• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2010

БІЛІМ САПАСЫНЫҢ КӨРСЕТКІШІ МҰҒАЛІМ ЖАУАПКЕРШІЛІГІ МЕН ОНЫҢ КӨШБАСШЫЛЫҒЫНА ТӘУЕЛДІ

3735 рет
көрсетілді

Бір замандары тамыры бір мем­лекеттің идеясына байланып, одан кейін өз тәуел­сіздігін жариялап, төркүл дүниеге әр қыры­нан танылып жатқан Достастық елдерінің мұғалім­дері мен білім қызметкерлерінің тұң­ғыш съезінің екінші күнгі жұмысы негі­зі­нен білім сапасын көтеруге, мұғалім дайын­дау ісін жандандыруға бағытталды. Алғаш­қы сөзді Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі Андрей Фур­сенко алып, жаһандану заманында білім беру ісін бір­лікте жүргізудің пай­дасы ерекше болаты­нын, бұл халық­аралық деңгей­дегі білім бәсекелес­тігіне кең жол ашып, қабілет­тілік­тің артуына, мемле­кет­тердің интеллектуал­дық, кәсі­би әлеуетінің тұрақты өсуіне тигізе­тін септігіне тоқталды. Әрбір ел­дегі жақ­сы жетістікті білім стан­дартына сай қол­дану­дың еш артықтығы жоқ­тығын тілге тиек ете келе, ол осыдан біраз жыл бұ­рын­ғы қиындықтар тұ­сында демогра­фиялық ахуалдың құлдырап кеткенін, ауылдық жерлердегі шағын мектептерде бала саны 10-15-тен аспай қалғанына нақты мысалдар келтіріп, мұғалімнің беделін көтеру мәселе­сіне ерекше тоқ­талды. Мектепте химия, математика, физика пәндерін жақсы оқыт­паған жерде ел экономи­касын көтеретін аза­мат­­тардың шықпай­тынын, мықты эко­но­мистер мен инженердің болмайты­­нын, ол пәндерге жауапты мұғалім екенін айта келіп, осыдан 20-30 жыл бұрын көш­­басшы да, үлгі алар, өнеге көрсетер адам мұғалім болатын. Қазіргі мұғалім­дер сол дәрежеде дей алмасақ керек. Себебі, осы күнгі оқушы­лар пән­ге қатысты дерек­терді интернеттен, теле­дидарлар­дан, өзге де жерлерден алады. Ендеше, осындай заманда мұға­лімнің мәрте­бесін қалай көтереміз, – деген министр Николай біріншінің Александр Пуш­кинге: реформаны бас­­та­мас бұрын не істеген жөн деген сұрақ қойғанын, сон­да ақын іркілмес­­тен білімнің іргетасын мықты қаламай надандықты жоя алмай­сың, – дегенін айтты. Осы тәмсілді ал­ға тарта отырып, ол жаңа заманның мек­тебі қалай болу керек деген ойға жауап беріп бақты. Жаңа мектеп – барлық адамға ортақ, жаңа мектепте – жаңа заманға сай білім беретін білімді, білікті мұғалім болуы тиіс, жаңа мек­теп – тек мұғалім мен баланың ғана емес, ата-ананың, қоғам­дық ұйымдар­дың ұйытқысы, уақыт талабына жауап беретін инфра­құры­­лым, ең бастысы білім сапасы­ның тұ­ғы­ры екенін еске салды. Ал оқу бағ­дар­ла­масы бұрынғы­дай қатып қалған қа­саң­дықтан арылып, қағазбастылық­тан құтылып, мұғалім­дер­ге еркіндік берілуі тиіс. Бірақ бұл арадағы еркіндік­тің арғы жағында мұғалімнің жоғарыда айтқан көшбас­шы­­лығы, білімділігі, парасаты жатуы тиіс. Он­дай болмаған жағдайда барлық іс сөз жүзінде қалып қояды. Мұғалім­нің мәртебесін көтеру дегенде, бірінші –моральдық жағынан, екінші – ма­те­риал­­дық жағынан жақсы мүм­кін­дік­тер қарастырылуы керек. Біз 2010  жылды Ресей мұғалімдерінің жылы деп жа­рия­лап отырмыз. Тағы бір айтарым, талант­ты мұғалім мен талап­ты балаға әркез қам­қор­лық көрсетіп оты­ру керек, деген ол білім – тәрбие ор­ныққан жер­де оқушының бо­йы­на даритынын айта келіп, тәрбиенің басы рухани құнды­лықтарда жатқанын, өзінің жастайынан елдің ардақты ұлдарын үлгі етіп өскенін, күні бүгінге дейін сол үрдіс­ті жал­ғас­тырып келе жатқанын, әсіресе Отанын сүюде Бауыр­­жан Мо­мыш­ұлы­на деген ілти­па­тының ерекше екенін білдіріп, Алек­сандр Бектің “Волоко­ламск тас жолы” повесін, қазақтың қас батыры­ның “Артымызда Мәскеу”, т.б. шығарма­ларын атап өтті. Білім және ғылым вице-министрі Мах­метқали Сарыбеков “Қазақстан Рес­­пуб­лика­сындағы жоғары педагоги­калық білімді жаңарту” деген тақырып бо­йынша ой қоз­ғап, еліміздегі жаса­лып жатқан білім рефор­масы, мұғалім­дердің білімін жетілдіру, білім маз­мұ­нын арт­тыру мәселелеріне де тоқ­та­­лып, сон­дай-ақ осы саладағы жаңа бі­лім техно­логиясы туралы да мәлімет берді. Съезд делегаттары бірнеше сек­цияда жұмыс істеді. Онда білім сапасын білім беру жүйесін қамта­масыз етуші фактор ретінде қарау, білім ұя­ларын нормативтік, оқу әдіс­темелік жа­ғынан толтырып отыру, оқу­лық­тар­­ мен оқу әдістемелерін әзірлеу, жетілдіру, кадр әлеуетін арт­тыру және тағы басқа мәселелер пікір бөлісуге арқау болды. Сол секілді құрылтайда педагоги­калық ынтымақтастықты зерттеп, зер­делеу, интел­лектуалды тұлғаны қалып­тастырудағы психологиялық-педагоги­калық тәжірибе, қазір­гі заманғы оқыту технологиялары мен электронды білім ресурстарының жаңа буынын қалыптастыру, көп тілділік пен халық­аралық ынтымақтастыққа жету жайы да жан-жақты сөз болды. Сондай-ақ оқулық пен оқу әдістемелерді әр елдің ерекшелігіне қарай жазу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Оның кейбір үлгілері көрмеден көрініс тапқанына куә болдық. ТМД мемлекеттері мұғалімдері мен білім қызметкерлерінің бұл съезінде білім берудің толғақты мәселелері қозғалып, әсіресе, жараты­лыстану пән­дерін оқыту, ортақ оқулықтар шығару жайы да қозғалды. Оқулық туралы әңгіме қозғағанда бірден айтайық, біз өзге мемлекеттердің, оның ішінде Ресейдің оқулықтарын баяғыдағыдай көшіріп алу деген ойдан мүлде аулақ­пыз. Біздің ғалымдар мен жаңашыл мұғалімдер Ресей, өзге де елдердің оқы­мыстылары бір­лесе отырып, Отаны­мыз­дың білім бағдарла­масына, оқу стандартына сай жазылатын болады, деген Білім және ғылым ми­нистрі Жан­сейіт Түймебаев құрыл­тайда кө­теріл­ген мәселелер болашақта өз шеші­мін табаты­нына сенім білдіре келіп, оқулыққа арналған мұндай басқосу алдағы уақытта Армения не Беларусь елінде өтетінін, білім беру саласы бойынша Қазақстан мен Армения ара­сын­дағы ынтымақтастыққа, сол секілді Қазақ елінің біліктілікті арттыру институты мен Ресейдің біліктілікті арттыру және қайта даяр­лау академия­сы арасында да ынтымақтас­тыққа қол қойылғанын, өзге де мемлекеттермен қарым-қатынасты нығайту туралы құжаттар қабылданғанын алға тартты. Сонымен жиырма екі жылдан кейін бас қосқан Достастық елдерінің мұғалімдері мен білім қызметкерлері алқалы жиынға арқау болған білім беру мен ұрпақ тәрбиесі, мұға­­л­ім жауапкершілігі, оқулық жазу, әдіс­темелер шығару, жаңа білім техно­логиясын бірлесіп жүзеге асыру туралы нақты ұсыныс-пікірді айтып қана қоймай, оны алдағы уақытта бірлікте жүзеге асыруға келісті. Сүлеймен МӘМЕТ, Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ, МҰҒАЛІМ ӨЗ ҚЫЗМЕТІН БІЛУІ КЕРЕК Қанипа БІТІБАЕВА, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, “Құрмет” орденінің иегері: Екі күн ішінде көптеген ұсыныс-пікірлер айтылды. Соның ішінде еліміздің Білім және ғылым вице-министрі М.Сары­­бековтің “Қазақстан Республи­касындағы жоғары педагогикалық білімді жаңғырту”, Ресей Федерациясының Білім және ғылым министрі А.Фурсенконың “Қазіргі заманғы мектептік білім ТМД кеңістігіндегі біріктіретін фактор ретінде” деген баян­дамаларындағы айтылған тың идеялар маған қатты ұнады. Өйткені, екеуінде де мұғалім туралы, олардың дайын­дығы туралы өте жақсы пікірлер қозғалды. Бүгінгі таң­да мектепте мұғалімнен бала білімді болып келеді. Интер­нет, БАҚ дегендерден жан-жақты сусындайтын бала­лар қашанда білуге құштар келеді. Сондықтан да осы жерде мұғалімнің де әрдайым өздерін жетілдіруге асыққандары жақсы. Мұғалім өз қызметін білуі керек. Құрылтайда көтерілген бас­ты мәселе де осы болды. Білім саласы деп жатырмыз, осы­ның бәрі мұғалімнің дайындығына тәуелді. Әр мұғалім ал­дында отырған балаға ұлттың болашағы, елдің ертеңі деп қарасын. Университетке, институтқа мұғалімдік мамандыққа талапкерлерді қабылдап жата­мыз. Сол талапкерлердің бала тәрбиелеуге, сабақ оқытуға қабі­леті бар ма, жоқ па, бұл ес­керіл­мейді. Мұндай жағдайда білімді мұға­лім қайдан шығады? Талапкердің білімін адам арқылы емес, “өлі тест” арқылы бағалайтын болдық. Мен – мұны қолдамайтын адам­мын. Мұға­лім даярлауды түбірімен өзгертуіміз керек. Сонда ғана мұға­лімнің беделі артады. Осы мамандыққа деген ұмтылыс, яғни талапкерлер көбейеді. Қазір әр облыс өздерінше институт ашып, мұғалімдерді қайта даярлап жатады. Соның бәрінде жұмыс сапалы жүреді дегенге мен сене қоймаймын. Мұндай институттың беделін көтеру керек. Беделі жоғын, тек ақша жасап отырғандарын жауып, ірілендіру қажет. Сөйтіп, мұғалім мамандығын жетілдіретін мықты универ­ситеттер ашып, онда мықты ғалымдар, жаңашыл ұстаздар дәріс оқуы тиіс. РОБОТ ЖАСАУДАН ДА БӘСЕКЕГЕ ТҮСЕТІН КҮН АЛЫС ЕМЕС Александр ЖУРБЕНКО, Семей қаласындағы тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебі физика пәнінің оқытушысы. Білім беру саласындағы аса көңіл аударатын әрі зор табыс алып келетін ол жаратылыстану пәндерін оқытуды жетілдіру болып табылады. Бүгінгі таңда жараты­лыстану ғылымдарының араласпайтын саласы мүлдем жоқ десе де болады. Сондықтан да бұл пәндерді терең оқытсақ болашақта бәсекеге төтеп бере аламыз. Соның ішінде кенже­леп қалған робот жасауды қолға алу керек. Көріп отырған­дарыңыздай, көрмеге қойылған 4 роботтың бәрін өзіміз оқу­шы­лармен бірге жасап шықтық. Робот жасау техникасы­ның курстары тұңғыш Президенттің интеллектуалды мек­тебінде бесінші сыныптан бастап оқыты­лады. Апта сайын прак­тикалық дәрістер жүргізіледі. Осы салаға бейімделген оқушылар­дың тарапынан қызығу­шылық өте жоғары деңгейде. Білім беру барысында оқушы­лар робот құрылым­дарын үйренеді. Олар қарапайым тапсыр­маларды орындай алатын роботтарды жасайды. Робот ол жай ғана темір-терсектерден жасай салған ойыншық емес, ол адам жұмы­сын жеңілдететін, көмекші. Роботты бағдарлай алатын маман ол – нағыз бәсекеге қабілетті адам. Сол себепті де бүгін­­гі таң­дағы көкейтесті мәселеге зор ықылас аударғанымыз жөн. Мем­лекет тарапынан үлкен қолдаулар болатын болса, робот жасаудан біз де бәсекеге түсетін боламыз. БІЛІМ САПАСЫ – АДАМЗАТ ДАМУ ПРОГРЕСІНІҢ ЕҢ ҮЗДІГІ Нәсіпқали ДӘУЛЕТОВ, Батыс Қазақстан облысындағы мамандандырылған дарынды ба­ла­­­лар мектебінің директоры, пе­­­да­­­гогика ғылымдарының кан­­­­ди­даты, “Құрмет” орденінің иегері. – Бұл съездің маңызы өте жоғары. Соңғы 15-20 жылда қай ұлт, қай ел, қай республика қандай жаңалықтар тапты, өз­дерінің ерекшеліктеріне сай ағарту жүйесін дамытуда қандай ин­новациялық жаңалықтар ашылғанын естіп білдік. Заман тала­бы әрбір адамның, әрбір оқушының жеке тұлға ретіндегі дамуын қамтамасыз ету. Бұл дегеніміз, білім инновация­сының не­гізгі қағидаты. Кеңес мектебінде қалыптасқан ағарту жүйе­сіне біз үлкен жаңалықтар, табанды реформалар жасай алмай отыр­мыз. Ал енді реформа жасау үшін, жаңалықтар енгізу үшін, өзге елдердің жеткен жетістіктерін көріп талдай алуы­мыз керек. Әрине, бізде үлкен жаңалықтар бар. Бейінді білім беру осы бағыттың бастамасы болып отыр. Бейінді білім беру саласында әсіресе мамандандырылған дарынды балалар мектебі, лицей-гимназиялар өте жоғары деңгейде тәжірибелер жинақтады. Екінші қол жеткен жаңалығымыз, ол – әлемдік бі­лім кеңістігіне сәйкес келетін жаңалық – тестік модельдің біз­­дің ағарту жүйемізге енуі. Тестік модель өзінің оқушыға қоя­­тын талабы жағынан, мемлекеттік стандарттың орындалу деңгейі қаншалықты дәрежеде жүріп жатқандығын анықтауда үлкен рөл атқарып отыр. Бір айта кететін жайт, білім сапасын біз тек қана “Алтын белгі” немесе “грант” иегерінің санымен есептейтін болсақ, онда білім жүйесі үлкен қателікке ұшырайды. Сапа – ең алды­мен ғылымда философиялық түсінік. Біз сол арқылы әрбір оқушының қандай дәрежеде білім алғандығын анықтай ала­мыз. Білім сапасы дегенде екі нәрсені ескеруіміз керек. Біріншісі әрбір баланың өз қабілетіне және қабілетінің ең жоғары деңгейіне сәйкес білім берілуі керек. Екіншіден, ол білім қазіргі қоғамның қойып отырған талабына жауап беретіндей болуы тиіс. РОБОТ ЖАСАУ МЕН ҮШІН ҚИЫН ЕМЕС Темірлан ЖҰМАНОВ, Астана қаласындағы тұңғыш Президенттің интеллектуалды мектебінің 8-сынып оқушысы. Компьютердің, соның ішінде бағдарлау­дың тілін жақсы меңгерген адам үшін робот жасау қиын емес. Біздің мектепте 5 сыныпта оқитын оқушының өзі қарапайым роботтар­ды емін-еркін жасап бере алады. Біз шетел­дерге шығып, өзге елдердің тәжірибелеріне сүйене отырып, өзіміздің жаңа идеяларымызды қосып, бүгінде күрделі қимыл­дарды орындайтын 10-ға жуық роботты жасадық. Алғашқы кезде роботтарды біз шетелдерден сатып алып келіп, жетекшілерімізбен бірге оның құрылымдық ерекшеліктеріне назар аудара отырып, үйренуге кірістік. Көп ұзамай өзіміз де оны жасауға бейімделдік. Роботты бағдарлау барысында оның амалдарына аса мұқияттылықпен қараған абзал. Өйткені, роботқа дұрыс бағдарлама енгізбесе, ол адамның өміріне қауіпті қимылдарды да орындауы ықтимал. ҰЛТТЫҚ ЖОБА – ӘР ЕЛДІҢ МАҚТАНЫШЫ БОЛУЫ ТИІС Александр АЛЕСИMНОК, Беларусь Республикасы. Әр елдің білім беру кеңістігінде өзіндік ұлттық жобалары болады. Ұлттық жобаны қалыптастыруда екі басты факторды ес­керуіміз керек. Біріншіден, әр елдің өн­ді­рі­­сі­нің, шаруашылығының, менталитеті­нің ерек­шеліктеріне сәйкес оқу-ағарту жүйесі бола­ды. Яғни, білім беруде әр ұлт өзі­нің ерек­­шеліктерін ескере отырып білім сапасын жетілдіруі керек. Ал екіншісі, дүниежүзілік деңгейде экономиканың, инфра­құры­­лымдық жүйелердің дамуына жауап бере алатындай білім беруіміз керек. Сонымен қатар, білім беру­дегі аса көңіл ауда­ратын нәрсе, ол ұстаздардың әлеуметтік жағдайы. Қоғам­да ұстаз мәртебесін қалай биіктете аламыз де­ген сұрақ төңіре­гінде ойла­натын болсақ, ең біріншіден, оқы­тушыларды толық кәсі­­билік тұрғыдан да, әлеуметтік жағы­нан да қолдап, жа­ла­қы­ла­рын мейлінше жоғарылату керек. Мәселен, көптеген батыс елдерінде мұғалімнің жалақы­лары шенеунік­тердің, тіпті министрлердің табыстарынан да жоғары. Мінеки, олардың еңбектеріне осылайша ілтипат көрсетілетін болса, сонда ғана ұстаздардың жауапкершілігі артады, оқушыларға үлкен талап қоя біледі.