бар көрінеді.
Екінші жолдама 77 кило салмақ дәрежесіне бұйырыпты. Бұл лицензия иесі – 1986 жылы туған сақа балуан, 2018 жылы 82 кило салмақта Азия жеңімпазы атанған Асхат Ділмұхамедов. Ол 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем біріншілігінің бірінші айналымында Чехия балуаны Олдрич Варганы екі минуттың ішінде 9:0 есебімен ұтып, екінші кезекте ресейлік атақты балуан, екі дүркін Олимпиада және әлем чемпионы, төрт дүркін Еуропа жеңімпазы Роман Власовпен жолы түйіскен-тін. Көпшілік мамандар жеңісті әлдеқашан ресейліктің қанжығасына байлап тастағандай еді. Бірақ намысқа тырысқан Асхат атағынан ат үркетін ресейлікті балшықша иледі. Есеп – 3:0. Осылай жеңіске жеткен Ділмұхамедов жартылай финалдық бәсекеде Сербия мақтанышы, 2017 жылы Парижде өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Виктор Немешпен белдесті. Күрес тағдыры 4:3 есебімен біздің жігіттің пайдасына шешілді. Осылайша, әлемнің екі мықтысын жарыс жолынан шығарған ол финалдық бәсеке жолында Олимпиаданың күміс жүлдегері мажар Тамаш Лоринцтен жеңіліс тауып, жүлделі орын үшін өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовпен күресіп, қарсыласына 3:1 ұпайымен есе жіберген еді. Сөйтіп, 5-орынды қанағат тұтумен қатар, Олимпиада жолдамасын жеңіп алған болатын.
Бұл салмақ бойынша әлемнің мықты балуандарының басында екі дүркін Олимпиада (Лондон-2012, Рио-2016) және әлем чемпионы Роман Власов және 2018 жылғы әлем чемпионы, Еуропа ойындары мен Еуропа чемпионы Александр Чехиркин тұр. Сондай-ақ тағы бір ресейлік мықты спортшы, 2019 жылы Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында 72 кило салмақта чемпион атанған Абуязид Манцигов бар. Ол биыл 77 килоға ауысып, Ресей чемпионы атанды. Бұлардан басқа, Лондон Олимпиадасының күміс жүлдегері мажарлық Томаш Лоренц, әлем біріншілігінің екі дүркін (2017, 2019) жүлдегері ирандық Гераеи Мұхамедали, 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы және әлем чемпионатының жүлдегері өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратов жеңісті қолдан бере салатындар санатынан емес.
Бірақ Асхат үшін кәнігі қарсыластар – ресейліктер. Екі жыл бұрын Ділмұхамедов атақты Власовты әлем чемпионатында ұтса, 2019 жылы Чехирхинді Тұрлыханов турнирінде қапы қалдырған болатын. Күрес мамандарының пайымына қарасақ, бұл салмақтан бізге жүлде алуға мүмкіндік бар.
Үшінші лицензия 87 кило салмаққа бұйырды. Оны тәжірибелі балуан, 2014 жылғы Азия чемпионы және күміс жүлдегер (2015) Нұрсұлтан Тұрсынов сәуір айында Алматы қаласында өткен Азия құрлығының Олимпиадаға іріктеу турнирінде жеңіп алды. Ол – қазақ күресінен «Қазақстан Барысы» атанған Мұхит Тұрсыновтың інісі. Бұл салмақта мықтылардың бәрі еуропалықтар. Бәсекенің күштілігі соншалық, ресейліктердің өзі лицензиясыз қалды. Соған қарағанда, бізге жүлденің ауылы алыс сияқты.
Мамандардың сараптауына қарағанда, бұл салмақ бойынша Олимпиада жеңімпазы мен жүлдегері болуға лайық балуандар: Рио Олимпиадасының финалисі және әлемнің екі дүркін (Лас-Вегас-2015, Нұр-Сұлтан-2019) жеңімпазы украиналық Жан Беленюк, мажар жігіті, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Виктор Лоренц, Олимпиада және әлем чемпионатының жүлдегері, неміс балуаны Денис Кудла, Сербия атынан кілемге шығып жүрген Еуропаның үш дүркін чемпионы Зураб Датунашвили, азиялықтар арасынан әлем чемпионатының (Нұр-Сұлтан-2019) қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы өзбекстандық Рустам Ассакалов. Бірақ Ассакаловты Тұрсынов 2014 жылғы Азия біріншілігінің финалында тізе бүктірген болатын.