Білім және ғылым министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен өткен қазақ тілін насихаттауға бағытталған «Мен қазақша сөйлеймін» республикалық акциясының І кезеңі бойынша еліміздегі оқыту тілі қазақ тілі емес орта мектептердің 5-8-сынып (тек этнос өкілдері) арасында қазақ поэзиясынан үзінділер оқу іс-шарасы өз мәресіне жетті.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бір сұхбатында: «Біз қазақ тілін жақсы білетін өзге ұлт өкілдерін қолдауымыз керек. Оларды Парламентке, өкілетті органдарға сайлап, мемлекеттік қызмет жүйесіндегі жоғары лауазымдарға тағайындап, мемлекеттік наградалармен марапаттап отырғанымыз дұрыс. Мұндай азаматтар қазақ тілінің деңгейін ұлтаралық қолданыс дәрежесіне көтеруге көмектеседі», деген болатын.
Кейінгі уақытта өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілін үйренуге деген құлшыныс жылдан-жылға артып келеді. Оған жыл сайын өтіп келе жатқан осы акция дәлел.
Байқауға еліміздің 16 өңірінен құрамы 22 этнос өкілдерінен тұратын 326 адам қатысты. Қазылар алқасының сараптауы нәтижесінде дарындылар марапатталды. Мұқағалидың «Туған жерге» өлеңін мәнерлеп жатқа оқыған Алматы облысы Қарасай ауданындағы А.С.Пушкин атындағы орта мектептің 7-сынып оқушысы Луиза Шарипова ең көп лүпіл жинап (2045), акцияның көш басынан көрінді. Оқушылармен қатар олардың қазақ тілі мұғалімдерінің еңбектері де ескеріліп, Тіл саясаты комитеті төрағасының Алғыс хаты тапсырылды.