Әлеуметтік желілерде жергілікті жұрт картоп қымбаттағанын жарыса жазып жүр еді. Енді эпидемиялық ахуалдың жақсара түсуіне байланысты осы сенбіден, яғни 19 маусымнан бастап облыс орталығында ауылшаруашылық жәрмеңкесінің өткізілуіне рұқсат етілді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, өңірдің індеттің таралу барысын зерттейтін зертханалары 520 212 ПТР тест өткізген, оның ішінде тәулігіне 2 мыңға жуық зерттеу жасалып жатыр.
Бұған дейін «сары аймақта» болған өңірімізде індет жұқтыру көрсеткіші күн сайын азая бастаған. Апталық өсім де кеміген. Бұл туралы Өңірлік коммуникация қызметінде өткен брифингте облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті.
Мысалы, 1-7 маусым аралығында 405 адам індет жұқтырса, 25-31 мамыр аралығында бұл көрсеткіш 590 болған. Ал апталық өсім көрсеткіші 1,6 пайызға төмендеген. Успен, Павлодар, Баянауыл, Тереңкөл, Май және Ертіс аудандары «жасыл аймақта», Павлодар, Екібастұз, Ақсу қалалары мен Шарбақты ауданы «сары аймақта» болса, Ақтоғай мен Железин аудандары әзірге «қызыл аймақта» қалды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Айдар Сейітқазиновтің сөзінше, облыста 575 науқас стационарда ем қабылдауда. Инфекциялық орындардың жүктемесі 27 пайызды, жан сақтау бөлімдерінің жүктемесі 12 пайызды құрайды.
«Биыл 1 ақпаннан бастап өңірге вакцинаның алғашқы компонентінің 116 635 дозасы жеткізілген. Екінші компоненттің 74 315 дозасы түскен. Қазір өңір тұрғындарына Спутник V, QazVac және Hayat-Vax вакциналары егілуде. Вакциналау шарасын жүргізу үшін медициналық мекемелерде 103 егу кабинеті жұмыс істейді. Сауда орындарында жылжымалы бөлімше мамандары тұрғындарға екпе салуда. Аймақта вакцинаның алғашқы компонентін 88 631 адам алса, 46 307 адам екінші компонентті қабылдады. Оның ішінде 70 мыңнан аса адам Спутник V вакцинасын алған. Маусым айының ортасында ресейлік вакцинаның алғашқы компонентінің 50 мыңға жуық данасы келеді», дейді А.Сейітқазинов.
Жыл басынан бері өңірде көпшілігі созылмалы сырқат түрлерімен ауырған 109 адам індеттен көз жұмған. Тіпті екпе алған 50-ге жуық адам қайтадан індет жұқтырып алған. Бірақ олардың ағзаларындағы індет жұқтыру барысы жеңіл түрде өткен.
«Иә, Спутник V вакцинасының алғашқы компонентін алған адамдардың ішінде індет жұқтырғандар кездесті. Олар екпе алу кезінде симптомсыз белгісіне шалдығуы мүмкін немесе індет жұқтырған науқастармен байланыста болғандар. Өңірде 70 мыңнан аса адам екпе алған. Өкініше қарай, бұл – өте төмен көрсеткіш», деді А.Сейітқазинов.
Ал «жасыл аймаққа» өткеніміз жайлы облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев мәлім етті. Қазіргі кезде өңірде 37 адамның індет жұқтырғаны анықталса, оның 10-ы симптомсыз түрімен ауырған.
«Өңіріміздің «жасыл аймаққа» енгеніне қазір бір аптадай уақыт өтті. Бірақ эпидемиялық жағдай әлі де күрделі деп айтуға болады. Сақтану қажет. Тұрғындар адам көп жиналатын орындарда әлеуметтік қашықтықты сақтап, медициналық маска тағуы керек. Өйткені жағдайдың жақсаруы жұртшылықтың сақтану әрекетіне тікелей байланысты. Эпидемиялық ахуал алдағы бір апта көлемінде бақыланады. Егер індет жұқтырушылар саны азая түссе, карантин шаралары да жеңілдетіледі», дейді Б.Әлиев.
Яғни карантин шаралары жеңілдейтін болса, қоғамдық тамақтану орындарының қызмет көрсету уақыты ұзартылып, мекеме қызметкерлерінің 70 пайызы дәстүрлі жұмыс форматына көшеді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір өңірімізге вакциналардың жаңа партиясы жеткізілді, бұл – СпутникV вакцинасының бірінші және екінші компоненттері. Нақтырақ айтқанда, бірінші компонентінен 12 150 доза, екіншісінен 25 435 доза келді.
Басқарманың емдеу бөлімінің басшысы Айгүл Мұқышева атап өткендей, бүгінде 18 жастан асқан облыс халқының жалпы санының 16,5 пайызы екпенің бірінші компонентін, ал 9,9 пайызы екеуін де салдырып үлгерді.
«Болжамдарға сәйкес вакциналау қыркүйекте аяқталуға тиіс. Сол кезде облыс халқының 60 пайызы екпе алып шығуы керек, яғни індетке дейінгі тіршілікке қайта оралу үшін ұжымдық иммунитет қалыптасуы қажет. Бірінші кезекте тұрғындар екпе алуда неғұрлым белсенділік танытса, соғұрлым вакциналау уақыты жылдам аяқталады», деді А.Мұқышева
Медицина қызметкерлері мен барлық деңгейдегі әкімдер жергілікті жерде індет таралмауына байланысты қауіпсіздік шараларын жүргізуде. Бұл мәселе облыстық әкімдіктің жедел штаб отырысында апта сайын талқылануда. Сондықтан тұрғындар арасында дүрбелең туындамас үшін екпе салдыратын орындар туралы ақпарат дер кезінде таратылуы керек. Қалалар мен аудандардың әкімдеріне барлық егу пунктін аралап, олардың жұмысын үздіксіз бақылайтын тұрақты топтар құру тапсырылды.
Павлодар облысы