• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Руханият 18 Маусым, 2021

Арманына жеткен жан

563 рет
көрсетілді

Жоғары санатты дәрігер Алма Саятқызы Тохметова елордадағы №9 қалалық емхана ашылған күннен бері диагностика бөлімінің меңгерушісі болып еңбек етіп келеді. «Арманым орындалды! Балабақшадан бастап менің арманым дәрігер болу еді. Көріп отырғаныңыздай, мақсатыма қол жеткізе алдым», деді ол бізбен жолыққанда.

Елорда 20 жылдың ішінде қанатын кеңге жайды. Есілдің екі беті қайнаған тірлік. Оң жағалау ескі тарих, қазыналы шежіре болса, сол жағалау ертеңге ұм­тылған, болашақтың бейнесі іспет­ті. Тіпті қала халқының тең жартысы сол жағалауды мекендейтіндей көрі­неді кейде. Мұнда астаналықтар мен барлық қазақстандыққа жоғары дең­гейде түрлі медициналық көмек көр­сететін заманауи орталықтар көп ор­на­ласқан. Ұлттық нейрохирургия, Кар­дио­логия, Онкология, Ана мен бала, Республикалық диагностикалық орталық сынды клиникалар қатар түзегенімен, тұр­ғындарға арналған кәдуілгі қалалық емхана біреу ғана. Бұл – №9 қалалық емхана. Сондықтан да есігі бір жабылмайды, тіркелгендердің де саны көп, қаралушылар да бір толастамайды. Ал диагностика бөлімшесі пациенттердің диагнозын анықтауда қарапайым талдамалардан бастап, күрделі зерттеулер жүргізеді. Алма Саятқызы – осы жұмысты реттейтін, пациенттердің табанынан тозбауына мүдделі жан.

«Мамандығыма разы адаммын, әр сырқатқа көмектесіп, олардың алғысын алудан ләззат аламын. Қарағанды мед­институтының 2-курсында оқып жүр­генбіз. Перзентханаға практикаға барып, алғаш шарананың шыр еткен сәтін көргендегі толқынысым өмірі есімнен шыққан емес. Бала шар ете қалғанда бүкіл денем, жан-дүнием сөзбен жеткізе алмайтын керемет күйге енді. Міне, қуаныш, өмірге адам осылай келеді, ендеше мен гинеколог боламын деп шештім. Сол сәттен бастап мақсатты түрде арнайы акушерлік үйірмелерге барып, өзімді тек соған даярладым. Ал біз оқып жүрген уақытта жалпы емдеуден гөрі, арнайы мамандық, кәсіп иесі болуға қатаң талаптар қойылатын. Соның барлығынан өтіп, беске тапсырып, акушер-гинеколог атандым», дейді кейіпкеріміз.

Бірақ Алма Саятқызы Қарағандыда еңбек жолын бастап, өз жұмысын сүйетін, кәнігі маманға айналғанда Жезқазған қаласына қоныс аударыпты. Сондағы денсаулық сақтау басқармасындағылар «Бізде акушер-гинекологтер бар, ал қат маман – онкогинеколог» деп оны қиындығы мен алғысы мол жаңа салаға бағыттады.

«Бақытыма орай Нескен Асанқызы Бейсен­баева сынды тәжірибелі онкогинекологпен жұмыстас болдым. Сол кісіден көп дүние үйрендім. Бізде ол кездегі мединституттағы сабақ та, Қарағандыдағы қалалық перзетханадағы жұмыстағы орта да орыс тілді болатын. Ал Жезқазғанда өзгеше, мұнда мен қазақы қарым-қатынасқа, әріптеспен, пациенттермен қазақша сөйлеуге төселдім. Онкогинекологтің адам тіршілігін ұзар­ту­дағы жанкештілігін бастан кешіріп, 1988 жылдан бастап 2002 жылға дейін осы бағытта аянбай еңбек еттім. Өмірлік бір мектептен өттім десем болады. Облыс жабылғанда өзім бір кезде білім алған ордама келіп, студенттерге сабақ бердім. Қазір сол кезде алдымнан өткен жас­тар – білдей мамандар. Елордаға көшіп келген соң 2008 жылдан бастап Астана қаласында қоғамдық денсаулық саласына бағыт бұрып, қызметімді шыңдадым. Осы күнге дейін медицина саласындағы жалпы еңбек қызметім 35 жылды құрайды екен. 2016 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталдым», деді А.Саятқызы.

«Дәрігер болу үшін адамға ең бас­ты­сы не қажет, қандай қасиеттер болуы керек?» деген сауалға кейіпкеріміз: «Ең бірінші осы ма­ман­­дыққа деген үлкен махаббат болу қажет. Сонымен қатар осы мамандықты таңдаған әр дәрігерде жауапкершілік, күйзеліске қарсы тұру, зейінділік, шын­шыл­дық, әр науқасқа қатысты кәсіби дұрыс шешім қабылдау қабілеті болу керек. Кәсіби дұрыс шешімнің артында адам өмірі тұр. Жүз рет ойланып, мың рет толғанып, біліміңді жетілдіре жүріп, әр уақытта миыңның түкпіріндегі білімің мен тәжірибеңді басшылыққа алып, пациентке көмектесу керек. Ең бастысы осы шығар. Ал қазіргі жұмыстағы басты міндетім – бөлімнің тынысын дұрыс бағытта ұйымдастыру, дәрігер және науқас арасындағы шешіл­ме­ген мәселелердің шешімін табу әрі дәрігердің мүддесін қорғау, сонымен қатар әкім­шілік тапсырмалардың уақ­тылы және нәтижелі орындалуын қада­ға­лау» деп жауап берді.

Тәжірибелі дәрігер басшылығымен жұмыс істеп жатқан бөлімшедегі әр есік­тің алды бос емес екен. Алайда таблода жанған нөмір бойынша кезегімен кіріп, кейде ойлы жүзбен, кейде алғысын айтып шығып жатқан пациенттерге қарап ойланады екенсің. Жабығып шыққандар жазылып кетсе, ал қуанып шыққандар қайта қаралып, емхана табалдырығын аттамаса дейсің.