Еліміз этносаралық және конфессияаралық келісім тәжірибесінің өзіндік үлгісін қалыптастыра отырып, толеранттылық және мәдениетаралық диалог мәселелері төңірегіндегі игі бастамаларды халықаралық деңгейге шығара білді. Осының нәтижесінде саяси тұрақтылық, қоғамдағы этносаралық және конфессияаралық татулықты орнату жөнінен әлемдік қоғамдастық тарапынан оң бағаға ие болды.
Былтыр аталып өткен Ассамблеяның 25 жылдығы біртұтас Отанымыздың және балаларымыздың болашағын Қазақстан халқы бірге қалыптастырып жатқанын көрсетті. Бірге өмір сүре отырып, біз бір-бірімізді рухани тұрғыдан байыта түсеміз. Халқымыз татулық пен келісімнің бірегей саясатымен, достық негіздегі көршілестікке бейімдігімен, тұрақтылық пен тыныштыққа ұмтылысымен мақтана алады.
Бүкілқазақстандық бірліктің бірегей моделін қалыптастыруда, әсіресе, Қазақстан халқы Ассамблеясы маңызды рөл атқарады. Ассамблея осы жылдар ішінде елдегі этностарды жақындастырды, әрбір мәдениеттің озық үрдістерін көрсетті. Бір қарағанда әр этностың дәстүрі бір-біріне ұқсамағанымен, олардың түпкі мәні бір.
Қостанай өңірінде 17 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олардың жанында 9 этностың тілін оқытатын жексенбілік мектеп, 10 шығармашылық ұжым, 6 «Жастар қанаты» жұмыс істейді. Жастардың арасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бағытында практикалық іс-шаралар, волонтерлік пен ағартушылық қызметтер жүргізілуде.
Осы бағытта облыстың жоғары оқу орындары мен колледждерінде «Мектеп медиациясы және халық дипломатиясы» жобасы шеңберінде кездесулер тұрақты өткізіледі.
Ассамблея өңір жастарының патриоттық рухта өсіп-қалыптасуына ықпал ететін тәрбиелік, тарихи-танымдық мәні бар жобаларды жүзеге асыруға баса мән беріп отыр. Солардың бірі – «Қазақтану» жобасы. Ол өзге этностарға қазақ елінің тарихын, ұлттық болмысын, салт-дәстүрі мен ана тілін танытады. Бір сөзбен айтқанда, елді біріктіретін ұлттық бірегей жоба. Ерекше бастама. Өйткені еліміздің болашағы жастардікі, қоғамдық сананы жаңғырту бірінші кезекте жас ұрпаққа қатысты. Осыған орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысы аясында құрылған «Жаңғыру жолы» волонтерлер қозғалысы орталығы еріктілерінің саны жылдан-жылға артып келеді. Жастардың бұл саладағы жұмыстары қоғам игілігіне бағытталып отыр.
Алғыс айту күнін мерекелеу қарсаңында «Жаңғыру жолы» РЖҚ мүшелері мен Қостанай облысы ҚХА жанындағы Волонтерлер қозғалысы орталығының еріктілері қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерінің ауласын қардан тазалап берді. Қайырымдылық шарасы аясында 170-тен астам аула қар құрсауынан тазартылды. «Туған елге мың алғыс!» республикалық челленджіне белсене атсалысты. Өңір жастары Birge – taza Qazaqstan, «Игі істер марафоны», «Қайырымдылық керуені» акцияларына да қатысады.
Облыстық ассамблея биыл ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығына, Семей ядролық полигоны жабылуының 30 жылдығына және басқа да маңызды мерейтойларға арналған ағартушылық бағыттағы іс-шараларды қолға алмақ. Мәселен, маусым айында Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толуына арналған «Даму тарихынан бастап жабылғанға дейін – Семей ядролық полигоны» ғылыми–білім беру экспедициясы ұйымдастырылады.
Наурыз мейрамын мерекелеу аясында Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы Достық үйінің Instagram-дағы ресми сайтында 9 сериялы көркем фильм жариялады, оның әр сериясы белгілі бір мереке күніне арналған.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап көрсеткендей, Ассамблеяның басты міндеті –этносаралық келісімді сақтап қана қоймай, қоғамдық келісімді нығайтуға үлес қосу. Осы орайда, облыстық ассамблеяның ғылыми-сараптамалық тобы, Қоғамдық келісім кеңесі, Аналар кеңесі, Медиация кеңесі мүшелері 1-ші тоқсанда бейінді мамандарды тарта отырып, онлайн форматта кәсіпорындар, шаруа қожалықтары, білім беру, денсаулық сақтау салаларының қызметкерлерімен және ауыл тұрғындарымен кездесті.
Жалпы, Қостанай облысында 1 облыстық, 20 қалалық және аудандық, 210 ауылдық – барлығы 233 Қоғамдық келісім кеңесі жұмыс істейді. Мұның сыртында, облыстағы ірі кәсіпорындар Соколов-Сарыбай кен байыту бірлестігі мен «Қостанай минералдары» АҚ-да 2 қоғамдық келісім кеңесі бар. Қазақстан халқы Қостанай облыстық ассамблеясы ғылыми-сараптамалық тобының құрамындағы өңірге белгілі ғалымдар мен сарапшылар этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған сан түрлі іс-шараларды жыл бойы өткізіп келеді.
Осындай белсенділіктің арқасында еліміз үшін атаулы даталар мен мерекелер лайықты аталып өтіп келеді. Әсіресе, тарихи әділдікті қалпына келтіруде ҚХА-ға жауапты міндет жүктеліп отыр. Бұл бағытта облысымызда іс жүзінде ақталмаған саяси қуғын-сүргін құрбандары санаттарының тізімін анықтау жұмыстары басталды. Комиссия 3 ай мерзім ішінде ақталмаған 104 адамның тізімін анықтады. Мәселен, 1929 жылғы Батпаққарадағы көтеріліске қатысқан 327 адамның тізімі белгілі болып отыр. Бұл тізімдегі көтеріліске қатысқаны үшін ату жазасына кесілген 25 адамның ақталғандығы туралы деректер жоқ. Сондай-ақ репатриацияланған, бірақ ақталмаған немістер туралы, дүние-мүлкі тәркіленіп, жер аударылған 78 бай мен болыстың тізімі жасақталды. Бұл тізім тарихшы-ғалымдарға беріліп, олар өз кезегінде архивтерден осы азаматтар туралы деректер мен құжаттарды іздестіретін болады.
Қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды жаппай жерлеудің 4 орны тарихшы-ғалымдардың көмегімен анықталды (үшеуі Қостанай қаласында, біреуі Қостанай облысында). Қостанай қаласының аумағында корейлердің жерленген тағы бір орны бойынша мәліметтер жинау жұмыстары жүргізілуде.
Бұл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында көтеріліп отырған өте жақсы бастама болып отыр. Бүгінгі таңдағы басты міндетіміз – тарихымызды түгендеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, жас ұрпаққа өзара түсіністік пен бірліктің қалыптасқан дәстүрлерін жеткізу.
Қаламқас САНДЫБАЕВА,
Қостанай облысының «Қоғамдық келісім» КММ басшысы