• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Әдебиет 17 Маусым, 2021

Ел киесіз, жер иесіз қалмасын...

555 рет
көрсетілді

Әдебиетімізге әп дегеннен өз үні, өз тақырыбымен келген жазу­шының бірі, халықаралық «Алаш» әдеби сый­лығының лауреаты Тұрлыбек Мә­месейіт. Қарымды қаламгердің бүгінге дейін бірнеше прозалық жинағы мен әдеби зерттеу еңбектері жарық көрді. Атақты Таңжарық ақын туралы жазған көлемді романы да оқырмандардың ықыласына бөленді. Біз бүгін жазушыдан кейінгі жазған шығармасы жайында сұраған едік.

− «Атажұрт» деген көлемі 110 беттен асатын хикаятымды аяқ­та­дым. Оның бір үзіндісі жақын­да «Қазақ әдебиеті» газетінде жа­рия­­ланды. Мен таудың баласымын, әйгілі Хан Тәңірінің етегінде туып-өстім. Содан ба тауға деген сағынышым бір басылған емес. Қандай көркем дүние жазсам да соның ішінде таудың бейнесі жү­реді. Осыдан 4-5 жыл бұрын елге барып, өзім бала күнімде әкем­мен бірге қой баққан Хан Тәңі­рі­нің бойындағы жайлауды арман­сыз араладым. Сонда жайлауда бұрынғыдай жамыраған ел де, мың­ғырған мал да жоқ, жұрт көш­кен­дей құлазып жатыр екен.

Осы көрініс көз алдымнан ұзақ уақыт кетпей қойды. Ақыры жү­­ре- гімді күрсіндірген шер-мұңым­ды жазуға отырдым. Бұл хикаяттағы бас кейіпкер өмірде бар, өзімнің не­мере ағам. Қазір жасы сексеннен асса да аттан түскен емес. Өзі әйдік аңшы, қасқыр ғана емес, аю алған. Жақында сол кісінің баласына хабарласып: «Ағам қайда?» деп сұрасам, «Ағаңыз жайлауға көшіп кетті ғой» дейді. «Ой, әлі ерте емес пе?» десем, «Биыл біздің жақта нәр тамбай, қуаңшылық болып шөп шық­пады. Содан ту­ған-туыстың азын-аулақ малын жиып, кемпірі мен оқудан тараған неме­релерін ал­ды да тауға кетті» деп жауап берді.

Сол жолы елге барғанымда осы кісімен біраз әңгімелестім. Есімі – Нұрасыл, өзінің көп жылдан бері бір аяғы істемейді. Сонда да атқа мініп, аң аулап, мал бағады. Атты биік жерге қояды да, алдымен сол аяғын үзеңгіге салып, оң аяғын қолы­мен демеп, ерге отырады. Сосын жү­генді қолға ұстап, аты жүре бастағанда оң аяғын ердің алдыңғы жағына қайырып салып алады. Солай ат үстінде сағаттап жүреді. Ағамыз өмірбаянға өте бай. Әкесі өткен ғасырдың 20-жылдары колхоз басқарып, жұртқа егін салдырған. 1929 жылы оған біреулер «астық ұрлады» деп жала жауып, содан амалсыз Қытайға қашуға тура келген. Одан атақты Мергенбаймен жолдас болып, 30-жылдары, аштық пен қуғыннан босқан жұртты шекарадан көр­ші елге өткізіп отырған. Ақыры өзі де сол жылдары Қытайға кетіп, Қазақстанға 60-жылдары оралған. Осы оқиғалардың бәрі хи­каят­та баяндалады. Бұл шығар­мадағы негіз­гі айтар ойым: қазір жастардың көбі ауылда дені дұрыс жұмыс болмағасын қалаға сабылды. Сек­сеннен асқан Нұрасыл ағамның балалары да қалада. Ол кісінің өзі ата-бабамның сүйегі жатқан жерден ешқайда кетпеймін деп қозғалмай отыр. Ертең осындай текті қариялар өмірден өткеннен кейін ел киесіз, жер иесіз қалмай ма?! Осы сұрақ менің жанымды ауыртады.

– Шығармашылық сыры­ңызбен бөліскеніңізге рахмет.