Әуелі кешкі сағат 19:00-де Венгрия мен Франция құрамалары күш сынасады. Ал 22:00-де Португалия мен Германия шеберлік байқасса, түнгі 01:00-де Испания мен Польша кездеседі, деп жазады Egemen.kz.
Венгрия – Франция
Кезекті ойын күнінің алғашқы матчы Венгрияда өтеді. Мбаппе бастаған жігіттер әйгілі Пушкаштың отандастарынан емтихан қабылдамақ. Бұлай деуіміз бекер емес. Франция дәл қазіргі әлем чемпиондары. Оның үстіне, командадағы бүкіл футболшы «сен тұр, мен атайын» деп тұрған жұлдыздар. Сондықтан матчтағы басты фавориттер де француздар.
Статистикаға көз жүгіртсек, таразы басы Венгрия жақта екенін аңғарамыз. Бүгінге дейін екі команда 25 рет кездессе, Мажарстан 14 мәрте жеңіске жеткен. Үш ойын тең аяқталса, 8 ойында француздардың мерейі үстем болған.
Әйтсе де, мажарлар жеңістерінің бәрі өткен ғасырға тиесілі. Соңғы рет құрамалар 2005 жылы кездесіпті. Аталған ойында Зидан бастаған жігіттер Венгрияны 2:1 есебімен ұтты.
Әрине, венгрлер де қарап қалмасы анық. Ойын өз елінде өтетіндіктен, мажарлар барын салады. Оның үстіне, өткен турда олар ұтылып қалды. Сондықтан абыройды сақтап қалу үшін ең болмаса тең түсу қажет.
Португалия – Германия
F тобындағы екінші ойын Португалия – Германия арасында өтеді. Бұл матч әсіресе немістер үшін маңызды. Бірінші турда бунтестим Франциядан 0:1 есебімен ұтылып қалды. Алда-жалда бұл ойында жеңіліп қалса, дүбірлі додамен қоштасуы әбден мүмкін. Сондықтан Йоахим Левтің командасы барын салады.
Португалия да үш ұпай артық етпейді. Еуропа чемпиондары биыл өз атақтарын қорғап қалуды көздейтіні анық. Оның үстіне, команда да 4 жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда өскен. Яғни, дәл қазір Португалияның нағыз жұлдызды шағы.
Бүгінге дейін екі команда өзара 10 ойын өткізді. Немістер 6 мәрте жеңіске жетсе, 3 ойын тең аяқталды. Бір ғана матчта Португалия айласын асырды. Оның өзі сонау 2000 жылғы Еуро додада болған еді.
Бүгінгі матчқа бундестим сапынан Лукас Клостерманн, Маттиас Гинтер, Йонас Хофманн жарақатына байланысты қатыспайды.
Айтпақшы, таяуда Португалияның жұлдызы Криштиану Роналдудың инстаграмдағы фоллоуерлерінің саны 300 миллионнан асты. Бұған дейін ешкім мұндай деңгейге көтерілмеген еді. Мұның өзі КриРо-ның танымалдығын көрсетсе керек.
Испания – Польша
Турды Испания мен Польша қорытындылайды. Қай-қайсына да ұпай ауадай қажет. Бірінші турда Луис Энрике шәкірттері Швециямен тең түскен. Кеше скандинавтар Словакияны жеңіп, бірінші орынға шығып кетті.
Ал Польша бірінші турда Словакияға есе жіберді. Алда-жалда Испаниядан ұтылып қалса, келесі турға шығуы екіталай. Сондықтан алдағы матч не бел, не белбеу кететін ойын болмақ.
Бүгінгі дейін командалар 12 мәрте күш сынасты. 8 ойында Испания футболшыларының мерейі үстем болды. 3 мәрте Польша жеңіс тойын тойласа, бір ғана матч тең аяқталды. Соңғы рет командалар 2010 жылы кездесіп, пиренейліктер 6:0 есебімен тас-талқан еткен-ді. Сол кезде алаңға шыққан футболшылардан Роберт Левандовский мен Камил Глик қана қалды. Аталған матчқа қатысқан Серхио Бускетс коронавируспен ауырғанына байланысты ойынға қатыспайды.