Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында Ақмола облысының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баспасөз конференциясын өткізді.
Алға қойған асқаралы міндеттерді және дағдарыстан кейінгі дамудың басымдыққа ие бағыттарын жүзеге асыра отырып, өңір қатерлі қауіп – жаман тұмаудың әсерінен туындайтын қолбайлауға қарамастан дамудың серпінін сақтап қала білді. Биылғы алғашқы бес айдың қорытындысы көңіл тоғайтарлық.
Экономикалық белсенділікке демеу болып отырған инвестиция екені белгілі. Жыл басынан бері өңір экономикасына 100 млрд теңгеден аса инвестициялық қаражат бағытталды. Бұл көрсеткіш өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 16,5 пайызға көп. Оның ішінде денсаулық сақтау саласына құйылған қаражат көлемі 7,3 есеге артты. Мұндай оң сипат ақпарат пен байланыс, ауыл шаруашылығы, демалыс және білім салаларында да бар. «Бизнестің жол картасы – 2025» және «Еңбек» бағдарламаларының шеңберінде шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілуде. Өткен жылғы сәйкес мерзіммен салыстырғанда 28 пайызға өсім бар. Есепті кезең ішінде «Бизнестің жол картасы» бойынша жалпы көлемі 1,7 млрд теңге болатын 500-ден аса жоба қолдау тапты. Бір айта кетерлігі, өңірлік бизнес «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасына белсене қатысады. Осы жылы 9,2 млрд теңгенің 47 жобасы қаржыландырылды. 1 300 жаңа жұмыс орны ашылды. Азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге және жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылуда. Бағдарламалардың жүзеге асуы барысында 10 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны ашылмақ, 20 мыңнан аса адамға әлеуметтік төлем төленді.
Бүгінгі таңда бағаны тұрақтандыру – айрықша маңызды мәселе. Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін жергілікті тауар өндірушілерге 1,1 млрд теңге несие берілді. Облыс орталығында Kokshе market әлеуметтік павильондар желісі кеңейтілуде. Ондағы тауар базар бағасынан 10-15 пайызға арзан. Аймақта әлеуметтік маңыздағы азық-түлік тауарларының 28,4 мың тонна қоры бар.
Облыс негізінен ауыл шаруашылығы аймағы болып саналады. Диқандар әр жыл сайын 2 млн тоннадан аса астық өнімдерін 30 алыс және жақын шетелге экспортқа шығаруда. Биыл 4,5 млн гектар жерге астық және майлы дақылдар тұқымы егілді. 21 мың гектар алқапқа картоп тұқымы сіңірілді. Картоп егу көлемі 6,2 мың гектар алқапқа кеңейтілді. Суармалы жер көлемі де жылдан-жылға артып келеді. Барлық суармалы жер көлемі 30 мың гектарды құрап отыр. Облыс диқандары 70 млрд теңге мемлекеттік қолдауға ие болды. Есепті кезеңде 96,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырған 14 пайызға көп. Аймақта ірі қара саны да көбейіп келеді. Малсақ қауым 545 бас мал бағып отыр. Бұл орайдағы өсім 3,2 пайызды құрайды. Қой, ешкі саны да 3,5 пайызға көбейіп, 740 мыңды құрады. Жылқы саны да 7,5 пайызға өсті. Құс саны 9,5 млн-ға жетті. Жыл басынан бері ет өндіру бағытындағы 112 жоба жүзеге асырылды. 19 тауарлы сүт фермасында 4 мыңнан аса мал сауылуда. Есепті кезең ішінде 23 етті бағыттағы мал фермалары құрылып, 1,2 мың бас мал бағып отыр.
Өңірде тұрғын үй құрылысы саласында да оң мысалдар бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы жүзеге асырылғалы 1,6 млн шаршы метр тұрғын үй салынды. 14 мың отбасы пәтер мәселесін оңынан шешті. Биыл 655 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделуде. Сол кезде тағы да 5 мыңнан аса ақмолалық қоныстойын тойлайды. Мемлекеттік инвестиция есебінен 3 161 пәтерлік 71 көпқабатты тұрғын үй салынуда. 34 көпқабатты тұрғын үй биыл пайдалануға беріледі. Әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасыларға 551 жалға берілетін пәтер ұсынылса, 179 көпбалалы отбасын баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Бүгінгі таңда жол мәселесіне де жіті көңіл бөлінуде. Осы жылы 700 шақырымнан астам жергілікті маңызы бар жолдар жөнделеді. Сапалы жол көлемі 82 пайызға артады. 430 шақырым ауылдық жерлердегі жол жөндеуден өткізіледі. Жергілікті маңыздағы жол мен елді мекендердегі көшелерді жөндеуге 36,3 млрд теңге қарастырылып отыр. Соңғы 3 жыл ішінде 1 300 шақырым жергілікті маңыздағы жол жөнделді. Биыл сумен жабдықтау жүйелерін салу және жөндеу бағытында 38 елді мекенде тиісті жобалар жүзеге асырылмақ. Жобаларға 9,5 млрд теңге қарастырылып отыр. 7 мың ауыл тұрғыны орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілмек. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету жұмысы жалғасуда. Аршалы және Целиноград аудандарының 20 елді мекені бірінші кезекте газбен жабдықталады. 2021-2023 жылдарға республикалық бюджеттен осы бағыттағы 13 жобаны қаржыландыру үшін 14,4 млрд теңге қаражат қарастырылып отыр.
Өкінішке қарай, өңірде бірқатар экологиялық мәселелер бар. Әкімдік салалық министрліктермен бірлесе отырып 2024 жылға дейін орын алып отырған жағдайды жақсарту үшін Жол картасын әзірледі. Қатты тұрмыстық қалдықтардың 7 жаңа полигоны салынып, Щучинск-Бурабай курортты аймағындағы көлдер тазаланады.
Пандемия кезінде аудандық ауруханалар 11 жылжымалы диагностика кешенімен жабдықталды. Өткен жылы 4 жаңа денсаулық нысаны пайдалануға берілді. Облыс орталығында 630 орындық жаңа заманғы көпсалалы аурухананың құрылысы аяқталуға таяу. Бұл орайда да қыруар жұмыс атқарылды. Жаман тұмау жайлаған кезеңде білім беру саласы қиыншылықтарға қарамастан нәтижелі жұмыс істеді. Үш ауысымды мектептердің мәселесі түбегейлі шешіледі. Жыл соңына дейін 4 мектепті пайдалануға беру көзделуде. Жібек жолы, Жалтыркөл, Шұбар елді мекендерінде әрқайсысы 900 орындық үш ауыл мектебі салынады.
Ақмола облысы