Кеше Халықаралық менеджментті дамыту институтының (IMD, Лозанна, Швейцария) Әлемдік бәсекеге қабілеттілікті зерттеу орталығы 2021 жылдың әлемдік бәсекеге қабілетті елдерінің рейтингісін жариялады. Бұл рейтингте Қазақстан 35-орында тұр.
Ұлттық экономика министрлігінің ресми сайтында жарияланған мәліметке сүйенсек, IMD рейтингісі дегеніміз – «Экономикалық қызмет», «Үкімет тиімділігі», «Бизнестің тиімділігі» және «Инфрақұрылым» факторларын есепке ала отырып, бәсекеге қабілеттілікті бағалайтын кешенді зерттеу нәтижесі.
Биылғы зерттеуге әлемнің 64 елі алынған. Рейтингте жетекші орынға Швейцария ие. Үздік бестікке Швеция, Дания, Нидерланд және Сингапур кірген.
2021 жылдың зерттеу нәтижелері бойынша Қазақстан 2020 жылғы рейтингпен салыстырғанда 7 тармаққа көтеріліп, 35-орынды иеленген. Осылайша, біздің ел Португалия (36-орын), Индонезия (37-орын), Латвия (38-орын), Испания (39-орын), Словения (40-орын), Үндістан (43-орын), Ресей (45-орын), Түркия (51-орын) сияқты елдердің алдына шықты.
«Биыл Қазақстан рейтингтің барлық факторы бойынша өз позициясын жақсартты. «Үкіметтің тиімділігі» факторы бойынша Қазақстан өз позициясын 8 тармаққа жақсартып, 21-орынға тұрақтады. Жалпы, 5 субфакторда да еліміздің позициясы көтерілген. Атап айтсақ, «Мемлекеттік қаржы» – 19-орын (4-позицияға жақсарды), «Салық саясаты» – 5-орын (11 позицияға жақсарды), «Институционалдық орта» – 46-орын (4 позицияға жақсарды), «Бизнес туралы заңнама» – 25-орын (3 позицияға жақсарды) және «Қоғамдық құрылыс» –
29 -орын (9 позицияға жақсарды)», делінген министрліктің мәліметінде.
«Бизнестің тиімділігі» факторы бойынша Қазақстан позициясының 6 тармаққа – 28-орынға дейін жақсарғаны байқалады. Осы фактор аясында 4 субфактор бойынша көрсеткіштер жақсарған. Қазақстанның «Еңбек нарығы» субфакторы бойынша позициясы – 20-орын (12 позицияға жақсарды), «Қаржы» – 46-орын (1 позицияға жақсарды), «Менеджмент практикасы» –
13-орын (6 позицияға жақсарды), «Қатынастар мен құндылықтар» – 23-орын (6 позицияға жақсарды).
Ал «Экономикалық қызмет» факторы бойынша Қазақстан үш позицияға көтеріліп, 45-орынға ие болды: «Ішкі экономика» – 37-орын (4 позицияға жақсарды), «Халықаралық сауда» – 58-орын (2 позицияға жақсарды), «Сыртқы инвестициялар» –
47-орын (1 позицияға жақсарды), «Жұмыспен қамту» – 24-орын (9 позицияға жақсарды) және «Бағалар» – 13-орын (3 позицияға жақсарды).
«Инфрақұрылым» факторы бойынша Қазақстан төрт позицияға көтеріліп, 47-орынды иеленді. Үш субфактор бойынша позицияларды көтеру жақсы нәтиже көрсеткен: «Базалық инфрақұрылым» – 25-орын
(6 позицияға жақсарды), «Ғылыми инфрақұрылым» – 57-орын (1 позицияға жақсарды), «Денсаулық сақтау және қоршаған орта» – 55-орын (2 позицияға жақсарды).
Респонденттердің пікірінше, Қазақстан экономикасының неғұрлым тартымды бес факторының қатарына қолайлы бизнес-орта (респонденттердің
60%-ы), экономиканың серпінділігі (46,4%), қаржылық жағдайға қолжетімділік (45,5%), саясаттың тұрақтылығы мен болжамдылығы (42,7%) және салық жүйесінің бәсекеге қабілеттілігі аталған (40,9%).
Бұған дейін Boston Consulting Group Sustainable Ecot Asnomic Developmensessment 2021 (08.06.2021 ж.) жаңартылған зерттеуі барысында Қазақстан экономикасына берген бағасын жоғарылатқан еді. Зерттеу нәтижесі экономикалық орнықтылық, инфрақұрылым сапасы, мемлекеттік институттар мен қызметтер сынды салалар бойынша сараланған.