Сыбайлас жемқорлық деректерін алдын алу және болдырмау мақсатында Маңғыстау облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасында комплаенс қызметі енгізілді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бұл туралы «Antikor» орталығында өткен эфирде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жұмабаев айтты.
Енді комплаенс қызметінің шеңберінде басқармада сыбайлас жемқорлық деректерін болдырмау шаралары тұрақты жүргізіледі. Одан бөлек, Дене шынықтыру және спорт басқармасына бағынысты мекемелерге сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шаралары аясында семинар, тренингтер өтеді.
«Бұдан бөлек, басқарманың алдында 2021 жылы облыста спортпен шұғылданушылар санын 35,4%-ға жеткізу межесі тұр. Сондай-ақ ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес, Маңғыстауда жыл соңына дейін 30 спорт түрінен 60 секция ашылады.
Мемлекет басшысы өткен жылғы жолдауында бұқаралық спортқа, дене тәрбиесіне және балаларға басымдық беру керегін, сонымен қоса, әр облыста, ірі аудан орталықтарында спорт үйірмелерін ашу қажеттігін айтқан болатын. Осыған сәйкес, облыс әкімінің бақылауымен жарты жыл ішінде Маңғыстауда 17 спорт түрінен 39 үйірме ашылды. Үйірмелерге қазіргі таңда 2 893 бала қатысып жатыр», деді Қанат Қошқарбайұлы.
Қанат Жұмабаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында облыста 24 спорттық шара өткізу жоспарланғанын да атап өтті.