• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Президент 16 Маусым, 2021

Тоқаев ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі саммитіне қатысты

569 рет
көрсетілді

Қасым-Жомарт Тоқаев Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) ғылым және технология жөніндегі екінші саммитінің ашылу рәсіміне бейне байланыс арқылы қатысты, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Ғылым, технология және инновация: жаңа белестерге жол ашу» атты тақырып бойынша өткен жиынға Біріккен Араб Әмірліктері төрағалық етті. Қазақстан Президенті ИЫҰ-ның ғылым және технология жөніндегі алғашқы саммитінің төрағасы ретінде сөз сөйлеп, Біріккен Араб Әмірліктеріне және ИЫҰ Бас хатшысына виртуалды саммитті ұйымдастырғаны үшін барлық делегацияның атынан алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі жаһандық сын-қатерлер туралы айта келіп, ИЫҰ мемлекеттері мен жалпы әлемді тұрақты әрі өркендеген болашаққа қол жеткізу үшін үйлесімді іс-қимылдар жүргізуге шақырды.

Мемлекет басшысы ислам әлемі ғылыми ой-сананың негізі болғанын еске салды. Оның пайымдауынша, Ұйымның қазіргі тарихи міндеті өмірден өткен ұлы тұлғаларға құрмет көрсете отырып, ғылыми ілгерілеу жолымен алға қадам басу.

Президент ұлы ойшыл Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығының атап өтілуіне орай ИЫҰ-ға мүше елдердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің 47-сессиясында арнайы қарар қабылдағаны үшін Ұйым мемлекеттеріне алғыс білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы Саммиттің Астана декларациясы мен 2026 жылға дейінгі ИЫҰ бағдарламасының жүзеге асырылуы Ұйымды одан әрі дамытудың өзекті мақсаттары мен міндеттерін дер кезінде айқындауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы бірқатар нақты ұсыныс айтты. Президент пандемияға қарсы күрестегі ортақ күш-жігер туралы айта келіп, вакциналарды әділ бөлуге және оларды саяси құрал ретінде пайдалануға жол бермеуге шақырды.

Президент Қазақстанның коронавирус індетіне қарсы QazVac вакцинасын әзірлегені және оның қазіргі уақытта ДДСҰ-да мақұлдау рәсімінен өтіп жатқаны жөнінде мәлімдеді.

«Қазақстан ИЫҰ-ға мүше елдерге гуманитарлық көмек ретінде өз вакцинасын ұсынуға дайын болады. Сонымен қатар біз QazVac вакцинасын Ислам ынтымақтастығы ұйымына мүше өзге де елдерде өндіру мүмкіндігін қарастыра аламыз», деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер бойынша кешенді әрі заманауи инфрақұрылымның бар екенін атап өтіп, ғылыми жетістіктер мен технологияларды кең түрде бөлісуге дайын екенін жеткізді.

«Біздің академиялық және ғылыми-зерттеу институттарымыздың флагманы саналатын Назарбаев Университеті, сондай-ақ, Astana IT орталығы жасанды интеллект, Big Data және кибер қауіпсіздік салаларындағы бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жобалар үшін база қалыптастыра алады», деді Президент.

Мемлекет басшысы ИЫҰ-ға мүше елдер үшін білім беру және ғылыми зерттеулер сапасын арттыру басты басымдыққа айналуы қажет екенін айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға қарай Қазақстан ғылым саласының қаржыландырылу үлесін ішкі жалпы өнімнің 1 пайызына, ал білім беру ісінде 7 пайызына дейін арттыруды көздеп отырғанын жеткізді.

Мемлекет басшысы ИЫҰ-ға мүше елдердің студенттері үшін бакалавриат бағдарламасы бойынша отандық оқу орындарында 100 грант бөлуге дайын екенін мәлімдеді.

Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде экономиканы цифрландыру, мемлекеттік қызмет көрсету сапасын жақсарту, Теңізге шығатын жолы жоқ дамушы елдер тобына қолдау көрсету жұмыстарын жалғастыру мәселесін де көтерді. Сонымен қатар климаттың өзгеруіне қарсы күреске және қоршаған ортаны қорғауға, көміртегінен ада экономика қалыптастыруға бағытталған еліміздің күш-жігері туралы айтты.

Президент өз сөзінде елдеріміздің келешегі ғылыми-техникалық және инновациялық даму саласындағы жетістіктерге байланысты екеніне сенім білдірді.

«Ислам әлемінің ғылыми әлеуеті зор деген ортақ пікірді қолдаймыз. Алайда адам капиталын дамытуда, әсіресе сапалы білім беру ісіндегі инвестициялардың көлемін арттыруымыз қажет. Сонымен қатар ғылыми ықпалдастығымызды нығайтып, дамыту өте маңызды болып отыр. Дәл осы шаралардың арқасында ислам әлемінің ғылым мен инновация саласындағы абыройын арттыра аламыз», деді Мемлекет басшысы.

Қазақстан Президенті Біріккен Араб Әмірліктерінің Үкіметін және халқын ел тәуелсіздігінің 50 жылдығымен және «Әл-Амал» спутнигінің Марс орбитасына сәтті шығуымен құттықтады. Сондай-ақ Мемлекет басшысы бұл жетістіктің барша ислам әлемі үшін аса маңызды екенін атап өтті.