• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Коронавирус 17 Маусым, 2021

Індетті үйде жұқтырғандар көп

151 рет
көрсетілді

Қарағанды облысы «қызыл аймақта» екі айға жуық уақыт болды. Мұның өзі өңірдегі эпидемиялық жағдайдың қаншалықты күрделеніп кеткенін көрсетті. Әйтсе де, кешенді түр­де жүргізілген жұмыстардың нәтиже­сінде қалыптасқан жағдай оңалып, өңір «сары аймаққа» өтті.

Санитарлық-эпидемиялық сала­ның мамандары енді осы көрсеткіш тіпті жақ­сарып, сырқаттардың саны азая беретін болса, онда өңірдегі карантиндік шектеу­лер шеңберінің кеми түсетінін айтады.

Індет ошақтарына талдау жүргізген сарапшы мамандар ауруды жұқтырудың оқиғалары үй жағдайында көп болатынын анықтап отыр. Мұндағы көрсеткіш 26 пайызды құраған. Қоғамдық көлікте жүріп жұқтырғандардың да үлес салмағы мол. Автобустармен әрі-бері жүріп, жаман індетке ұрынғандардың көрсеткіші 16%-ға жетіпті. Ал ауырғандардың арасында жас шамасына қарай зейнеткерлер топ басында тұр. Олардың үлес салмағы 25%-ды құраса, 21% көрсеткіші бар жұмыс істемейтіндер де егде адамдардан қалысар емес.

Қазіргі таңда өңірде өмірдің тыныс-тірлігі өзінің бұрынғы қалыпты жағдайына қайта келе бастағанын айта кеткен ләзім. Бұған, әсіресе, Ashyq жобасының ықпалы зор болып тұр. Атап айтқанда, аталған мобильді қосымша іске қосылғалы жұмыс істеуге рұқсат етілген кәсіпкерлік нысандар қарасы молайған.

Бүгінде облыста бас санитарлық дәрі­гердің рұқсат етуімен балалардың ойын-сауық орталықтары, цирк, қонақ­үйлер жұмыс істей бастады. Әлбетте бұл жер­лерде санитарлық талаптар әлі де болса қатаң сақталады. Мәселен, балалар орталықтарында бір мезгілде 30-дан аса жеткіншек болмауы керек. Үлкен орта­­лықтарда 60 адамға дейін ғана болуға рұқсат берілген. Ал енді отельдер мен қонақ­үй­лерге адам саны жағынан шектеу­лер қойыл­майды.

Бұдан бөлек тұрғындарды қуантқан тағы бір жаңалық – демалыс күндері облыс ішінде жүретін жолаушылар таситын автобустардың маршруттары жандана бас­тады. Қазір облыс орталығынан өңірдегі қалалар мен елді мекендерге еш шектеусіз қатынауға болады.

Қазір – балалардың каникул уақыты. Осыған орай олар баратын жерлердің де жұмысы «тіріле» бастады. Дегенмен 12 жас­тан асқан жеткіншектер компьютер клубтарына, цирк пен кинотеатрларға Ashyq мобильдік қосымшасынан ерікті түрде өтіп барып кіре алады.

Тағы бір айта кететін жайт, жобаға қатысушы кәсіпкерлік нысандар басқа да платформаларды пайдалана алады. Мысалы egov mobile, Аitu, Kaspi.kz, Halyk Bank, Sberbank.kz сияқты қосымшалар тұрғындарға қызмет етуге әрқашанда дайын.

Айта кету керек, өткен тәулікте Қара­ғанды облысында 160 адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Ал кейінгі түскен мәліметке сай, соңғы тәулік­те өңірдегі 115 науқас сырқаттан айығып шыққан.

 

Қарағанды облысы