• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Маусым, 2021

Еңбек қауіпсіздігі ескерусіз қалмайды

733 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпиде­миялық жағдай, экология­ны жақ­сарту және кәсіпорындарда еңбек қауіп­сіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.

КВИ жұқтыру көрсеткіші 16%-ға төмендеді

Бірінші мәселе бойынша Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой халықты вакциналау барысы мен қазіргі жағдай туралы баяндады.

Оның айтуынша, соңғы аптада КВИ анықталған жағдайлар саны 16%-ға төмендеді. Республикада 15 маусымдағы жағдай бойынша инфекциялық төсектік орындар жүктемесі – 23% (6 655 орын), реанимациялық төсектік орын­дар жүктемесі 21%-ды (568 төсек) құра­ды. Жұқпалы аурулар стационар­ларын­дағы төсек­тік орындар жүктемесі мен ауру­шаң­дық жоғары бол­ған 7 өңірге министрліктің жұмыс тобы барды. Денсаулық сақтау бас­қармаларына өңір­де медициналық көмекті ұйымдастырудағы анық­талған кемшіліктерді ескере отырып, ұсы­нымдар берілді.

Жүргізілген жұмыс қорытындысы бойынша инфекциялық және реанимациялық орындар жүктемесінің оң динамикасы байқалады.  Бір­қатар өңірде көпбейінді ауруханаларда ин­фекциялық бөлімшелердің жабылуы есебі­нен төсектік орын қорының қысқаруы байқалады (15 маусымдағы жағдай бойынша 19 сәуірмен салыстырғанда Алматыда 5,6 есе, Алматы облысында 3,6 есе қысқарған). 

«Соңғы айда КВИ+ және КВИ- науқас­тарының саны тәулігіне 2505-тен 757 жағдайға дейін, яғни 3,3 есеге азайды, стационарлық емдеу­дегі науқастар саны 2,1 есеге, амбула­торлық емдеудегілер 1,7 есеге азайды. Бүгінгі күні вакцинаның шамамен 4 млн дозасы пайдаланылды, оның ішінде бірінші компонентін 2 547 363 адам алды, бұл вакцина алуға жататын халықтың 25,7%-ын құрайды. Ал екінші компонентті 1 435 334 адам алды», деді А.Цой.

Бүгінгі күні егу пункттерінде вакцина дозаларының жеткілікті саны бар: бірінші компоненттің шамамен 1,2 млн дозасы және екінші компоненттің 914 мың дозасы бар. Бірінші компонентпен вакциналаудың ең аз пайызы –  Маңғыстау облысында (13,2%), одан кейін Қостанай облысында (19,5%); екінші компонент Маңғыстау облысында – 7,3%.

Ведомство басшысының айтуынша, бүгінгі таңда Ashyq жүйесі барлық қызмет саласындағы 10 мыңнан астам нысанды қамтиды, 2 млн 100 мың пайдаланушы тіркелген. Вакциналау пас­порты Ashyq қосымшасымен біріктіріліп жатыр. Маусым айының соңына дейін Ashyq жобасын әуежайларда, теміржол вокзалдарында енгізу жоспарлануда. Сонымен қатар Ashyq енгізілген сәттен бастап, ПТР тестінің оң нәтижесімен 4401 және ауырған адаммен байланыста болған 3981 адам анықталды.

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау минис­тр­лігі мен әкімдіктерге санитарлық-эпидемия­лық жағдайды бақылауда ұстауды, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігіне санитарлық-эпидемиялық шараларды сақтауға және халықты вакциналауға ерекше назар аударуды тапсырды. «Маска тағу режімі, әсіресе ғимарат ішінде қатаң сақталуы тиіс. Мониторингтік топтар жұмысты жандандырсын. Аймақтағы көршілерімізде аурудың өсуі байқалады, сондықтан қосымша алдын алу шара­ларын қа­был­дау қажет. Ең алдымен вакцинамен қамту­ды кеңейту керек. Вакциналаудың күнделікті көлемін арттырған жөн», деді А.Мамин.

Премьер-Министр Ashyq қосымшасын одан әрі енгізуді, ақпараттық-түсіндіру жұмыс­тарын кү­шейтуді және халықты вакциналауға ынта­лан­дырудың пәрменді тетіктерін әзірлеуді тапсырды.

Экологияны жақсарту мәселелері қаралды

Үкімет отырысында экологияны жақсарту мәсе­лелері қаралды. Бұл жөнінде Экология, гео­ло­гия және табиғи ресурстар министрі Мағ­­зұм Мырзағалиев, Шығыс Қазақ­стан об­лы­­сы­­ның әкімі Даниал Ахметов, Алма­ты қала­сы­­ның әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қар­аған­ды облы­­сының әкімі Жеңіс Қасымбек баяндама жасады.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Nur Otan партиясының бағдарламасын орындау аясында 2 млрд ағаш отырғызу, еліміздің солтүстік өңірлерін газдандыру, 6 қоқыс өңдеу зауытын салу жобаларын іске асыруды бастау және тағы басқа да мәселелер бойынша ауқымды жұмыс қолға алынғандығын айтты. Көлік құралдары шығарындыларының атмосфераға әсерін төмендету үшін қоғамдық көлікті газға ауыстыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр, электр көлігінің санын ұлғайту ынталандырылуда.

Қабылданып жатқан шаралар 2025 жылға қарай 10 қалада атмосфераның ластану ин­дек­сін жоғары деңгейден орташа деңгейге дейін төмендетуге және жалпы алғанда, ауа сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Жү­йелі экологиялық проблемаларды шешу мақ­са­тында үздік әлемдік практикаларды еске­ре отырып, жаңа Экологиялық кодекс қа­был­­данды, оның элементтерінің бірі – ірі өндіріс­терде озық технологияларды енгізу. Жер­гі­­лікті атқарушы органдар жұртшылықпен бірле­сіп, қоршаған ортаның ластану деңгейін төмен­детуге, көгалдандыруға, «тарихи ластануларды» жоюға бағытталған Жол карталарын әзірлеп, бекітті.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Ми­нистр автопаркті жаңарту бойынша кешенді шараларды одан әрі іске асыруды, отын сапасы мен шығарындылар көлеміне бақылауды күшейтуді, электр көлігі санының өсуін ынталандыруды тапсырды. Үкімет басшысы жақында электрмобильдерге кәдеге жарату алымын алып тастауды мысалға келтірді.

А.Мамин Экологияны жақсарту бойынша өңірлік жол карталарын, әсіресе биыл іс-шаралардың жартысынан азы орындалған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына орындауды жандандыру қажет екенін атап өтті. Үкімет басшысы атмосфераға зиянды қалдықтарды азайту мақсатында өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін ең озық қолжетімді технологиялар бо­йынша анықтамалықтарды уақтылы әзірлеуді тапсырды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне Экология, геология және табиғи ресурстар, сондай-ақ Қаржы министрліктерімен бірлесіп, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған полигондардың үлгілік жобасын әзірлеу, әкімдіктермен бірлесіп, қолданыстағы заңнаманың жаңа талаптарына сәйкес құрылыс полигондарын құру мәселесін пысықтау тапсырылды.

 

Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз етудің жаңа жоспары бекітілді

Үкімет отырысында кәсіпорындарда қауіп­сіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету шаралары қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Серік Шәпкенов, Төтенше жағдай­лар министрі Юрий Ильин, Қостанай облы­сының әкімі Архимед Мұхамбетов, Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндама жасады.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрі Серік Шәпкенов өз баяндамасында Қазақстанда жұмыс істейтін мың адамға шақ­қанда жазатайым оқиғалардың жиілік коэф­фициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін төмендегенін айтты. «Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам кәсіптік ауру тіркеледі. Олардың саны кейінгі үш жылда 21%-ға азайды. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы бес жылда өндірістік жарақат алғандардың саны 10%-ға, оның ішінде қаза тапқандардың саны 16%-ға төмендеді. Ал мың адамға шаққандағы жазата­йым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін түсті», деді ол.

Биыл бес айдың қорытындысы бойынша жа­за­тайым оқиға салдарынан 564 адам зардап шекті. Олардың 19,5%-ы – тау-кен, метал­лургия кәсіпорындарында, 10%-ы – құры­лыс саласында және 4,5%-ы коммуналдық шаруа­шылықтарда жарақат алды. Ресми статистикаға сәйкес 2020 жылы кәсіпорындарда зерттелген 1,6 миллион жұмысшының 367 мыңы зиянды еңбек орнында жұмыс істеген. Олардың басым көпшілігі өнеркәсіптік өңірлерде, яғни Қарағанды, Пав­лодар, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау облыс­та­р­ында қызмет еткен. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрінің мәліметінше, әрбір екінші адам шу мен дірілдің, ал әрбір үшін­шісі жұмыс аймағында газдың ластануы мен шаң­данудың жоғары жағдайында еңбек еткен.

Экономика салалары бойынша зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне тиесілі. 2020 жылдың нәтижесі бойынша кәсіптік еңбек қабілетінен айырылған 14,7 мың азаматқа 15,5 млрд теңге мөлшерінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Оның ішінде 10 мыңға жуығына бюджет есебінен мем­ле­кеттік жәрдемақы мен сақтандыру қорынан төлемдер берілді, ал 6 мыңға жуық азамат Мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер алды. 46% азаматтың кәсіптік еңбек ету қабілетінен айырылу деңгейі 30 бен 59% арасын құрайды. Олардың көпшілігі жеңіл жұмысқа ауысады.

Соңғы үш жылда еңбек ету қабілетінен айырылған жұмыскерлердің үлесі 19%-ға төмендеді. 2020-2021 жылдары мемлекеттік еңбек инспекторлары 11 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады, оның ішінде 34%-ы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау са­ла­сына тиесілі. Атап айтқанда, қауіпсіз ең­бек жағдайларын қамтамасыз етпеу (20%); жұ­мыс­шыларды еңбек қауіпсіздігі бо­йынша оқыту мен нұсқама жүргізбеу (12%) жағдайлары тіркелген. Жұмыс берушілерге 4,3 мыңнан астам нұсқама беріліп, 278 млн теңге сома­да 1,6 мыңнан астам айыппұл салынған. Лауа­зымды тұлғалардың жауапкершілігін қа­рау мақсатында мемлекеттік еңбек инспек­торлары еңбекті қорғау талаптарын бұзу факті­лері бойынша 1,4 мыңнан астам материал­ды құқық қорғау органдарына жіберді, осы фак­тілер бойынша 193 қылмыстық іс қозғалды. «Қазіргі уақытта мемлекеттік бақылау құ­ралдарын жетілдіру мақсатында еңбекті қорғау талаптарының сақталуына профилактикалық бақылауды күшейту үшін ақпарат көздері мен тәуекелдерді автоматтандыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Тәуекелдерді басқарудың заманауи жүйесін енгізу мақсатында еліміздің 2,8 мыңға жуық кәсіпорны қауіпсіздік және еңбек­ті қорғау стандарттарын енгізді. Республика кә­­сіпорындарында 15 мың өндірістік кеңес жұ­­мыс істейді, олардың міндеттеріне еңбек­ті қорғау бойынша 17 мыңнан астам техни­ка­­лық инспектордың қатысуымен жұмыс орын­дарындағы еңбек жағдайларын тексеруді ұйым­дастыру кіреді», деді ведомство басшысы.

Елдегі 216 кәсіпорын Халықаралық әлеу­мет­тік қауіпсіздік қауымдастығы әзірлеген Vision Zero немесе «нөлдік жарақат» тұжы­рым­дамасын енгізді. Осындай жұмыс берушілерді ынталандыру үшін оларды декларациялау қағи­даттары негізінде профилактикалық бақы­лаудан босатуды көздейтін заңнамаға өзге­рістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.

Отырыста Қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі 2025 жылға дейінгі іс-қимыл жоспары бекітілді. Құжат тәуекелге бағдарланған тәсіл негізінде еңбекті қорғауды басқарудың ұлт­тық жүйесін жаңғыртуды, жұмыс орындарында кәсіптік тәуекелді азайту бойынша жұмыс беру­шілерді экономикалық ынталандыру жөнін­де ұсыныстар әзірлеуді, еңбекті қорғау сала­сын­дағы кәсіптік біліктілік пен ғылыми әлеуетті, әлеуметтік әріптестікті дамытуды көздейді.

Мәселені Үкімет басшысы Асқар Мамин қорытындылады. Оның айтуынша, жоспарды іске асыру нәтижесінде өндірістік жарақаттану – 10%-ға, зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлер саны 20%-ға дейін төмендейді деп болжанған. «Өндірістік кәсіпорындарда халықаралық Vizion Zero «нөлдік жарақат» тұжырымдамасын белсенді енгізу қажет. Әрбір жарақаттану жағдайы Төтенше жағдайлар министрлігінде мұқият талданып, қорытындысы бойынша оларды барынша азайту үшін кешенді шаралар әзірленуі тиіс. Халықаралық стандарттарға сәйкес келетін кәсіби сын-тегеуріндерді бағалау және басқару жүйесін енгізу қажет», деді А.Мамин.

Премьер-Министр тау-кен металлургия кешені мен құрылыс саласы кәсіпорындарына ерекше назар аудара отырып, өндірістік жара­қаттануды азайту жөніндегі жұмысты жандандыру қажет екенін атап өтті. Үкімет басшысы осы жылдың 1 желтоқсанына дейін жұмыс берушілер үшін еңбек қауіпсіздігі талаптарына сәйкестік бойынша өзін өзі бақылауға онлайн-платформа әзірлеуді, сондай-ақ Үкіметтің қа­рау­ына жұмыс берушілерді экономикалық жа­ғы­нан ынталандыру тұрғысынан заңнаманы же­тілдіру бойынша ұсыныстар енгізуді тапсырды.

Төтенше жағдайлар министрлігіне мүдделі мем­лекеттік органдармен бірлесіп, осы жыл­дың 1 қыркүйегіне дейін қауіпті өндірістік объек­тілердегі апатты жағдайды азайту жөніндегі жол картасын бекіту тапсырылды. Өңірлердің әкімдіктеріне кәсіпорындармен бірлесіп, биылғы 1 қыркүйекке дейін Қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз ету жөніндегі жол карталарын бекіту тапсырылды.